Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Астана қаласында болып, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында бір топ зейнеткерлерге құрмет көрсетіп, мерекелерімен құттықтады.
«Аққу» мейрамханасында ұйымдастырылған шараға Астана мен іргелес аудандарда тұратын жүзге жуық ақмолалық зейнеткерлер шақырылды. Соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтаған өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аға ұрпақ өкілдеріне барынша қамқорлық жасалып отырғанына, бұл мәселенің жергілікті биліктің де үнемі назарында екендігіне тоқталды.
– Бүгінгі еліміздің көркейіп гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуі, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі,– дей келе, облыс әкімі барлық ардагерлерге Алғыс хаттары мен гүл шоқтарын және ақша салынған конверт үлестірді.
Өз кезегінде ардагерлер де мерейлерін өсірген, қаржылай көмек көрсетіп, бір уақ ән мен жырға бөлеген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Олардың арасында бұрынғы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Таукенов, облыстың бұрынғы әкімі Владимир Гарт-ман, қоғам қайраткері Светлана Жалмағамбетова сияқты бірқатар ардагерлер болды.
Өңір ардагерлерін құт-тықтау шаралары қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында әрі қарай жалғаса бермекші.
Аслан ОСПАНОВ