Таяуда Қ.Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде ардагерлер кеңесінің есеп беру-сайлау жиналысы болып өтті.
Шарада диспансердің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов зейнеткерлерге Қарттар күніне орайластырылған облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, ізгі тілегін жеткізді. Белсенді ардагерлерді Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Алдымен, жиналған жұрт зейнеткерлердің қолданбалы өнер көрмесін тамашалады. Көрмеге Қарлығаш Таймасарова, Нина Кулагина, Валентина Детих сияқты шебер қолды егде адамдардың тіккен киімдері, тұрмысқа қажетті бұйымдары қойылған. Құрамында 119 еңбек ардагері бар ардагерлер кеңесінің төрайымы Лидия Викторова атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады. Олардың мерейтойлары аталып өтіледі. Басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір егде адам назардан тыс қалған емес. Мемлекеттік және кәсіптік мерекелерді атап өту дәстүрге айналған. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойында бірқатар шаралар өткізіліпті. Мұнда көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді.
Ардагерлер кеңестің жұмысына оң бағасын беріп, оның төрайымы етіп Лидия Викторованы және кеңес мүшелерін сайлады. Кеңестің бағдарламасына бірқатар игілікті істер ұсынылды. Жиналыста «Нұр Отан» партиясының диспансердегі баста-уыш партия ұйымының төрағасы Аманжол Ахметжанов пен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шияп Әлиев құттықтау сөз сөйледі.
Шара соңында еңбек ардагерлері арнайы әзірленген астан дәм татты.
Рамазан ТІЛЕУОВ