Қарттарды аялау, құрмет көрсету, қажет болса, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына жәрдемдесу кейінгі толқынның мойнындағы борышы. Бүгінгі таңда облыс бойынша қайырымдылық акциялары жүргізілуде.
Акция шеңберінде соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, қолдау жасалуда. Осы бір игі шарадан облыстық мәслихаттың депутаттары да қалыс қалып жатқан жоқ. Қазанның 8-і күні облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин бастаған Серік Аяғанов, Сағынтай Елубаев, Нартай Ысқақов, Анатолий Куликов тәрізді бір топ депутаттар еңбек ардагері Сара Қаскееваның шаңырағында болды. Сара апай қонақтарды қуана қарсы алды. Жылы жүзді кездесуде өзінің өмірі жайлы әсерлі естеліктер айтып берді. Биылғы жылы 87 жасқа толып отырған тыл еңбеккері халық қалаулыларының сыйлап келіп, сәлем бергеніне разы болып қалды. Әрине, депутаттар құр қол барған жоқ. Еңбек ардагеріне алаулаған гүл шоқтарымен қоса, теледидар сыйлады.
Осы күні облыстық мәслихатта еңбек ардагерлерін құрметтеу рәсімі өткізілді. Шақырылған қонақтарға мерекелік дастархан жайылып, әртүрлі сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді. Жан жадыратар, көңілге демеу болып, көкірекке шуақ құятын ізгі тілектер айтылды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин мен оның әріптестері ардагерлерге ұзақ жылғы адал еңбектері үшін алғыс лебізін білдірді. Ардагерлер де өз кезегінде көңіл аударғандары үшін ақ алғыстарын жаудырып жатты. Екі буынның бір-бірін қапысыз түсінген кездесулері, бір-біріне деген шынайы ықылас-сезімдері жүрек тебірентерліктей болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.