Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Келермін тірі болсам, бір күн аман» - АРҚА АЖАРЫ

«Келермін тірі болсам, бір күн аман»

 

Қара түнді жамылып, бейбіт елді дүрліктірген сұрқия соғыс басталғанда балалар мен жасөспірімдер балғын күлкілерінен айырылды. Өмірлеріндегі  қуаныш қайғыға, шаттық шерге айналды. Соғыстың қайғы-қасіреті оларды ерте есейтті.

 

Ел тірегі – ер азаматтардың барлығы дерлік майдан даласына аттанды. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Файзолла Таңатқанов еді. Ұлы Отан соғысының басталғаны туралы қаралы хабарды естіген дені сау ер азаматтардың барлығы туған жерді жаудан қорғау үшін майдан даласына аттанып жатқанын көрген 19 жастағы Файзолла Құрманғалиұлы өз еркімен баруға қаншама құлшынса да, жасы жиырмаға толмағандықтан ауылда қалып қойыпты. «Мүмкін мен туралы ұмытып кеткен шығар» деген ой да мазалай берген екен. Дегенмен, 1942 жылдың 4 қаңтарында әскери комиссариаттан шақырту келіп түскенде, қуанып, Отан қорғау үшін майданға аттанады. Әкесі Құрманғали бұл кезде колхоз басқармасы болып жұмыс істепті.  Сонда баласының зұлым жаумен шайқасқа аттанайын деп тұрғанын көріп:
–Колхоз басқармасынан мені ешкім босатпай отыр. Құлыным, алдағы уақытта мен де майданға ел қорғауға барамын. Жігерлі бол, жау алдында қасқайып тұрып, батырлық жасауыңа тілектеспін. Отанға адал бол, – деп көзіне жас алып, шығарып салған екен. Көп ұзамай, араға бірер ай салып, сол жылы мамыр айында соғысқа – Ленинград майданына өзі де аттанады. Сонда Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысады.
Файзолла Құрманғалиұлының естеліктерінде содан кейін әкесін көрмегені, одан бар-жоғы үш хат пен бір открытканың қалғаны жазылыпты. Бүгінде Құрманғали Таңатқанұлының ұрпақтары оның қай жерде жерленгенін білмейді. От пен оқтың арасында ажалмен айқасқан майдангерлерінің тілеуін тілеп қалған қаншама  отбасы осындай жағдайды бастарынан кешірді. Бейбіт өмір орнату үшін қаншама жауынгер қасық қаны қалғанша арпалысып, жанын пида етіп, бастарын құрбандыққа шалды десеңізші.
–Атамыз Файзолла көзі тірісінде әкесін көп іздеді. Бірақ, қай жерден топырақ бұйырғанын таба алмады, –дейді жиені Сәуле  Қойшина.  
Бұрынғы Көкшетау облысы Красноармейск ауданының Күншығыс ауылында дүниеге келген Файзолла Таңатқанов алғашқыда Тула бағытындағы соғысқа қатысыпты. Сол уақытта бұрынғы Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан жасақталған атқыштар полкі құрылып, генерал Гордеев бастаған 64-армияның қатарына қосылыпты. Сталинград майданына аттанған жас жауынгер бұл зұлмат кезеңді өзінің естелігінде: «Мен оның 29 дивизияға қараған 299 атқыштар полкінің минамет батальонында жаумен шайқаста 1942 жылдың 5 тамызы күні екі аяғымнан бірдей ауыр жараланып қалдым. Бір аяғымды Сталинград госпиталінде кесті» деп еске алыпты. Қанды шайқаста ауыр жараланғанына қарамастан, қасық қаным қалғанша күресемін деген жауынгер- минометші Файзолла тоқтамай, есінен айырылғанша шайқаса берген. Есінен танып қалғанын көрген бөлімше командирі Тарасов оны шайқас болып жатқан жерден алып шығыпты. Қанды шайқас аяқталған соң Сталинград госпиталіне жеткізілген. Кейін Саратов қаласындағы госпитальде жатып, емделген. Неміс басқыншыларынан елімізді азат етуге қатысып, Отан қорғауда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және түрлі медальдармен марапатталған.   
Соғыс аяқталған жылы өзінің туған ауылы Күншығыста Шамшия деген келіншекпен ота-сып, отбасын құрады. Қысқа мерзімді курсты аяқтаған соң, колхозда есепші болып жұмыс істейді. Екінші топтағы мүгедек жан 1948 жылы партия қатарына өтеді. Адал жарымен он бір баланы дүниеге әкеліп, бейбіт күнде өмір сүреді. Есләм атты ұлы 18 жасында көз жұмып, ардақты әкенің қабырғасын қайыстырып кетеді. Арада уақыт салып, Сағындық атты тұңғыш қызынан айырылады. Анасынан айырылған 4 жиенін қолына алып, тәрбиелеп, білім алуларына жағдай жасайды. Тағдырдың салған бар қайғы-қасіретіне қасқайып қарай білген қажырлы ардагер 1991 жылдың қарашасында  аяулы жарын жер қойнына тапсырады. Одан кейін араға үш ай салып, өзі де мәңгілік сапарға аттанады.
–Атамыз кітапты көп оқитын. Сонымен бірге, соғыста бастан кешкендерін қағаз бетіне түсіріп, естелік ретінде жазып отыратын. Соғысқа аттанған ауылдастарының қашан, қайда кеткеніне дейін бізге айтып беретін. Соғысқа аттанар алдындағы қоштасу кезінде ата-аналарының балаларына, келіншектердің ерлеріне, жауынгерлердің жарларына айтқандарын, барлығын есіне алып отыратын. Жазған дәптерлерін бізге ұстатпайтын, жоғары жерде ұстайтын, өйткені, біз ол кезде бала болдық. Қазіргі таңда, ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, сол естеліктер мен қолжазбаларды жинап, алдағы уақытта кітап ретінде шығаруды жоспарлап отырмыз, –дейді, қолында өскен жиені Сәуле Қойшина. Сонда естеліктерінде:
Бомбалап жүргізбейді жаяу жанды,
Ағызып кейбірінен қызыл қанды.
Сонда да жан ұшырып, жаяу шұбап,
Келеміз белге түйіп, шыбын жанды,

Мүрдесін көрсең баламның,
Айтты сәлем анаң де,
Тұра алмай неге жатырсың,
Кетті ме әлде шамаң де,
Хамзаның соғысқа аттанар алдында айтқаны:
Аттанып қан майданға кетіп барам,
Артымда екі бала, қалды ата-анам.
Күте біл, шамаң келсе ренжітпе,
Келермін тірі болсам, бір күні аман, –
деген өлең жолдары кездеседі. Бұдан Файзолла Таңатқановтың өлең-жырға жақын болғандығын көреміз.
Отан үшін от кешкен бабалар рухына тағзым етіп, шет жерден топырақ бұйырған азаматтардың іздеушілері бүгінде көп. Файзолла ата тауып бара алмаған Құрманғали аталарының қабірін іздеп жүрген Таңатқановтар ұрпағы да бір күні сол мұратқа жетіп, әке аманатын орындайтындықтарына сеніміміз кәміл.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА,

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар