Ақындардың ішінде Көкшені ең көп жырлаған Еркеш Ибраһимнің атында не көше, не бір мәдени орын жоқ…
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында елінің Еркеші, жұртының еркесі атанған, кешегі өткен Ақан сері, Біржан сал, Сәкендердің жалғасындай болған, Көкшенің аяулы ақын ұлдарының бірі Еркеш Ибраһимнің туғанына 85 жыл толуына орай әдеби кеш болып өтті.
Алғашқы бетте облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасеновтың орындауында Еркеш Ибраһимнің сөзіне жазылған «Көкшетау» әні шырқалды. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ақын Төлеген Қажыбай, кезінде ақиық ақын Еркештің көзін көрген, көмейінен жыр төгілген ақын-жыршы Жұмабай Есекеев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, сатирик жазушы Сайлау Көшкенұлы мінберге көтеріліп, жерлес ақын Еркеш Ибраһим жайлы өз естеліктерін айтып, осы мәдени ошақ ортасына айналып отырған кітапханаға Ерекеңнің есімін беру туралы жоғары органдар мен тиісті мекемелерге өтініш жасауды ұсынды. Келесі ретте, әр жылдары жарық көріп, оқырман қауымға жол тартқан қаламгердің жинақтарынан құралған кітап көрмесі назарға ұсынылып, ақын Е.Ибраһим өмірінен естелік бейнефильм көрсетілді. Жиналған қауым алдында Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің бір топ студенттері Еркеш ақынның өлеңдерін оқыды. Кеш соңында қалалық қазақ кітапханасының меңгерушісі Жанар Жұрқабайқызы әдейілеп осы мәдени шараға қатысып, көкейдегі өз ойларын білдірген меймандарға ұжым мүшелері атынан алғыс айтты.
С. КӨШКЕНОВ,
журналист.