Күні кеше Астана қаласында өткен «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» атты республикалық патриоттар форумына қатысып келдім.
Онда жүрегі Отаным деп соғатын, осы отансүйгіштік сезімдерін ісімен дәлелдеп келе жатқан азаматтардың көп екендігін көріп қатты қуандым. Мән-маңызы зор осынау іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Форумға мемлекетіміздің түпкір-түпкірінен нағыз патриоттар жиналды. Олардың мінберден сөйлеген сөздері, ой-толғамдары кез-келгенімізді бейжай қалдыра алмайды. Бүгінде жасым жетпістен асса да, осы форумнан кейін мен ақтық демім таусылғанша еліме еңбегімді сіңіріп, халқыма пайдамды тигізуім керек деген ой түйдім.
Мені ерекше қуантқан тағы бір жайт, форумда қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетовке, ғұмырының алпыс жылын кен ісіне арнаған Қанат Мұстафинге, басқа да сала еңбеккерлеріне және өзіміздің жерлесіміз, облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Елена Мащинскаяға сөз берілуі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Көпұлттылық – қоғамның кемшілігі емес, артықшылығы» деп атап өткендей, тілі басқа болса да, тілегі бір осындай азаматтар мен азаматшаларымыздың арқасында Қазақстанымыз өркендей беретіні сөзсіз.
Патриоттар форумы талап пен жігер, ынта болса, асқар шыңдардың өзін бағындыруға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Баршаңызды елімізді Мәңгілік ел ету жолында үлес қосуға шақырамын.
Зура ШУАТАЕВА,
еңбек ардагері.