Қазақстандай отансүйгіш, еңбекқор нар тұлғаларға бай мемлекет жастарды тәрбиелеуде де жетістіктерге жете алады деп ойлаймын.
Өйткені, біздің үлгі-өнеге алатын аға-әпкелеріміз көп. Міне, патриоттар форумында солардың біразымен танысуға, әңгімелерін тыңдауға мүмкіндік туды. Еңбегімен, дарынымен ерекшеленген отандастарымызды бетке ұстап, жастарға жарқын мысал ретінде ұсынуға болады. Жарқайың ауданында тұратын жерлес кәсіпкеріміз Ерлан Алин форумда арнайы номинация-мен марапатталғанда да кеудемізді зор мақтаныш сезімі кернеді. Асхат Мырзабаев есімді замандасымыздың өз еңбегімен тапқан қомақты қаржыны ісік ауруына шалдыққан науқастарға көмек ретінде аударғаны жайлы сөзінен де біраз ой түйдік. Шындығында, тырысып көрсек, мұндай игі істер әрбіреуіміздің қолымыздан келеді.
Менің ойымша, жаңа қазақстандық патриотизм Мәңгілік ел идеясымен біте қайнасып жатыр. Біздің «Жас Отан» жастар қанатының негізгі мақсаты да жас ұрпақты патриоттық істерге баулу болып табылады. Ендігі кезекте біздің алдымызда жастарға Мәңгілік ел идеясын белсене насихаттау міндеті тұр. Осы мақсатта алдағы күндері этномәдени бірлестік мүшелерінің, студенттер мен оқушылардың қатысуымен кездесу өткізуді жоспарлап қойдық. «Қазақстан» концерт залында патриоттар форумына жиналған көпшілік қауымның тең жартысын жастар құрады. Осының өзі біраз жайды аңғартып тұрғандай. Еліміздің болашағы да, күш-қуаты да жастардың қолында екені анық.
Жанаргүл ЖҮНІСОВА,
«Нұр Отан» партиясы жанындағы
«Жас Отан» жастар қанаты
облыстық филиалының төрайымы.