Таяуда облыс орталығындағы «Бурабай» спорт сарайында Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуына орай, қала мектептері оқушыларының қатысуымен шахматтан турнир өткізілді.
Аталмыш шараны облыстық мәдениет басқармасы, Мәлік Ғабдуллин мұражайы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасының ұжымдары ұйымдастырды. Ондағы мақсат батырдың ерлік істерін, қоғамға сіңірген еңбегін насихаттау, әрі өскелең ұрпақ арасында шахмат спортын дамыту. Жарысқа қатысушылар алдымен «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмедегі жәдігерлермен танысып, батыр аталарының сан қырлы дарыны жайлы мол мағлұмат алды.
Ашылу рәсімінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Барлығы 11 команда қатысқан сайысқа Көкшетау қалалық шахматшылар федерациясының президенті Серік Темірбаев төрелік жасады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Барлық ойыншыларға алғыс хаттар табыс етілді.
Салтанатты жиын барысында батырдың немересі Әмина, жиені Жәмила Жамиғазиналар, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Тельман Мұқышев, қаламгер Сайлау Көшкенұлы академик-жазушы туралы естеліктерін айта келе, жеңімпаз командаларға сыйлық табыс етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.