Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жарық жұлдыз - АРҚА АЖАРЫ

Жарық жұлдыз

 

Облыс орталығында ұлы ағартушы ғалым, саяхатшы-географ, этнограф, әдебиет зерттеушісі Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына арналған  салтанатты жиын бүгінгі ұрпақтың даңқты жерлесімізге деген зор құрметінің жарқын бір көрінісі болды.

 

Бұл мерейтойлық шараларды  облыс әкімдігінің қолдауымен «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. «Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді» деген сөздің растығы осы жолы да айқын көрінді. Өткен ғасырда өмір сүріп, туған халқына ғылыми бай мұра қалдырған  Шоқандай біртуар перзентін елі тебірене еске алды. Ұлы ғалымның 180 жылдық мерейтойын атап өту үшін сонау Қытай мемлекетінен, еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Қызылорда, Түркістан қалаларынан шығармашылық, ғылыми интеллигенция өкілдері киелі Көкше өңіріне жиналды.
Бабаларының тойына жас та, кəрі де белсене араласты. Ертемен «Менің Қазақстаным» Тутұғырының маңына жиналған студенттер мен оқушылар қауымы қаланың басты көшелерімен жүгіріп өтсе, Шоқан Уәлихановтың Көкшетаудағы ескерткішіне де ағайын көптеп келді. Алдымен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор  Әбдімүтәліп Әбжаппаров, Шәкәрім  атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Ерзат Жетібаев құттықтау сөз сөйлеп, дарынды тұлғаның еліне сіңірген зор еңбегі, ғылымдағы жолы туралы аз-кем тоқталып өтті. Облыс әкімінің, мемлекеттік органдар және басқармалар басшыларының, жоғары оқу орындарының, жастардың атынан ғалымның еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Одан əрі мерекелік шаралар легі Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында жалғасты. Мұнда көпшілік «Өткенді ойлап бүгінгі күннің қамын жеу» деген тақырыппен Шоқанның еңбектері, ол жайлы жазылған кітаптар қойылған көрмені тамашалады.  Ал, театрдың көрермендер залында өткен негізгі кездесуді философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Көшенова жүргізіп отырды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген əртісі, жезтаңдай əнші  Бисара Мəкенова Шоқанның тойына шашу ретінде алып келген «Абылай» əнін орындап берсе, ақын апамыз Шәмшия Айтжанова жырдан шашу шашты. Шараға Қытайдан ат терлетіп келген қонағымыз, Қытай радиосының аға дикторы Жібек Базарбайқызы кезінде Шоқан Уəлихановтың табаны тиген Құлжа өлкесі бүгінде Қытай қазақтарының киелі шаңырағына айналғанын айта келе, көкшеліктерге шетте жүрген қандастарымыздың сəлемін жеткізді. Халықаралық деңгейдегі марафоншы, алпыс сегіз жастағы желаяқ спортшы Әменгүлсім Мұсылманованың ақ тілегіне де залда отырған жұртшылық разы болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Асылбек Баяжұма Шоқанның бай мұрасын халыққа жеткізу, әсіресе, оны жастарға үйрету ісіне зор үлес қосып келе жатқаны үшін  профессор Раушан Көшеноваға облыстық әкімдіктің Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыс етті.
Сондай-ақ, бұл кездесуде  «Жыл Шоқаны» байқауының жеңімпазы алматылық Тасқын Жармұхаметтің де есімі аталып, көпшілік назарына осы байқауға қатысушылар дайындаған бейнебаян көрсетілді.
Иә, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында даңқты бабамыз қаншама ерен істерді тындырып үлгерді. Оның ересен еңбегі тағзым етуге әбден  тұрарлық. Шоқанның 180 жылдық мерейтойы алдағы уақытта бұдан да кең көлемде ұйымдастырыла жатар. Ал, бүгінгі шараны ақмолалықтардың даңқты жерлесіміздің мерейтойына үн қосуы деп білейік. Тарихымызда болған тектілерімізді ұлықтау, рухтарына тағзым ету болашақ ұрпақ үшін де қажет. Сондықтан, Шоқан тойынан жастар мол ой түйді, тағылым алды деген сенімдеміз.  
Суреттерде: Шоқан ескерткішіне гүл шоқтарын қою;  «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Көшенова Қытайдан келген қандасымыз Жібек Базарбайқызына құрмет көрсетуде.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген
 Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар