Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аналық жүрегім алдамады - АРҚА АЖАРЫ

Аналық жүрегім алдамады

Қазіргі таңда медицинаның қарыштап дамыған заманында кез-келген аурудың түрін ерте анықтауға болады. Тіпті, ана құрсағында жатқан нәрестенің денсаулығы, оның бойындағы генетикалық кемшіліктердің бар-жоғы жайлы ақпаратты да бүгінгі дәрігерлер уақытында айтып бере алады.

Аурудың алдын алған әрине, жақсы ғой. Тек, ақ халаттылардың осы бір алдын ала жасаған қате болжамдарының кесірінен құрсағымдағы нәрестемнен айырылып қала жаздағанымды еске алсам болды, әлі күнге дейін бойыма үрей ұялайды.
Қателеспесем, бұл жүктіліктің екінші кезеңінде болған жағдай. Жұмыста отырғанымда учаскелік дәрігерім маған тез арада генетиктің қабылдауына бару қажеттігін айтып хабарласты. Әлгі сөздерден кейін көңілім бір түрлі алабұртып, дәрігер маманның кабинетіне кірдім. Оның айтуынша, менің қан сараптамаларым сәбиімнің бойынан бір кінәрат  тауыпты. Сараптаманы қайта жасап, егер оның қорытындысы тағы қайталанса, онда іштегі баланы тезірек алдыртып тастау қажет екен. Мұны естігенде не болғанымды білмей, көзімнен жас сорғалап кете барды. Генетиктің сөзіне қарағанда, мұндай сараптама үшін қан баланың кіндігінен алынып, нәтижесінде бала шетінеп кеткен жағдайлар да тәжірибеде талай кездесіпті.
Шыны керек, әлгі сөздерден соң жүрекке дәрігерлер ұялатқан қорқыныш одан сайын ұлғая түскендей болды. Сөйтіп, жолдасыммен ақылдасып бұл тексеруден бас тартып, сәбиімді дүниеге әкелемін деген нақты тоқтамға келдім. Келесі күні бұл шешімімді генетик дәрігерге айтқанымда оның: «Байқа, балаң дүниеге кемтар болып келсе, өкініп қалма», – дегені жүрегіме ауыр тигенін несін жасырайын. Керісінше, жүкті әйелді жұбатып, келер күнге деген сенімін арттырудың орнына әлі дүние есігін ашпаған нәрестесін алдыртып тастауға үгіттеуі қылмыспен тең деп есептеймін.
Дәрігердің қабылдауынан шыққаннан кейін айналам сұрғылт түске боянып, ана боламын деген бақытымды біреу тартып алып бара жатқандай көрінді. Қайда жүрсем де, кіммен сөйлессем де, көңілдегі мұң, көзімдегі жас таусылар емес. Медбике құрбыма да сырымды ақтарып, жағдайымды түсіндіргенімде ол да түсік жасаудан басқа амалдың жоқтығын айтып жұбатпақ болды. Алайда, балама деген аналық махаббатым мені мұндай қадамға жібермеді. Қазір  осы үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Күн сайын қызымның шат күлкісін естіп, балдай тәтті жүзін көргенде сол бір оқиғаны мәңгіге  ұмытқандай боламын. Құдайға шүкір, сәбиімнің дені сау, аяқ-қолы бүтін. Аналық жүрегіме емес, дәрігерлердің шалағайлығына сенсем, бүгінгі күні мұндай шексіз бақытқа кенелмесім анық.
Бір өкініштісі, мұндай жағдайға тап болған менен басқа да жас аналар жетерлік. Бірі әлгіндей медициналық тексеру қорытындысын қолға алғаннан кейін әліптің артын бағып, қайтсем де, ана атанам деген батыл байламға келсе, енді біреулері құрсағындағы сәбиінен үзілді-кесілді бас тартады екен. Атын атамай-ақ қояйын, кезінде мектепте бірге оқыған құрбым да генетик дәрігерлердің айтуы бойынша баласын алдыртып тастап, енді жолдасы екеуі бір балаға зар болып отыр.
Көпке топырақ шашайын деген ойым болмағанымен, өз басымнан өткен сол бір оқиғадан кейін дәрігерлерге сенуден қалғаным рас. Дені  сау шарананы кемсітуден ақ халаттылардың қандай пайда табатынын білмеймін, тек, бар білетінім, кез-келген әйел заты өз жүрегінің үніне, ана боламын деген асқақ армандарына сенуі қажет. Өйткені, бала Жаратқан иеміздің адамзатқа жіберген үлкен сыйы, аманаты. Сол аманатты арқалайтын, сіздер мен біздер, аналар. Бойыңызға біткен шаранадан құтылудың амалын ойламас бұрын, бір сәтке жүрегіңізге құлақ түріңіз. Сеніңіздер, ана жүрегі ешқашан алдамайды!

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар