Биылғы жылы аудан 150 мың гектар алқаптың бидайын, 30 мыңнан астам гектар жердің арпасын уақытылы жинап алды. Жергілікті аруашылықтардың мол өнім алуына Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғылыми негізделген ұсынысы игі ықпал етті.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әсел Түлкібаева бізбен әңгімесінде бүгінгі таңда барлық егістік алқабының 174 мың гектары немесе 95 пайызы жинап алынғанын, өнім берекесі гектарынан орташа есеппен 10,4 центнерден айналғанын айтып өтті.
–Ауданда егістік алқаптары мол он төрт кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың ішінде «Нива», «Октябрьский АШК», «Пригородный», «Камагро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері егін орағын толық аяқтады. «Жәкен -1» серіктестігі мол өнім жинады. Науқан барысында туындаған кейбір мәселелер тез арада шешімін тапты. Тамызда жауған бұршақ 6 мың гектар егінді құлатып кетті. Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендердің шығынын сақтандыру компаниясы өтейді. Ауа райы қолайлы болса, астық таяу күндері толық жинап алынады, – дейді ол.
Аудан орталығының іргесінде орналасқан «Жәкен — 1» серіктестігінде болдық. Бізді шаруашылық агрономы Василий Зайгерт жылы жүзбен қарсы алды. 59-шы орақ науқанына қатысып жүрген агроном өз сөзінде ауа райының қолайсыздығынан көктемгі егіс кеш аяқталғанын, соның салдарынан күзде егін кеш піскенін айтып өтті.
–Биыл гектарынан 16 центнерден бидай, 20 центнерден арпа жинадық. Соңғы мың гектар алқап бастырылуда. Күн ашық болса, ертең дала жұмыстарын аяқтаймыз. Целиноград ауданының Родина селосынан көмекке келген механизаторлар жатақханада тұрады. Олар өздерінің «Класс» маркалы комбайндары, шетелдік тракторларымен және өзге де техникаларымен жұмыс істеуде. Комбайндар сабанды ұсақтап, алқапқа шашады. Бұл үгінді жел эрозиясына жол бермейді. Ылғал сақтайды. Қажетті фосфор мен азот бөледі. Жауған жауын лезде өсімдік тамырына барады. Осының арқасында 5 жыл бойы мол астық алып жүрміз. Ол үшін маңдай терін көп төгуге тура келеді. Жерді 4-5 рет өңдейміз. Былтырғы жылы жыртылған парлардың әр гектарынан 22-25 центнерден бидай, 30 центнерден астам арпа жинадық. Көктемде жерді өңдеп, парларды тырмалаймыз. Дәнді дақылдарды «Хорш» және «Бюллер» сеялкаларымен себеміз. Науқанды бір аптаның ішінде аяқтадық. Ол үшін күні-түні жұмыс істедік. Мұнда тәжірибелі ағайынды Павел, Юрий, Виктор Городецкийлер, ағайынды Шарыгиндер, әкелі балалы Кузнецовтар, Шурхавецкийлер сияқты диқандар жұмыс істейді. Араларында жастар да бар, – дейді сексенді алқымдаған агроном.
Осы ауданда жері бар «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэрдің бұйрығы бойынша диқандар көп жылдардан бері жеңілдетілген бағамен тәулігіне төрт мезгіл тамақтандырылады. Дала қосындағы асханада аспазшы Елена Штихлинг пен оның көмекшісі Тамара Гембух дәмді ас әзірлейді. Диқандар жұмыс кезінде алқап басында тамақтанады. Олар тұратын жатақханада монша да бар. Жалпы, еңбеккерлердің өнімді жұмыс істеуіне барлық жағдай туғызылған.
Шортанды ауданы.