Халқымызды әрдайым имандылыққа үндейтін Құрбан айт мерекесінде облысымызда жоғары білімнің қара шаңырағы болып саналатын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де бірқатар діни, мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Мұнда айтқа арнайы мал шалынып, төрт жерде құдайы ас берілді. Атап айтқанда, оқу орнының бас ғимаратында, университет құрамына кіретін Көкшетау ауыл шаруашылығы институтында және студенттер тұратын екі жатақханада айттың бірінші күні қаншама адам осы игілікті шараға шақырылып, басшылықтың дініміз бен ділімізге, тілімізге деген шынайы құрметінің куәсі болды.
Бас ғимаратта берілген асты университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы кіріспе сөзбен ашып, Құрбан айтының діни мейрам ретіндегі мән-маңызына, ислам дінінің қадір-қасиетіне кеңінен тоқталып өтті. Ал, әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректор Аманай Сейітқасымов бүгінгі ізгілікті шараға шақырылып отырған қонақтарға қарата, осы арада бірнеше ұрпақтың өкілдері, атап айтқанда, оқу орнының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан және әлеуметтік жағынан аз қорғалған, дін жолында жүрген студенттердің бастары қосылып жатқанын тілге тиек етті.
Мәнді де мағыналы шара барысында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин көпшілікті ұйытып тағылымды уағыз айтып, өнерпаздар ән-күйден шашу шашты. Сөйтіп, мазмұнды отырыстан үлкендер бір серпіліп қалса, жастар жағы өнегелі тәлім алып, Құрбан айтының қадір-қасиеті асқақтай түсті.
Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің ұжымы жалпы жамағат үшін қасиетті Құрбан айт мейрамында иманды шара өткізді.
«Ақ ниет» дәмханасында 150-ге жуық колледжде білім алып жатқан оқушыларды жинап ас берді. Олардың негізі бірінші курста білім алушылар. Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің найб имамы Дінмұхамед Сманов алдымен Құрбан айт мейрамына жиналған колледж ұжымына терең мәнді уағыз айтты. Имам өз сөзінде өзге де діни мерекелермен бірге қауым үшін қадірі жоғары, қасиеті асқақ Құрбан айты туралы, оның ерекшелігі жөнінде тереңнен толғап, тұшымды етіп айтып берді.
Сөз арасында күні ертең ел ішінде жұмыс істейтін өнер мен мәдениеттің болашақ мамандарына осындай ізгілікті шараның өткізілуінің мәні зор екендігін айта кеткен ләзім. Колледж директоры Құралай Ыдырысова бастап бірнеше мұғалімдер өз қаржыларына қой сатып алып, құрбандыққа шалып ас беруі әдемі дүние. Оның үстіне мәнді шараға колледжде білім алып жатқан өзге ұлт өкілдері де қатыстырылды. Олар исі мұсылман қауымның инабат иіріміне толы осындай мерекесі бар екендігін көріп, мәніне көңіл бойлатып, тәлімді тәрбие алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.