Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қырық күн бұл өмірден Аға өткелі, Іздейді Арқа, Көкше, Қараөткелі! - АРҚА АЖАРЫ

Қырық күн бұл өмірден Аға өткелі, Іздейді Арқа, Көкше, Қараөткелі!

Ғылым сардары

Серік НЕГИМОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

1968 жылдың қыркүйек айында Қазақ мемлекеттік университетінің студенттері Қостанайдың астықты даласында еңбек етті. Жұмыс басталып кеткеннен кейін, жетекшілік жасауға от жігерлі, қимыл-әрекетінен, сөз саптау мәнерінен бұрқыраған қуаты, өткір мінезі елес беретіндей Тұрсынбек аға Кәкішұлы келген-ді. Ғылым академия-сынан университетке ауысқан беті екен. Сол уақытта сыншының «Октябрь өркені», «Қызыл сұңқар», «Дәуір суреттері» кітабын оқып, танысқанымыз бар еді. Сөз ауанынан мұрағат қорларын, ірі шаһарларды  аралап көргені байқалатын-ды. Біздер орналасқан елді мекеннен 60 шақырым жерде Троицк, одан әрі Уфа қалаларында қазақтың айтулы қайраткерлері оқығанын да айтқаны жадымда қалыпты. Мен өскен жерден Ғалия медресесінде оқыған Зияш Алдабергеновтың есімін естігенде бір сергіп қалғаным бар.
Тұрсынбек Кәкішұлы 1969-1970 оқу жылында қазақ әдеби сынының тарихынан лекция оқып, қыруар мәліметтерді, деректерді мөлдірете баяндайтын, жан-тәнімен дәрісіне беріліп, қара терге түсіп (ақиық қыранның көкжалға түскеніндей), аудиторияны уысында ұстап, білгенін десте-десте ғып жеткізуге бар қайратын аянбайтын.
Ара-арасында студенттердің шығармашылығына да мән беруші еді. Кім қандай шығармашылық түрімен (өлең, әңгіме, мақала) айналысатынын құмарта сұраушы еді. Ұнағандарын редакцияларға апаратын.
Ұстазым Тұрсынбек аға студенттерге ұлы мәслихаттардан қалмаңдар, ұлы тұлғалардың сөзін естуден жалықпаңдар, тіпті, айтқанын ұқпасаңдар да түрін көргеннің өзі ғанибет дейтін. Шынында да студент жастардың жанашыры бола білді.
Бірде дипломшылар Тұрсекеңмен шүйіркелесіп келе жатқанда қарсы алдымыздан профессор Темірғали Нұртазин шыға келді де, Тұрсекеңді оңаша алып, бірдеңе деді. Сол сәтте Тұрсекең: «Ой, Темке, о не дегенің!» деп саңқ етті. Сөйтсе, Т.Нұртазин: «Дипломшылармен бірге жүрме. Көре алмастар коньяк ішіп жүр деп айтады» деп  сақтандырған екен. Менің диплом жұмысымның тақырыбы «Сәкеннің өлең өрнегі» делініп бекітілді де, Тұрсекең жетекшілік жасады. 1971 жылдың ақпан-наурыз айларында Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсеновке жетекшілік жаса деп мені тапсырды. Ол кісі дипломның әрбір тарауын зейінмен оқып, ескертпелерін қағазға түсіріп беретін-ді.
–Осы сіз неге жетекшіліктен бас тарттыңыз?–деп сұрадым. Сонда:
–Академияға үйрене берсейші, – деді.
5-ші курста жүргенімде Тұрсекең іссапарға (Тбилиси, Баку қалаларына) кеткенде лекция-ларын маған тапсыратын-ды. Бұл да аудитория алдында сөйлеу мәдениетіне жаттыға берсін дегендік болар.
Жаны жақсылық жасауға, ұлттың интеллектуалдық мәдениетін көтеруге (бұл сол дәуірдегі зиялыларға тән қасиет) ынтызар Тұрсынбек ағаның лебізіне ой жүгіртейікші:
«Сәкентану ілімі өркендеп, күннен-күнге оның алымы молайып келе жатыр. Алайда, түбегейлі бір мәселеге ой жарығы мол түсіп, әлі айқындала қойған жоқ. Ол – Сәкеннің жаңашылдығы. «Сәкен – жаңашыл, новатор» дегенді айтпайтын, жазбайтын зерттеуші аз, бірақ, оның шын сыры не, неден көрінеді, қалай жүйеленген? Білгеніміз қайсы, білмейтініміз қайсы дегендей сауалдарға тап басып, дәл жауап берушілер аз. Сәкен жаңашылдығын арнайы зерттейтін, қазақ поэзиясына қосқан үлесін айқындайтын кезеңге жақындап келеміз. Бірақ, осы мәселені жан-жақты, бар болмысымен қолға алатын талапкер дәл қазіргі кезеңде шыға алмай келеді. Айтсам ба, жазсам ба дейтіндер көп, бірақ, тәуекел етушілер аз. Осы жайды ескеріп, мен Сәкентану жөніндегі спецкурста ойы, білімі, талап-талғамы жетілген студенттерге барлау жасатып жүрген жайым бар. Тап осы тақырып бойынша бірнеше студент курстық жұмыс та жазды, солардың ішінде өзі өлең жазатын, өлеңді сөздің жанын жыға ұғынатын Серік Неғымов айрықша талап көрсетіп, көптеген еңбектер оқыды, соны ізденістер жасады. Студенттердің ғылыми қоғамында баяндама жасап, республикалық ғылыми конкурсқа арнап еңбек жазды. Биылғы оқу жылында 3 курс студенттеріне Сәкеннің жаңашылдығы жайында мен оқыған лекцияға қосымша Серік бір лекция оқыды. Студенттер ынта қоя тыңдады, көптеген сұрақ беріп, өздерінің құрбысының таным-білімін жан-жақты тексеріп алды. Мұның бәрін айтқанда, Серік жұмысының тек дипломдық мақсатпен ғана емес, перспективалы ой-нысана тұрғысынан алынған тақырып екенін айтқым келеді.
Диплом жұмысы келешекте істелер істің жақсы барлаушысы екенін таныта алған. «Әуендік образ», «Ырғақ және интонация», «Ұйқас», «Буын және бунақ жүйесі», «С.Сейфуллин поэзиясындағы символикалық образ» атты тараулар мен бөлімдер Серік Неғымовтың қай өлкеге көз тастағанын анық танытып, өзінің толымды ойларымен көрінеді. Бұлардың біразын Сәкен өлеңін зерттеушілердің еңбегіне сүйене отырып айтса, қайсыбірін өзі топшылайды, поэзияның ұлттық топырағынан алыстамай, жаңа өлең өрнегінің өніп шыққан дәстүрлі арнасын атап отырады.
Серік осы алған бағытынан таймай, қазақ өлең жүйесін зерттеу саласына әбден ден қойса бірқыдыру табысқа жете алатын сияқты. Өйткені, оның көркемдікті танып-білуі, эстетикалық сипатын ажыратуы, өлең құрылысының ішкі құбылыстарын жыға түсінетіндігі, сөз жүйесін, дыбыс ырғағын, әуен-мақамдардың мәнін ашуға ынталы іздемпаздығы осы диплом жұмысын жоғары бағалауға мүмкіндік береді, тіпті, атап өтсе де артық болмас еді деген ой тудырады,
Рецензент (қолы) Т.Кәкішев. 5/VI-71»
Осы жылдың 8 маусымында 8-ші боп дип-лом қорғадым. Қорғаудың алдында менің сөзімді Тұрсекең қарап шықты да, 7-8 минуттан асырма деді. Өлең құрылысына, әсіресе, тоникалық өлең құрылысына қатысты қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Бейсембай Кенжебаев сұрақ қойған-ды.
Мемлекеттік емтихан комиссиясының қорытындысы бойынша мынадай ұсыныс жасалды.
Зам. Министра просвещения Казахской ССР
Тов. Есенжоловой Р.Е.
Деканат филологического факультета и кафедра казахской литературы КазГУ просит Вашего указания об освобождении от поездки по направлению выпускника университета этого года Негимова Серика.
Наша просьба мотивируется следующими обстоятельствами: выпускник университета С.Негимов проявляет большую склонность к научной работе. Его дипломная работа отличалась и высоко оценивалось Государственной комиссией как работа имеющая тео-ретическое значение. Руководитель данной дипломной работы доктор филологических наук М.Дуйсенов ходатайствовал перед ГЭК о необходимости оставления в аспирантуре Института литературы и искусства им.М.Ауэзова АН КазССР, который имеет целевое направление в Институт Мировой литературы им.М.Горького АН СССР по теории литературы.
Кафедра казахской литературы намеревалось оставить его в своей аспирантуре, но к сожалению, не было выделено место Министерством В и ССО КазССР по казахской литературе.
Просим уважит нашу просьбу.
Декан филологического фак-та, профессор (қолы) К.Аханов.
Зав.кафедрой казахской литературы,
доктор филологических наук, профессор  (қолы) Б.Кенжебаев.
1971 жылдың сәуірінде «Қазақ әдеби сынының тууы мен қалыптасу жолдары» атты докторлық диссертациясының авторефератын шығаруға қол ұшын бергенім бар. Мәтін қалай теріледі, беттеледі, түптеледі. Мұны көрудің өзі ғанибет. Әрқайсымызға қуана-қуана бір-бірден автореферат жазып берді. Және де үйінде кең дастархан жайып, мырза пейілімен, дархан көңілімен Күбірә тәтеміздің де нұрлы бейнесі дәл кешегідей есімізде.
Ұстаз, сыншы, ғалым, көсемсөзші Тұрсынбек аға докторлық еңбегін 1971 жылдың 17 маусымында қорғағанда Сәбит Мұқанов, Мәлік Ғабдуллин, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Темірғали Нұртазин, Ахмеди Ысқақов, әзербайжан ғалымы Камал Талыб-заде сөйлеп, бір ғасырлық қазақтың сыншылық ойларын білгірлікпен тұжырымдағанын қадап айтқан-ды.
Ел мүддесін, жастардың жайын жоғары ұстайтын марқасқа докторлық диссертациясының мазмұнын баяндауға мінбеге қарай бара жатқанда, сол жақ бүйірінде тұрған жас сыншы Сағат Әшімбаевқа бұрылып («Лениншіл жас» газетінде істейтін), ана жігітті саған жібердім, мәселесін шеш деді.
Қазақстан Ғылым академиясы маған КСРО ҒА М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының аспирантурасына түсуге жолдама берді. «Символический образ в поэзии С.Сейфуллина» дейтін тақырыпта реферат жаздым.
Мәскеуден рефератың қабылданды, емтихан тапсыруға кел деген телеграмма алдым. Жолға шығарда Тұрсекең мәскеулік профессор Халық Көроғұлына мынадай тілхат жазып берді: «Извините за беспокойство. Человек, который вручил это письмо, является моим воспитанником в университете. Он проявил большую склонность к науке, особенно к теоретическим мышлениям. Сейчас направлен к Вам, на прохождение курса целевой аспирантуры. Дальнейшая судьба его меня глубоко волнует. Должен сдавать вступительный экзамен по теории литературы. Знание у него есть, но изложение мысли на русском языке будет немножко трудновато, так как он окончил казахское отделение. Эта «помеха» видимо будет мешать ему и в дальнейшем, хотя аспирантские годы ему даст очень многое. Я сгущаю красок для того, чтобы Вы стали его крестным отцом. Я сейчас не знаю кто будет его руководителем, если это возможно, желательно было бы быть руководителем его Вам, но по крайней мере опекуном его.
Живи и трудись по прежнему,
С наилучшими пожеланиями
Ваш Турсынбек Какишев.
10/ХІ-71»
Ғылым сардары, ел ардағы, қазақ әдебиеті сыны тарихының білгірі Тұрсынбек Кәкішұлы республиканың әдеби-мәдени өркендеуіне жойқын үлес қосқан ардагер. Талай рет сапарлас, пікірлес болдым. Мәселен, Абылай хан, Хан Кене, Ақжолтай Ағыбай батыр, Дулат, Шортанбай жыраулар және Мағжан, Сәкен сынды ұлт қаһармандары мен ақындарының мүшелтойларында. «Ер жорықта сыналады» деген қағида бар. Тұрсекең жолда өте көнтерлі, елгезек, «атқа жеңіл, тайға шақ, ұйқысы жоқ, жолға сақ».
Асылы, аяулы ұстазымның болмысына мінездеме берер болсам, ол – бықсық, жалтақ, тайғанақ, жантық емес. Қулығы, арамдығы, мәймөңкесі, ішкі бүкпесі, есебі жоқ. Ойын солқылдата, күндей күркірете, жай отындай жарқырата айтады. «Айна айна емес, халық айна» дегендей, ел осылай таниды. Бұған 2013 жылдың 5 қазанында Абылай ханның үш жүз жылдық салтанатында ұлттың, ұлы жұрттың жалынды сөзін айтқанына халқы куә. Бұл ұлт қайраткерінің аңызға айналған тарихи сөзі еді. Қазақтың абыз ақыны Мұзафар Әлімбай жайсаңды жоқтауында:
Жаралған намыстан,
Айбынды арыстан.
Мерейлі, кенейлі,
Әлсізді жебеген,
Алыппын демеген, – деуі шынайы да әділетті!

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар