Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел сүйсінген ескерткіш - АРҚА АЖАРЫ

Ел сүйсінген ескерткіш

баратайлық майдангерлерді жас ұрпақ есіне мәңгі салып тұрады

 

Баратай – етек-жеңі жинақы, шоқ жұлдыздай ғана шағын елді мекен болғанымен, ауызбірлігі, ынтымағы мығым ауыл.

 Қоңыр күздегі жиын-терін аяқталған. Ауыл қарасы көзге шалынысымен мал қораларының жанындағы қоянжон маялар бірден көзге түседі. Бұл ауылда ауыл шаруашылығын дамытуға арналып беріліп жатқан әртүрлі бағдарламаларды пайдаланып, ақтылы мал өсіріп жатқан малсақ адамдар көп. Өздерінің жеке шаруа-сын ұршықтай иіріп, дөңгелетумен қатар, барша ауыл үшін қажетті ортақ шаруадан да қалыс қалмайды. Соның арқасында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», тіршілік етіп жатқан жайы бар. Бүгінгі шараның жөні мүлде бөлек. Осы топырақтан майдан даласына аттанған 76 жауынгердің ардақты есімдері жазылған ескерткіш ашылмақшы. Олардың бәрі бірдей майдан даласында қаза тапқандар емес, қан қасаптан аман келіп, ел мерейін өсіру жолында ерен еңбек еткендер де бар. Сөз арасында естелік айтқан адамдар майданнан оралып келе жатып, жарақатының салдарынан қаза тапқандардың болғандығын, тіпті, Берлинде мамыр айының бас кезінде Жеңіс туы желбіреп тұрған кезде опат болғандардың да кездескенін айтып жатты.   
Ауыл қотанында жиналып қалған адамдардың жүздері жарқын. Бәрінің дидарында біткен іске деген қуаныш, мақтаныш табы бар.  Орталықтағы мешіт үйінен сәл берірек алаңқайға салынған ескерткіш ашылмақшы. Ежелден имандылық шапағаты берік орныққан, аруақ қонып, нар шөккен Науан Хазірет туған қасиетті топырақта жалпақ жұртқа үлгі, былайғы жамағатқа жақсы мысал ретінде атап өтуге тұратын осы бір істері құптарлық. Атамыз қазақ «өлі разы болмай, тірі байымайды» деп аманат еткен.
Енді бір ауыз сөз елдік іс ескерткіштің салынуы хақында. Мамыр айының басында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналып әрбір елді мекендерде ізгілікті шаралар қолға алына бастады. Сол кезде осы ауылдың тумасы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шияп Әлиевтің қызы Бота Шияпқызы бір кезде, кешегі ит басына іркіт төгіліп жатқан кеңес заманында  қаңылтырдан жасалған, жел мен жаңбырдан бояуы өңіп кеткен ескі ескерткішті ауыстырып, көрнекті етіп жаңасын салу қажет екендігі туралы бастама көтерген болатын. Бастаманы бақуатты ауылдың тұрғындары бірден құп алып, қал-хадерлерінше қаражат та жинай бастады. Ауыл тұрғындарының майдангерлерге арнап ескерткіш қойғалы жатқанын естіген осы ауылдың тумасы, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының президенті Асқар Әлиев мәрттік танытқан. Ауылдастарына сәлем айтыпты. «Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда ауылдастарым ескерткіш саламыз деп алаңдамай-ақ қойсын. Өзім салып беремін» десе керек.  
Ел мерейін үстем еткісі келген іскер азаматтың уәделі сөзі көрген жұрттың көзі тоятындай толымды ескерткіш болып орнатылды. Ұзын-ырғасы 12 миллион теңге қаражат жұмсалып, алақандай ауылды былай қойғанда, үлкен қалалардың көркіне көрік қосарлықтай тамаша ескерткіш салынды. Қоршалып, ағаш егіліп, маңайы көгалдандырылған. Ағаш демекші, ағашының өзі Сібірден жеткізілген сирек тұқымды қарағай екен. Қыздың жиған жүгіндей ауылдың дәл ортасында айбыны асқақ, ажары келісті ескерткіш бүгінгі өздері де ата мен әжеге айналып отырған кейінгі ұрпағының шексіз құрметі мен перзенттік махаббатының жиынтығы тәрізді.  
Шағын ауылдың үлкен мерекесіне арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлов, Зеренді ауданының әкімі Асқар Мұратұлы, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының президенті Асқар Әлиев, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шияп Әлиев, ауыл ақсақалы Сәрсенбай Қоңқабаевтар сөз сөйледі.  
Бақытбек Смағұлов шағын ауылдағы жүрек шымырлатарлық шарапатты шаруаға разылығын білдіре келе, ардагерлер  аруағын ардақтаған Асқар Әлиевке Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» медалін табыс етті.
Мұнан соң Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин Құран оқыды. Еңселі ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды. Белгілі айтыс-кер ақын Құдайберлі Мырзабеков ел мерейін асырған шараға орайластырып, ел бірлігін паш еткен жыр жолдарымен арнау айтса, облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов осы автордың «Ащылы-Жекебояқ» әнін орындап берді.
Баратайдың шығыс жағындағы алаңқайда ат жарыс өткізіліп, күрес ұйымдастырылды.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар