Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нашақорлықтың алдын алу маңызды мәселе - АРҚА АЖАРЫ

Нашақорлықтың алдын алу маңызды мәселе

Есірткі – ғасыр дерті. Кесел кесапаттың уытына ағзасы уланған адамзат нашақорлықтан арылудың жолын іздеумен келеді. Бірақ, жазылмас дерттің шипасы табылар емес.

Ақмола облысында да  нашақорлықпен күрес өзекті күйінде қалып отыр. Жақында облыстық мәслихаттың  депутаттық әдеп, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында осы мәселе күн тәртібінде қаралды.
Бұл шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Мәжіліске аталған тұрақты комиссияның төрағасы, депутат Серік Аяғанов төрағалық етті.
Алдымен, облыстық мәслихаттың депутаты Валерий Симчуктің хабарламасы тыңдалды. Онда нашақорлық кеселдің алдын алу бағытында жасалып жатқан іс-шаралар кеңінен әңгіме өзегіне айналды. Қоғамды толғандырған бұл кеселден арылудың қандай амалдары бар деген сауал ортаға салынды.  Әсіресе, жастар арасында дендеп бара жатқан нашақорлық қоғам болып күреспесе, тамырын тереңге салуы ғажап емес екені де баса айтылды.
Ал, облыстық ішкі істер департаментінің нашақорлыққа қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Сатыбаев осы бағыттағы алдын алу жұмыстарына шолу жасады. Оның айтуынша, біздің облысымыз нашақорлықтың дендеуі жөнінен респуб-
ликада қарымды жұмыс істеп отырған өңірлердің бірі болып саналады. Соған қарамастан, есірткі сатушылар мен өткізушілер жолын кесу бағытында 54 арнайы іс-шара өткізілген екен. Сөйтіп, барлығы 125 қылмыс анықталған болып шықты. Ең бастысы, былтырғы жылмен салыстырғанда, есірткі затын тәркілеу жөнінен көрсеткіш 56 пайызға жақсарыпты.
Дегенмен, дерекке жүгінсек, нашақорлықпен күрес жөніндегі салалық бағдарлама бойынша 2013 жылы  өңірімізде есірткі тұтынушылар санын 12,3 пайызға азайту міндеттелген еді. Өкінішке орай,  бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 2 пайызға өсіп кеткен. Осылайша сол жылы есірткі қылмысының өсуі 13 пайызға жетті.
Ішкі істер органының өкілі кейінгі жылдары бұл бағытта біраз жұмыстар тындырылғанын айтты.  Қазір есірткі қылмысының жасалуы біршама тұрақтағанын да атап өтуге болады. Бұған облыс көлемінде алдын алу шараларының қолға алынуы негіз болғаны да анық.
Шыны керек, бізді алаңдататыны жастар арасында есірткіге бойұсынудың азаймай отырғаны. Әсіресе, оқу орындарында есірткі қылмысы бой көрсетіп қалатыны еш жасырын емес. Ал, оның алдын алу үшін не істеу керек? Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова айтып берді.
Әрине, сапалы білім берумен бірге, тәрбиенің де ақсамағаны  маңызды болып табылады. Себебі, көпшілігіміз дерек етіп ұсынатын, нашақорлыққа әлеуметтік қолайсыз отбасылардан шыққан жасөспірімдер көбірек  ұрынады дегеннің де кейде қисынсыз екенін көреміз. Бай-қуатты адамдардың да балалары есірткіге есі шығып, еліктеп жатқанын жоққа шығармасақ керек. Бұл жерде білім ордасындағы тәлім-тәрбиенің өзегі де өміршең істерге негізделуі қажет сияқты.
Балым Ізбасарова да салауатты өмір сүру құндылықтарын барынша белсенді жүргізу есірткіге деген жасөспірімдер көзқарасын оң сипатта қалыптастыратынын атап көрсетті. Бұл сынып сағатынан бастап мектепішілік шаралармен жалғасады. 2014-2015 оқу жылында ғана 125 мың оқушыны қамтыған 1250 іс-шара өткізілген екен.
Өскелең ұрпақты нашақорлық сияқты зобалаңнан құтқарудың тағы бір жолы – спорттық-мәдени үйірмелер жұмысын жандандыру болып табылады. Мысалы, облыс бойынша 36 мың оқушы мектептердің спорттық үйірмелеріне тартылған. Сонымен бірге,  мұны білім ордасы аясында ғана емес, көпшілікке арналған спорт кешендерін көптеп салу арқылы да  жүзеге асыруға болады.
Ал, облыстық наркологиялық  оңалту орталығының бас дәрігері Серік Әшімов  өңірдегі наркологиялық жағдайға шолу жасады. Оның айтуынша,  бүгінгі таңда наркологиялық оңалту орталығымен есепке алынғандар саны 11725 адамға жеткен. Мұның он бір мыңға жуығын маскүнемдікке, 839-ын нашақорлық кеселге ұрынғандар құрайды. Мәселен, нашақорлыққа салынғандардың былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көбейе түскенін де анық байқауға болады. Сондықтан, наркологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті жердегі емдеу орындарын нарколог мамандармен қамту және оңалтудан өткен адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу қажет.
Міне, депутаттар назарына осы жайлар ұсынылып, бұл өзекті мәселені шешудің жолдары қарастырылды. Комиссия мүшелері бұған арнайы бағдарлама аясында іс-шараларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржыны да молырақ бөлу қажет деген ұйғарымға келді.

Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар