Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
АЛАШ АРДАҚТАҒАН АКАДЕМИК - АРҚА АЖАРЫ

АЛАШ АРДАҚТАҒАН АКАДЕМИК

Оқуы орысша, ойы қазақша

Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов десе, елдің есіне ұлтымыздың ауыз әдебиеті түсе қалатыны рас. Бүгінгі күні қазақ ғылымы мен білімінің піріне айналған Сейіт Асқарұлының ана тіліне сіңірген еңбегін бір таразылап қою да керек-ау! Өйткені, ғұлама ғалым болып шықсаң да, ұлтыңа қызмет етпесең, бәрі зая! Ал, ұлтқа қызмет ету ана тіліндегі қарекетке сүйенеді.
Әкесі совет зұлматына ұшыраған соң болашақ ғалым жастай жесір қалған анасымен көне көз нағашысының бауырында жетілді. Нағашысы шындығында да, «бұрынғының адамы» еді, қысы-жазы малды да, ойды да баққан «көкірегі көк сарай» қария еді. Бала Сейіттің кеудесіне ұлт рухының ұялауына осындай халықтық ортада өсуінің зор ықпал еткеніне күмән жоқ. Ал, ауылдан келіп астанадағы (Алматыдағы) айтулы қазақ мектебін үздік бітіруі болашағын ғылыммен байланыстыруына жол сілтеді. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіргенімен, туғаннан өн бойына сіңген қазақы рух ұлттық ғылымға тартып әкетті. Үздік бітіріп аспирантураға қалдырылған жас түлектің бұл ниетін ғылыми жетекшісі Н.Смирнова да қолдады. Орыс жетекшісінен, орыс тілі мен әдебиетінен алған жоғары білімі тілі мен ділі қазақ жас ғалымға көп пайда келтірді. Абай хакімнің айтқаны бар емес пе: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі, олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды». Осылай болды да шықты. Оның орысша оқығанынан орасан зор олжа келді қазаққа. Халел Досмұхамедұлы: «Туған тілді біліп, басқа тілде сөйлесе сүйініш», – дегенді осыған орай айтса керек. Сейіт Қасқабасовтың орыс тіліндегі шеберлігі, ең алдымен, жат тілді жұртқа қазақ рухын танытты, екіншіден, қазақ дейтін ұлтты «бірдейлік дағуаға кіргізді»,  үшіншіден, қазақты орыстың «пайдасына ортақ қылды», төртіншіден, оның еңбектерін оқыған адам отаршылдардың «зарарынан қашық болуға» үйренер еді.
Білетін ғалымдардың айтуынша, Сейіт Қасқабасовтың ғылымдағы болашағы студент кезден танылған. Оның Е.Тұрсыновпен бірігіп жазған «Ертекші Шалқарбай Данылбаев» дейтін мақаласы сол кезде-ақ ғылыми жұртшылықты елең еткізген.
1978 жылы студент кезімде Сейіт Асқарұлының «Казахские волшебные сказки» (Алматы, 1972) деген кітабын оқығаным есімде. Талдау, тұжырым, дәлелдеу сияқты ғылымға аса қажет амалдар тіптен айрықша еді. Мәтін орыс тілінде, әрине. Алайда, кітаптың өн бойында қазақ жанына азық болар аңсарлар асқақ та терең талданғанын түсінген адамдар біледі. Осы монография шыққан 70-жылдардан бастап қазақ рухания-тын, ол туралы ғылымды Сейіт Қасқабасов деген есімсіз елестету мүмкін емес.

Елге танытқан еңбектер

Ғалым кейіннен «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Родники искусства» (1986), «Колыбель искусства» (1990), «Казахская несказочная проза» (1992), «Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» (2003), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2005), «О фольклоре и не только» (2005) «Елзерде» (2008) сияқты ғылыми монографиялар мен зерттеулер кітабын және 300-ден аса зерттеуді жарыққа шығарды, жалпы елдік мәселесіне, ұлт мәселесіне үн қосқан мақалалары мен кітаптары, радио мен теледидарда сөйлеген сөздері сан салалы. «Алтай-Ертіс кітапханасы» айдарымен 2011 жылы «Шығармаларының» 1-томы шыққаны да елеулі оқиға болды. Ғалымның бұл еңбектерінің қай-қайсысы болсын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматты соны соқпаққа салатыны  бір бөлек әңгіме.
Аталмыш еңбектердің әрқайсысында ұлттық мүдденің терең тамырларына ой көзін жіберген ғалым халыққа нәр болар қайнарлардың көзін ашқан. Ана тілі бастауын халықтың әдебиетінен алатынын Сейіт Қасқабасовтың жазғанын оқыған адам біледі, біледі де сол бастауға бас қояды.
Сейіт Асқарұлының ғылымдағы жетістіктері бұл күні Еуразия ғылымының жетістіктеріне айналды. Жойдасыз алып құрлықтағы асқақ ғылым мен оның өкілдері қазақ ғалымына жүгініп, одан үйренетін болды, үлгі тұтатын болды. Бұрынғы советтік кеңістіктегі ғалымдардың, Азия елдеріндегі ғалымдардың, батыс фольклортанушыларының Қасқабасов тұжырымдарына сүйеніп пікір айтатыны, онымен есептесе зерттейтіні фольклор зерттеушілеріне белгілі. Түркиядағы Түркі дүниесін зерттеу институтының директоры, белгілі профессордың аузынан: «Сейіт бейдің зерттеулері әлемдік биікке көтерілді, оны дұрыстап білу үшін қазақ пен оның тілін дұрыстап білу керек», – дегенді естіп, қазақ болып туғанымызға қуанып, төбеміз көкке жеткені бар. Ана тіліміздің мерейін асқақтатудың мұндай жолын тапқан адам аз ғой.
Біздің аңдауымызша, Сейіт Қасқабасовтың ғалымдық қасиетінде терең де ұлық екі тірек бар. Біріншісі, ғалым өзі зерттеген Абай хакімнің: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» (32-інші сөз), – деген сөзінен келіп шығады. Сейтақаңның халқымыздың ауыз әдебиетіне, жазба әдебиетіне, өнеріне, мәдениетіне деген махаббаты ерекше. Оны көп білуі, жұрттан артық білуі, терең білуі бір жосын болса, аялай білуі, ұрпаққа ұсынуы – жөні бөлек жосын. Екіншісі де Абай хакімнің сөзінен келіп шығады. Оның «білім-ғылым үйренбек» үшін қояр шартының бір түйіні: «… ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» (32-інші сөз), – дегенмен тұжырымдалады. Сейтақаңның  мінезі бізге тумысынан ақыл мен ғылымды сақтауға арналғандай болып көрінеді. Аңғарымпаздық, ғылымның дарын мен еңбектен жасалатынын табиғи мінезге айналдыру, айтпасын, айта қалса, бұлтартпас етіп, тас түйін қылу, жаңылмас жад, баурап алар байыптылық, т.т. тұтаса келе оның мінезін сомдайды.
Ел игілігіне айналған 300-ден астам ғылыми еңбегі, мұның сыртында қоғамға қажет көсемсөздері, 12 кітабы оның ғылымға деген, елге деген «мейірлі» еңбегі, «мінез сауытындағы» еңбекшілдігінің айғағы. Ғалым ғұмырындағы қай кезең болсын, елге, ел рухына қызмет етудің үздік үлгісіндей. Еңбек жолына қарап шықсақ…

«Бабалар сөзін» баптаған

1970-1982 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым хатшысы, әрі «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабарлары» атты журналдың жауапты хатшысы; 1981-1983 жылдары Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері; 1983 жылдан Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға, жетекші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген. 1989 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Қазақ халық прозасының жанрлары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде кеңесші қызметіне тағайындалып, әдебиет және өнер саласына жауапты болған және саяси репрессияға ұшыраған Ж.Аймауытұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, М.Дулатұлы, т.б. арыс-тарымызды ақтау жұмысына қатысып, қажетті құжаттарды дайындаған. 1990 жылы Орталық Комитетте жаңадан құрылған Саяси процестер социологиясы орталығын басқарған. Мұнда сондай-ақ, Идеологиялық комиссияның мүшесі әрі орталық жетекшісі ретінде кезінде қате қабылданған көптеген саяси-партиялық құжаттардың күшін жою және жазықсыз тыйым салынған ақын-жазушылар мен қайраткерлерді ақтау қажеттігі жөніндегі жұмыс тобын басқарған. 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті аппаратының мәдениет секторының жетекшісі, Білім, ғылым және спорт, жастар ісі бөлімінің орынбасары болған. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Аттестациялық Комиссиясының төрағалығына тағайындалып, ЖАК-ты жаңадан құрып, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды беруге және ғалымдарды аттестациялауға қажетті ережелерді жазған. 1993 жылы ТМД елдері Жоғары Аттестациялық Комиссияларының Ассоциациясын құрып, оның төрағалығына сайланған. 1994-1997 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі. 1997-2001 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия» ғылыми орталығын, шығыстану факультетін ұйымдастырып, басқарған, қазақ фольклоры мен әдебиет тарихы бойынша дәріс оқыған. 2001-2013 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарды. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасын басқарады.
Осы қызметтердің қай-қайсысында болсын, Сейіт Асқарұлы ел дамуына үлкен үлес қосқанын, ізгілікті із қалдырғанын тарих біледі. Тарих дегеннен шығады, бүгінгі ұрпақтың ертеңгі ұрпаққа қалтқысыз бір қызметі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, оны орындағаны әлем деңгейіндегі ерекше құбылыс болды. Қашан да тың ой айтып, соны соқпақ салуға шебер азамат осы тұста тағы да тыңға тартты, өз ұсынысымен «Бабалар сөзі» сериясымен (серияның атауы да ғалым жанынан шыққан ұғым) қазақ ауыз әдебиеті мұрасы 100 том, «Қазақ өнерінің тарихы» 3 том, «Қазақ музыкасының антологиясы» 5 том болып елге ұсынылды, жазба жәдігерліктерді жарыққа шығару үшін 20 том көлемінде жоспарланған «Әдеби жәдігерлердің» 8 томы баспа бетін көрді. «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін», – деп бағалады Елбасымыз, Ел де осылай бағалады. Министр кезінде ғалымның кеудесіне «Мәдениет үздігі» белгісін тағып тұрып: «Сейіт Асқарұлы – нардың жүгін көтерген адам», – деді қайраткер М.Құл-Мұхаммед.
Халықаралық фольклористер қоғамының мүшесі (Финляндия, 1992), ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (2003), Халықаралық Айтматов академиясының мүшесі (Қырғызстан, 2007) сияқты қоғамдық қызметтерге де Сейіт Асқарұлының сайып келгенде, ана тілі ғылымына, қазақ рухания-тына сіңірген еңбегі үшін қабылданғанын түйсінуге болады. Отанына сіңірген еңбегі, қазақ рухын басқа жұртқа танытуы, қазақ руханиятының әлемдік байланыстарын ұғындыруы елеусіз қалған жоқ. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Жамбыл атындағы сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атағына ие болған. М.Шолохов және Ұлы Петр атындағы ресейлік медальдармен марапатталған. 2011 жылы ТМД жалпы ғылым және білім кеңістігін дамытуға ықпал ететін ғылым мен білім саласындағы зор үлесі үшін мемлекетаралық «Достастық жұлдыздары» сыйлығын алды.

Туған тілдің тілекшісі

Бәрін айт та бірін айт, Сейіт Қасқабасов ғылымында көп жұрт аңғармаған бір жайт – оның қазақ тілін зерттеуден туған пайымдары, тілтанушылық сипаты.
Әрине, Сейіт Асқарұлын лингвист деп ешкім танымайды. Алайда, фольклорды сөз өнері ретінде де қараған ғалым тілтанудың өрісіне шығып отырған. Бұл жолы оның тілтануға сіңірген еңбегін санамалап шығумен тоқталайық.
Қазақ ғылымына енді еніп келе жатқан лингвофольклортану дейтін пәннің
бастауларын Сейіт Қасқабасов еңбектерінен молынан табуға болады. Оның біріншісі – тілдік инсан мәселесін студент кезінде жазған «Ертекші Шалқарбай Данылбаев» деген мақаласынан бері алға тартып келеді. Фольклорлық мәтіннің түзілісі туралы тұжырымдары Сейіт Асқарұлын тілтанушы деп атауға мүмкіндік береді. Ауыз әдебиеті туындыларындағы формулалық сипаттың түп себебі мен көркемдігін көрсеткен, көркемдік әдістерді талдаған тұстарда оны қазақ тілінің зерттеушісі ретінде танисыз. Лингвофольклортанудың ұлт фольклорын басқа ұлттардың фольклорымен салыстыра-салғастыра зерттейтін тармағы кроссмәдени лингвофольклортанудың бастауларын қазақ ғылымында Қасқабасов зерттеулерінен молынан табуға болады.
«Әр заманның өз талабы болады. Ең бастысы, ұлттық сана қалыптасуы тиіс. Ол үшін әлеуметтік жағдай түзелуі керек. … болашақтағы зиялы қауым, бүгінгі жас-тар, ертеңгі ұл мен қыз жөргектен бастап азаттықты санасына сіңіріп, халықтық ғұрыпты әлемдік үрдіспен ұштастыра отырып, ілгерілетсе ғана, жаһандану дәуірінде ұтылмайды, ұтады. Біздің ұлттың этика, эстетика, таным, тағылымы ешкімнен де кем емес», – депті Сейіт Асқарұлы «Егемен Қазақстан» тілшісінің сұрағына берген бір жауабында.
Сейіт Қасқабасовты «Ғұлама» деп таныпты академик Серік Қирабаев, «Тіл тұғырының» қатарынан көріпті академик Өмірзақ Айтбайұлы. Биікті биік жақсылап көреді ғой. Бұған алып-қосарымыз жоқ.

Жантас ЖАҚЫПОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар