Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бояулар сөйлегенде... - АРҚА АЖАРЫ

Бояулар сөйлегенде…

Ақ селеулі, көделі боз даланың бетінде жермен жексен болған, бауырлай шапқан пырақ жүйткіп келеді. Бетегелі төбелер, қанша шапса да таусылып бітпейтіндей көрінетін боз дала саздауыт жерге кіршілдей қадалған шымыр тұяқтардың астында жұлдыздай зымырап ағып бара жатқан сияқты. Жылдамдығына көз ілеспестей. Жайдақ мінгенімен, жылқының жалымен бірге құйылғандай алға қарай сәл ұмсынған Сері беймәлім бағытқа бет алған. Тек алды шымқай ашық, сәулеле жарық емес, қоңырқай. Қоңырқай да емес, жанарың іліккенде тұла бойыңды сұп-суық әлдебір леп қаритындай суық, аязды леп, долы жел есіп тұрғандай.
Жер танабын қуырған жүйріктің құйынперен шабысы жылдамдық болуы әбден мүмкін. Алдына қылқұйрықтыны салмаған, тіпті үзеңгі қағыстырмаған Құлагердің жылдамдығы емес, қызылды-жасылды қызығына тойдырмай тез өткен, тым тез өткен өмірдің жылдамдығы тәрізді. Ендігісі көңіл құлазытар қоңырқай сурет. Аспан жүзін толық құрсаулаған қоңыр, қарақошқыл шымылдықтың бетіне қызыл жалқын бояу түсетін емес. Тіпті, иненің жасуындай сыздықтаған сәуле білінбейді. Бұл енді сол бір дәуірдің ақын жанын мұңайтқан, әзіз арманын тұйықтаған замананың көрінісі шығар-ау.
Жұлдыздай аққан өмір. Басы сайран, соңы ойран болған қайран да қайран тіршілік. Әуел баста Алаштан ән оздырған, өнеріне табындырған ғажайып сұлу өмір еді. Енді міне, аттанар жағы да, қамшылар жағы да қараңғыға таяу, тұмшалаған сұрқай көрініс.  Жаратқан ие маңдайына мың сан бояулар арқылы көзі ашық, көкірегі ояу жұртқа ой салу бақытын, бәлкім азабын жазған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дужан Нұроллаұлы «Күн тұтылу» деп аталатын суретін бір демде салып шыққан. Басты кейіпкері Алаштың аяулы ән өнеріне мәңгі өлмес мұра қалдырған Ақан серінің қияпат тағдыры.
Осы бір майлы бояумен кенепке салынған суретке қараған жан ұлы талант иесінің талайсыз тағдырын ұғар еді. Алпыс екі тамырыңдағы ыстық қан атойлап, шабыты шамырқанған сәтте жарық дүниені әсем әнімен әлдилеген Серінің тағдыры. Онда да қилы-қилы қияпат оқиғалардың арасында тағдыр талайы маңдайына жазған мың сан ауыртпалықты көтеріп жүріп, күн кешкен ерен талант иесінің ерекше бітімі. Бәлкім, әнебір түксиген, құшақ-құшақ өлі қаулар сол заманда атқа мінген, ел басқарған, адамдардың тағдыр жібін қолында ұстаған аз ғана қауымның қырау қатқан қабағы тәрізді. Пырақ иесінің тақым қағуымен бет алған беймәлім болашақ енді қалған пенде ғұмырдың сәулесі аз, жылуы жарытымсыз, қуанышы кем, есесіне өкініші мол жұрнағы ғана ма екен.  Төл туындыларын тілге тиек еткенде Дужан Нұроллаұлының өзінің жан дүниесіне осы бір сурет тым-тым жақын. Әлде сергелдең болған серінің сезімін ұққанынан ба, жоқ мүмкін, тағдыр талайы тым ащы жаратылған, жаратқан ие өлшеусіз талант дарытқанымен бағы кем, бейнеті мол ғұмырын жақсы түсінгендіктен бе. Қылқаламның ұшындағы сиқырлы сезім сол бір дәуірді, сол дәуірде күн кешкен айрықша жаратылған Алаш ұлдарының соқтықпалы-соқпалы тағдырын бейнелейтіндей.  
Зеренді ауданының Жаңатілек ауылында дүниеге келген Дужан Нұроллаұлы көне тарихи кескіндерді тірілтіп, өңі оңып бара жатқан бейнелерді бүгінгі жамағаттың көз алдына әкелгенді ұнатады. Ұлт тағдыры да, оның бар болмыс-бітімі де өмірдің өкпек желі тоздыра алмаған өткеннің еншісінде жатқан жоқ па?
Облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтын бітіргеннен кейін көркемсурет және графика бөлімінде оқытушы болды. Дужан Нұроллаұлының ойынша талапты жастар аз емес. Бұлақтың көзін ашқандай, тек соның қайнарына қуат беріп, бояудың сырын танытсаң болғаны. Қалай болған күнде де әуел бастағы талант болуы әбден шарт. Қазіргі күні қызмет істеп жатқан Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде де өнері қанат жайып өсіп келе жатқан талапты балалар аз емес. Білім саласын, оның ішінде айрықша бітімді, толайым талантты жастарды тәрбиелеп шығару үшін, жаңа биікке көтеру үшін мемлекет тарапынан қолдау керек-ақ.
– Облыс орталығында менің жан дүниеме жақын ескерткіштер аз емес. Тарихы тым әріде жатқан Алаштың арғы дүниесіндегі жауһардай жарқыраған жақсыларымыздың аты өлмеуі үшін, жақсы кескін-келбеті елдің есінде жүруі үшін ескерткіштердің арқалайтын жүгі жеңіл емес. Айталық, «Көкшетау» мәдениет сарайының жанындағы ән өнерінің жарық жұлдызы Ақан серінің мүсіні жаныма соншалықты жақын. Қарай бергім келеді, көре бергім келеді. Тіпті, тас ескерткіштің өзіне тіл бітіп, қоңыр қаздай қаңқылдап, самал желдей сыбдырлап, жанға жайлы ән салып тұрғандай көрінеді. Қасиетті тұлғаның тас мүсіні де қасиеттен ада емес шығар. Ал, дәл жанындағы Алаштан ән оздырған Біржан салдың бітімін қараңызшы. Өнері мәңгі өлмес асқан талантты, дархан дарынды Біржанның өмірінің соңындағы қайғылы кезең тайға таңба басқандай анық көрініп тұрған жоқ па? Көрініп қана тұрған жоқ, тілсіз тіршіліктің тылсымын ұғатын адамға сыр ұқтырып тұр. Ал, Шоқан ескерткіші ше? Жарық дүниеден құйрықты жұлдыздай ағып өткен айрықша оқымысты, тамаша  талантты Шоқанның ақыл-ой парасаты, кемеңгерлігі мен ғұламалылығы жүзінде тұр. Сәл көтеріңкі кеуде, ақша бұлттар астасқан аспанға көз салған, биікке құмар қырандай жанары жарым дүниені шолған ғалымның тұңғиық ойы, түпсіз білімі, мәдениеті, ішкі жан дүниесінің кіршіксіз тазалығы қалтқысыз көрінеді, – дейді Ақан сері атындағы мәдениет
колледжінің оқытушысы Дужан Мағзұмов.
Кескіндеу өнерінің шебері сыр қылып шерткен әсерлі әңгіме шындықтың шеңберінен шыққан емес. Шынымен адам көзі сан алуан бояуларды көру арқылы мынау жарық әлемнің жақсылығы мен жамандығын таныр еді. Бояудың адам санасына, жалғыз адам ғана емес, он сегіз мың ғаламдағы жандының бәріне тигізер әсері бар. Ағылшындар қауқары тең, қауметі шамалас екі жүйрігін атшабарда екі бөлек бағыпты деседі. Ат қораның бірі қызыл түске, енді бірі көк түске боялған екен. Аламанға ат қосқанда қызыл түсті қорадағысы бірдей бағылған, бірдей бапталған, бірдей жем жеген қасындағы жүйрікке қарасын да көрсетпей кетіпті. Демек, қызыл түстің қан қыздырар, шабыт берер қызуы, көп адам түсіне қоймас кереметі болған ғой.
–Колледждегі табыс аз емес. Біздің оқу орнында өнерлі жастың өресін ашатын бар жағдай тудырылған. Оқу орнының басшылығы да бұл іске аса қамқорлық танытып, жауапкершілік жүгін салмақтап отыр. Әсіресе, дизайнерлер жұмыссыз қалмайды. Осы сала әлденешеге, ал, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде оқыту жүйесі екіге бөлінеді. Бірі – киім үлгісін, жаңа сәндік дүниелерді өмірге әкелсе, екіншілері – әрқилы ғимараттарды әрлендіру, сәні мен салтанатын арттырумен айналысады дейді Дужан Нұроллаұлы,–әртүрлі байқауларға қатысып тұрамыз. Былтыр республикалық «Шабыт» фестивалінде Гран-приге Лолита Хучаева деген оқушымыз ие болды. Оның «Менің замандасым» атты портреті сарапшылар тарапынан жоғары баға алды.
Өзі де заман ағымына сай жарқ еткен жаңалықпен ел еңсесін биіктетер елеулі істерге ұдайы атсалысып отыратын кескіндеу өнерінің шебері Дужан Нұроллаұлы Астана қаласындағы түрік академиясымен бірігіп жасаған жаңа жоба – «Түркі халықтарының өнері» деп аталатын антологиясына елуден астам иллюстрациясын салып берген.  Бойындағы барын, рухани байлығы мен нәрін келер ұрпақтың жанына жұқтырсам деп армандаумен күн кешіп келе жатқан, әлденеше көрме ұйымдастырып, көрерменіне есімі етене танылған Дужан Нұроллаұлының биік мақсаты да жастарды сиқырлы өнерге баулу.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар