«Оқжетпестің» өз алаңындағы бұл ойынын жанкүйерлер асыға тосып еді. Өйткені, команданың соңғы ойындардағы сәтті өнері тілеулестерін де қуанта түскен. Кездесуді тамашалауға облыс әкімі, футбол жанашыры Сергей Кулагин де келген болатын.
Алайда, стадионға лық толған жанкүйерлер сенімі ақталмады. «Оқжетпес» турнир кестесінде өзінен кейін тұрған Қостанайдың «Тобылынан» 1:2 есебімен жеңіліп тынды. Ойын басталысымен екі команда да алма-кезек шабуылға шығып, қақпаларға жиі қауіп төндірді. Матчтың 25 минутында оқжетпестік ойыншы Мирас Төлеев есеп ашты. Артынша команда капитаны Әлібек Бөлешевтің соққан добы қақпа бағанасына тиді. Осыған жігерленген жанкүйерлер «Оқжетпес» бұл жолы «Тобылды» ірі есеппен де ұтуы мүмкін-ау деп желпініп еді. Алайда, қостанайлықтар шабуылын жиілетіп, біздің қорғаушылар бірінші кезеңнің аяқталуына 3-4 минут қалғанда Томас Шимковичтің есепті теңестіруіне мүмкіндік берді.
Екінші кезеңде біздің ойыншылардың ойыны өз жүйесін таппады. Допты алға тастаудың орнына, кібіртіктеп, бір-біріне қысқа пас беріп, өз алаңында көбірек жүріп алды. Қорғаушылар да қателесіп, Томас Шимковичтің біздің қақпашыдан тағы айласын асыруына жол беріп алды. Сөйтіп, салы суға кеткен жанкүйерлер «сенген командамыз неге өз алаңында ұтыла береді?» деген әрі-сәрі оймен көңілдері құлазып, үйлеріне тарқасты. Енді сырт алаңда ойнайтын «Оқжетпес» 18 қазанда «Тараз» командасын қабылдайды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.