Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлт жоспары судьялар жұмысын жетілдіреді - АРҚА АЖАРЫ

Ұлт жоспары судьялар жұмысын жетілдіреді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша ұсынған «100 нақты қадам» атты ұлт жоспары өңіріміздегі судьялар қауымдастығының арасында қызу талқыланып, сот жүйесінің дамуында үлкен серпіліс жасаудың алғышарты ретінде қабылдануда.

Мәселен, 19-қадамда судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, олардың жаңа этикалық кодексін жасау жөнінде айтылады. Яғни, азаматтар судьялардың заңсыз әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алады. Жалпы, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекеттің ең басты белгісі – дау-дамайларды шешуге қауқарлы, әділетті, тәуелсіз сот жүйесі екенін көзі ашық, көкірегі ояу бүгінгі адамдар жақсы біледі. Ал, сот билігінің ең маңызды буыны – судья. Оған адам тағдырына, заңды тұлғалардың мәселелеріне қатысты мемлекет атынан нақты шешім қабылдау құқығы берілген. Бүгінде қоғамдағы әділеттіктің орнауына және тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына осы сала өкілдері де өлшеуіз үлес қосып келеді.  
Судьяның  беделі мен жыл өткен сайын оған қойылар талаптың күшеюі оларды кәсіби тұрғыдан жетіле түсуге, өз ісіне қажетті барлық іскер қасиеттерді меңгеруге, ең бастысы, жоғары моральдық-этикалық қасиетке ие болуға жетелейді. Ол  сот жүйесіне қоғам тарапынан қалыптасқан сенімді нығайту үшін өзінің осы мәртебелі атаққа лайық екендігін ісімен де, мінезімен де дәлелдеп отыруы керек. Бұл – бүгінгі қоғамдағы судьялардың алдына қойылып отырған қатаң талап. Судья өз қызметі барысында әр адамның әділетті шешімге қол жеткізе алатынына кепілдік бере алуы шарт.
Институционалдық реформаның сот жүйесінің мәртебесін бекіту талабы –  биліктің үшінші тармағының беделін көтеру, жоғары білікті судьялық корпусты қалыптастыру бағыты. Міне, үміткерлер жасының отыздан төмен болмауы, сот жүйесінде кем дегенде бес жыл еңбек етуі, оның ішінде іс қарауға тікелей қатысы бар тұлғалар: сот хатшылары, прокуратура мен адвокатура қызметкерлеріне басымдық берілу ұсынысы да көңілге қонымды. Олардың кәсіби қабілеті мен дағдысын тексеру мақсатында ахуалдық тест жүйесін енгізу, шәкіртақы төлей отырып, соттарда бір жылдық тағылымдамадан, сондай-ақ, бір жылдық сынақ мерзімінен өту жөніндегі міндетті талаптар енгізу – оң қабылданған шешімдер деп ойлаймын. Одан әрі судьяға үміткер тұлға кандидатурасы  облыстық соттың пленарлық отырысында қаралады. Оң қорытынды алған жағдайда үміткердің кәсіби біліктілігі сот жюриінің біліктілік комиссиясында бағаланады.  Мұндай қатаң іріктелуден өтіп, әрі қарай кәсіби судьядан тәлімгер тағайындалған жас судья әрине, өзін сенімді ұстап, шешім қабылдауда қателеспейтін болады.
Ал, олардың моральдық бейнесі мен кәсіби этикасына келер болсақ, бұл сұрақ әлемдік судьялар қауымдастығының ең алғашқы кезекке қоятын күрделі мәселесі болып табылады.Тіпті, дамыған батыс елдерінде судьяға қойылар қатаң талап – жоғары моральдық қасиет және кәсіби қабілеті мен дағдысын қалыптастыру болып табылады. Елбасымыз бүгінде сот жүйесінің алдына судья этикасын жетілдіру тапсырмасын қойды. Оның негізінде азаматтар  судьялардың әрекеттеріне сот жюриіне шағымдана алады. Бүгінгі күні еліміздің Жоғарғы соты бұл құнды құжаттың алғышарттарын дайындау үстінде. Онда судьялардың мінез-құлқының стандарттары мен кәсіби этикасы жан-жақты қарастырылмақшы.  
Елбасы жариялаған реформаның шеңберінде сот жюриінің құрамында дербес екі комиссия – біліктілік және тәртіптік комиссия құру мәселесі қарастырылып отыр. Бұл құрылымда жұмыс істеп жүрген судьялармен қатар, отставкадағы судьялардың да болуы көзделген. Біліктілік комиссиясының құзырына судьялардың осы қызметке сәйкестігін бірінші бес жылдан соң, одан кейін он жылдан соң және де жоғары сатыдағы сотқа өтерде тексеру тапсырылды. Тәртіптік комиссия судьялардың тәртіптік жауапкершілігін қарайды. Оған  азаматтардан түскен дәлелденген шағымдар негіз болуы да мүмкін.
Жалпы, сот жүйесі қызметінің ерекшеліктерін есепке алсақ, тараптардың судьяға көңілі толмау деректері мүлдем жойылады деу артықшылық, әрине. Жаңа Кодекс бойынша түскен әрбір шағым толығымен тексеріліп, тек нақты расталған деректер бойынша этиканың бұзылған-бұзылмағаны туралы мәселе қаралады. Ал, тәртіптік жауапкершілікке тартудың сот төрелігін жүзеге асыруға ешқандай кедергі болмауы, судьяның  кәсіби қызметіне кері әсерін тигізбеуі керек.    
Оған қоса, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту – сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шарасы болып табылады. Судья шешім қабылдаған екен, ол сол шешімнің заңдылығы үшін өзі толық жауап беретін болуы керек. Бұл жауапкершілікте оның беделі, лауазымы таразыға, сынға салынады. Қорыта келгенде айтарым, «100 нақты қадам» деп аталған ұлт жоспары еліміздің судьяларының мәртебесін тағы бір биік белеске көтеруге қызмет етеді. Өйткені, біз үшін Елбасымыз бастап берген реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған бірінші кезекті міндет. Меніңше, сот жүйесіне қатысты бұл ауқымды реформаларды іске асыруға әрбір судья ғана емес, сотқа шағымданып келген әрбір азамат тікелей атсалысуы тиіс.  

Алма ЕСЕНЕЕВА,
Ақмола облыстық сотының судьясы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар