Көкшетау қаласындағы балалар көркем сурет мектебінің тарихы сонау 1979 жылдан бастау алады. Облыс орталығының басты көшелерінің бірінде орналасқан аталмыш балалар мектебінің бақшасындағы мүсіндер мен салынған суреттер көздің жауын алады. Оқушылардың өз қолдарымен жасаған мүсіндеріне қарап, ертегілер әлеміне түскендей күй кешесің.
Дүниені көзбен көріп, түйсіну негізінде оны көркем өнерге ұластыратын, сурет салуға, мүсіндеуге үйрететін, үйретіп қана қоймай, эстетикалық тәрбие беретін облыс орталығындағы жалғыз балалар көркем сурет мектебі бүгінде 400-ден астам баланы шығармашылыққа баулуда. Мектепте жоғары педагогикалық білімі бар 14 ұстаз қызмет етеді. Оның алтауы Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері. Облысымызға танымал бұл қылқалам шеберлері жыл сайын дәстүрлі түрде өз көрмелерін ұйымдастырып келеді. Бұл ретте, елімізге танымал мүсінші, Астана қаласындағы Жәнібек пен Керей хандарға және И.В Панфиловке койылған ескерткіштердің авторы Ринат Әбенов те осы мектептің түлегі екендігін айта кеткеніміз жөн шығар.
Бұл көркем сурет мектебі инклюзивтік оқыту бағдарламасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі балаларды да оқыту жүйесін қолға алыпты. Ақмола облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының есту мүмкіндігі шектеулі балаларының да осы мектепке келіп, өз өнерін шыңдауға барлық жағдай жасалған.
–Биылғы оқу жылында мектебімізді мүмкіндігі шектеулі 8 бала тәмамдап шықты. Олардың жетістіктері де жоқ емес. Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен республикалық «Жұлдыз-ай» суретшілер байқауында Дарья Дмитриенко 1 орынды иеленді. Евгений Голубьев деген түлегіміз қаламызға танымал дизайнер, – деп зор мақтанышпен түлектерін еске алды балалар көркем сурет мектебі директорының орынбасары Наталья Булгакова. Сонымен қатар, мектеп оқушылары республикалық Дельфий ойындарында, «Жер Ана – ортақ үйіміз» атты балалар арасында өткен республикалық экологиялық сурет байқауында жүлделі орындарға ие болыпты. Биылғы оқу жылындағы тағы бір жетістік Яна Монтьева есімді оқушы Жапонияның Канагава қаласында өткен сурет байқауына қатысып, балалар арасындағы сурет аталымы бойынша жүлдегер атаныпты. Оқушылардың халықаралық, республикалық, облыстық байқаулар мен конкурстардан алған марапат қағаздары мен дипломдары көз сүріндіреді. Оның барлығы да осы мектеп оқушыларының жетістіктерінің айғағы, ұстаздардың есіл еңбегі.
Балалар көркем сурет мектебі оқу-шыларының жұмыстарын бүгінде облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайының, М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қабырғалары мен дәліздерінен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің көрме залынан, Назарбаев зияткерлік мектебі мен қала мұражайларының залдарынан көруге болады.
Балалар көркем сурет мектебі сурет салуға ынтасы бар балаларды 5 жас-тан бастап қабылдайды. Эстетикалық дамыту курсы деп аталатын алғашқы сыныпқа келген оқушыларға сурет салу ережесін, жабыстыру, құрастыру, мүсіндеу сабақтарында сурет салудың алғашқы әліппесін үйретеді. Сондай-ақ, олар мұнда сурет, көркем сурет, мүсіндеу, композиция сабақтары бойынша дәріс алады. Ал, төртінші сыныпқа келгенде ландшафты дизайн сабағын оқиды. Мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырған оқушылар көркем сурет мектебін тәмамдағандығы туралы мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Болашақ сәулетші, дизайнер мамандығын таңдаған оқушыларға осы мектепте алған білім мен білік алдағы уақыттарда сөзсіз көмек болары анық.
Жалпы, психологтардың айтуынша, балалардың салған суретінен олардың эмоционалдық дамуын, қоршаған ортаны танып білуін, қиял-сезімдерін танып білуге болады. Балалар сөзбен айтып түсіндіре алмаған ойларын сурет салу арқылы жеткізеді. Сондықтан да, мектеп жасына дейінгі бала үшін бейнелеу өнерінің маңызы зор. Сурет салу арқылы бала көтеріңкі көңіл-күй қалыптастырады, өз бойындағы шығармашылық қабілетін дамытады. Сондай-ақ, сурет салу ұқыптылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Бейнелеу барысында бала саусақтарының қимылдары жиілеп, оның ұсақ қол маторикасы жұмыс істейді, бұдан балалардың есте сақтау қабілеті дамиды.
Баланың бойындағы таланты мен қабілетін шыңдауға, дұрыс бағыт-бағдар беруге, шығармашылықтағы өрісін кеңейтуге бүгінде барлық жағдай жасалған. Сол себепті, ата-аналар өз балаларының бойынан бейнелеуге, сурет салуға деген ынта-қабілетті байқаса, оны дамытуға әрекет еткендері абзал.
Динара ЖӘМШИТОВА.