Облыс әкімі Сергей Кулагин «Достық» мейрамханасында облыс орталығында тұратын ардагерлер қауымын 1 қазан – Қарттар күнімен құттықтап, ел үшін сіңірген еңбектеріне алғыс білдіріп, дендеріне саулық тіледі.
«Қарты бар үйдің құты бар» демекші, өңіріміздің саяси-экономикалық дамуында қарттарымыздың алатын орны ерекше. Әсіресе, жастарды адамгершілік қасиеттерге, патриотизмге баулуда үлгі-өнегені үлкендерден аламыз. Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі осыны айта келе, құрмет белгісі ретінде әр қарияға Алғыс хаты мен елу мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты салтанатты жағдайда табыс етті.
– Құрметті ардагерлер! Өздеріңіздің қоғамдық белсенділіктеріңізбен үнемі бізге сүйеу болып келесіздер. Өйткені, шындықты бұрмаламай, әділдікті тура жеткізетін біздің ақылшымыз осы қарттар. Сіздер барда өткен тарих бар, құт-береке бар. Қазіргі таңда облыс аумағында 105 мыңға жуық зейнеткер тұрып жатыр. Олдардың 194-і Ұлы Отан соғысының ардагері, 8 мыңнан астамы тыл еңбеккері. Баршасына зейнетақылары уақытында төленіп, материалдық көмек көрсетілуде, – деген облыс әкіміне ардагерлер атынан Көкшетау қаласының құрметті азаматы Бүркітбай Батырханов, даңғайыр диқан, Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісов, еңбек ардагері Зура Шуатаева, тағы басқалары өздерін әрдайым елеп, құрмет пен көмек-қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін шексіз ризашылықтарын жеткізді.
Бұл күні шүйіркелесіп, бір жасап қалған қарттар кең дастархан басында ән де айтты, өткен күндерін де еске алды. Жергілікті көркемөнерпаздардың шағын концерттік бағдарламасын тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен үйлеріне тарқасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.