Облысымызда «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы сәтті жүзеге асырылуда.
Бұл жолы партиялықтар облыс орталығындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына рейд жасады. Біраз ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлылығы тексеріліп, сауда орындары, басқа да мекемелердің басшыларына ұсыныс хаттар жазылды.
Құрамында Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі Рамазан Мұқатаев, «Ақ ниет» қалалық мүгедектер ассоциациясының төрайымы Қымбат Досмағамбетова, партияның жергілікті ұйымдарының қызметкерлері бар топ алдымен киім дүкендеріне ат басын бұрды. Нәтижесінде, «Бибі Фатима» және «Kimex» сауда-саттық ғимараттарында арбаға таңылған жандардың емін-еркін өтуі үшін арнайы пандустардың жоғы анықталды. Сол себепті, тірек-қимылы бұзылған азаматтарға ондай жерлерге өздігінен кіру мүмкін емес.
Облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры жайлы да осыны айтуға болады. Театр маңында мүгедектерге арналған автотұрақ та, пандус та бар. Алайда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимараттың бас сахна орналасқан екінші қабатына қалай көтерілетіні ойластырылмаған екен. Театр басшылығы бұл мәселені назарға аламыз деп сендірді. Сондай-ақ, рейд нәтижесі бойынша үстіміздегі жылдың аяғына қарай «Көкшетау» қонақ үйінің кіреберісі де пандуспен жабдықталатын болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.