Бала тәрбиесі, оқушыларға сапалы білім беру және жас ұрпақтың жан-жақты болып өсуі жолында ұстаздардың алар орны ерекше екендігі мәлім.
Біздің Қостомар ауылындағы Херсон орта мектебінде де бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінеді. Білікті маман, тәжірибелі басшы Есман Әлібеков жетекшілік ететін біздің білім ордасы ауданымыздағы ең іргелі мектептердің бірі деуге болады.
Біздің мектепке директор болып ауысқанға дейін де облысымыздың Жарқайың ауданында мектеп директоры болып мол тәжірибе жинақтаған Есман Сабыржанұлы алғашқы күндерден-ақ, өзінің іскер басшы, білімді де, білікті маман екендігін көрсете білді. Оның айғағы ретінде бірден көп жыл бойы жөндеу көрмеген мектебімізге күрделі жөндеу жүргізгендігін, ұстаздар қауымын ортақ іске жұмылдыра біліп, оқушылардың да үлгерімдерінің жоғарылай түсуіне ықпал еткендігін айтуға болады. Енді биыл біз жаңа мектепке қоныс аудардық.
Жалпы, ұстаздық еңбектің оңай жұмыс еместігі белгілі. Мектеп мұғалімі болу үшін үнемі ізденісте болып, біліміңді жетілдіріп отыру қажет. Олай болмаған жағдайда «көштен қалып» қоясың. Ал енді ұстаз бола жүріп, білім ошағын басқару, яғни, директор болудың қаншалықты күрделі екендігін білім беру саласына қатысы бар әркім біледі. Мектептің жылы болуы, сумен қамтамасыз ету, ағымдағы жөндеу жұмыстары, тәрбие, білім сапасы сынды күнделікті шешуді қажет ететін мәселелер басшыдан үлкен жауапкершілікпен қатар, ұйымдастырушылық қасиетті, көп жағдайда өз ұстанымын, көзқарасын қорғай алатын табандылықты қажет етеді. Біздің директорымыз Есман Сабыржанұлының бойынан осы қасиеттердің бәрі табылады деп нық айта аламын.
Директор бола жүріп, еңбек, сызу сабақтарынан дәріс беретін Есман Сабыржанұлы оқушыларға теориялық білім берумен қатар, еңбекке баулиды, түрлі үйірмелерге жетекшілік етіп, біраз жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Әсіресе, бейнелеу өнері мен халықтық педагогиканы ұштастыра отырып ұлттық қолданбалы өнерді дамытуға да өз үлесін қосып жүргендігін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, ұстаз ретінде де аттестациядан мүдірмей өтіп, жоғары санаттағы ұстаз мәртебесіне ие болды. Мұның бәрі оның ерен еңбегінің жемісі деу керек.
Ал, оның Алматы қаласында өткен республикалық семинарда «Нәтижеге бағытталған білім беруге өту жағдайында мектепті басқару» атты баяндама жасауы да біраз жайды аңғартса керек.
Бүгінде біздің мектебімізде оқушылардың үлгерімі жоғары деңгейге көтерілген деу-ге әбден болады. Бұл әрине, алдымен ұстаздардың, ұжымымызды басқарып отырған басшымыздың еңбектерінің жемісі. Мектебіміздегі М.Бекмұханова, Д.Қамиева, Р.Әлібекова, А.Кәрімова, Б.Дүйсенбекова сынды ұстаздар да басшыға демеу болып, директордың игі бастамаларын әрдайым қолдап отырады. Соның нәтижесінде ісіміз де алға басуда.
Сондай-ақ, мектебіміздегі шағын қосалқы шаруашылық та, түрлі үйірмелер де бірқалыпты жұмыс істейді. Енді осыған «Балдырған» атты домбырашылар оркестрі бар екендігін қоссақ, мектебіміздің оқушыларының терең біліммен қатар, жан-жақты тәрбие алып, еңбекке ден қоюларына жағдай туғызылған.
Әрине, мектеп директоры – ең алдымен ұстаз,тәрбиеші. Дегенмен, ұжымды ортақ іске жұмылдырып, ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай тудырып, оқу ошағының күнделікті қауырт жұмыстарын да дер кезінде шешіп отыру оңай шаруа емес. Міне, осы тұрғыдан алып келгенде мектебіміздің директоры Есман Сабыржанұлын өз ісін жетік білетін білікті маман, шебер ұйымдастырушы, кішіпейіл де, парасатты азамат дегім келеді.
Ал, Есман Сабыржанұлының «Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары», «Тәрбие көзі – көрнектілік», «Қаңылтырмен көркем безендіру» және басқа да тақырыптарда өткізген ашық сабақтары да оны жаңа бір қырынан көрсетеді. Қысқаша айтқанда, біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ұштасқан ұстаздың еңбегі жастарға үлгі дегім келеді.
Галина БОНДАРЦЕВА,
ардагер ұстаз.
Аршалы ауданы.