Көкшетаудағы «Бурабай» спорт сарайының мұз айдынында жергілікті «Арлан» хоккей командасы атыраулық «Бейбарыс» клубын қабылдап, 2:1 есебімен қонақтардан басым түсті.
Ойынның алғашқы минутынан-ақ, қос команданың жеңіске деген жігері айқын көрініп тұрды. Бір-бірінің қапы қалған қимылын аңдыған қарсыластар жиі-жиі қарымта шабуыл ұйымдастырды. Бірінші кезеңнің соңғы минуттарында осындай сәттерді ұтымды пайдаланған арландықтардың бір шабуылында қонақтар ойын ережесін бұзып, бір ойыншысы 2 минутқа ойыннан шектелді. Осы басымдықты мүлт жібермеген алаң иелері есеп ашып үлгерді.
Ойынның екінші кезеңі де барынша тартысты өтті. Бір айта кетерлігі қос команданың ойыншылары жиі-жиі ойын тәртібін бұзды. Арландықтар қарсыластар қақпасына бірнеше рет қауіп төндіргенімен, айтарлықтай нәтиже шыға қойған жоқ. Атыраулық команданың ойыншысы Спиридонов 21-ші минутта бір шайба салып, есепті теңестірсе, арландық шабуылшы Сидоренко
36-шы минутта өз командасын алға шығарды.
Соңғы шешуші кезеңде қос команда да қорғанысқа көшті. Таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Қорытынды есеп 2:1 нәтижесімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Ал, келесі күні өткен қарымта ойында арландықтар өз жанкүйерлерін жерге қаратты деуге болады. Қонақтар арландықтар қақпасына 7 бірдей шайба салып айқын басымдықпен жеңіске жетті. Арландықтар қарымта 4 шайбамен жауап қайырды. Осылайша, кездесу 4:7 қонақтардың пайдасына шешілді. Арландықтар келесі ойынды Елордада жергілікті «Астана» командасымен өткізетін болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.