Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында аудан әкімі Асылбек Исмағамбетов Шаңтөбе ауылында болып, осы елді мекендегі зейнеткерлердің басын қосып, мерекелерімен құттықтады.
Әкім өз сөзінде заманында елге еңбек сіңірген аға буынның ешқашан ұмыт қалмайтындығын, оларға әрдайым қажет кезінде қол ұшы беріліп, қамқорлық көрсетілетіндігін айтып өтті.
Сандықтау ауданында айлық шеңберінде бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Сөз арасында егде адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін уақытылы шешіп, көмек көрсету жалғыз айлық шеңберінде ғана емес, тұтас жыл бойы жүргізілетіндігін айта кеткен жөн. Жанашыр жандардың жүрек жылуы, ниеті мен пейілі қариялардың мерейін асырып, көңілдерін шуаққа бөлейді. Олар да шынайы қамқорлыққа дән разы. Осындай ырысты ынтымақ пен берік бірліктің байламы, парыз бен қарыздың өтелуі осы жолғы жүздесуде тайға таңба басқандай көрініп тұрды.
Шара барысында Сандықтау аудандық мәдениет үйінің «Журавушка», «Берегиня» халықтық ұжымдары, балалар музыка мектебінің өнерпаздары өнер көрсетіп, қариялардың көңілін бір көтеріп тастады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.