Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көрікті Бурабай баурайындағы ортақ мүдделер тоғысқан күн - АРҚА АЖАРЫ

Көрікті Бурабай баурайындағы ортақ мүдделер тоғысқан күн

 Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Бурабайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Мемлекет басшыларының және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестерінің отырысы өтті.

Жоғары деңгейдегі отырысқа Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов, Молдова  Республикасының Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары Андрей Галбур, Түрікменстан Министр-лер кабинеті төрағасының орынбасары Сатлык Сатлыков, Украинаның Қазақстандағы істерінің уақытша сенімді өкілі Юрий Лазебник, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы-атқарушы хатшысы Сергей
Лебедев қатысып, лаңкестік қаупіне бірлесе қарсы тұру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ТМД-ға мүше елдердің күш-қуат құрылымдарының ынтымақтастығы және басқа да негізгі мәселелерді талқылады.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесін бастамас бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь елінің басшысы Александр Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен, сондай-ақ, Алмазбек
Атамбаевты Қырғызстанда парламенттік сайлаудың табысты өтуімен   құттықтады.
– Отырыс басталар алдында бәріміздің әріптесіміз әрі досымыз Александр Григорьевич Лукашенконы президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, оған осынау жауапты лауазымда зор денсаулық пен табыстар тілегеніміз дұрыс деп ойлаймын. Сіздің басшылығыңызбен Беларусь елі барлық бағыттағы біздердің интеграциялық процестерімізді одан әрі нығайта береді деп сенемін, – деді өз сөзінде Елбасы.
Өз кезегінде Беларусь Президенті Александр
Лукашенко да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты  «Халықтар достығы» орденімен марапаттады.
Бүгін біздің кеңестің дәл осы құрамында, әріптестеріміз – президенттердің көз алдында осы награданы табыс еткім келеді. Беларусь халқы атынан осынау миссияны орындауға рұқсат етіңіздер, – деді Александр Лукашенко.
Сонымен қатар,  Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД-ның қалыптасуы жолында зор еңбек сіңіргенін, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын ұсынғанын ерекше атап өтті.
Бұдан әрі ТМД елдері президенттері халықаралық лаңкестікпен күресу мәселесіне тоқталды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде бүгінгі шара ынтымақтастықты тереңдете түсуге өз үлесін қосатындығына сенім артып отырғандығын атап өтті.
– Мемлекет басшылары кеңесінің бүгінгі отырысы Қазақстан Республикасының төрағалығымен өтуде. Қазақстан ТМД құрылған сәттен бастап біздің елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты жандандыруды, бірлікті нығайтуды табанды түрде жақтап келеді. Бұл посткеңестік кеңістіктегі 11 мемлекетті біріктіретін, баламасы жоқ бірегей әмбебап алаң болып табылады, – дей келе: – Бүгінгі отырыстың күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылған. Олардың басым бөлігі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған, халықаралық келісім-шарт топтамаларына қол қою, бағдарламалық құжаттарды бекіту, сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай және халықаралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдеме бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл құжаттар алдағы уақытта аталған кеңеске мүше елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.
Сондай-ақ,  осы күні ТМД кеңесінің екі
басшысы тағайындалды. Олар ТМД терроризмге қарсы орталықтың басшысы Андрей Новиков пен ТМД Қорғаныс министрлер кеңесі жанындағы әуе қорғанысы мәселелері бойынша үйлестіру комитетінің төрағасы  Виктор Бондаренко. ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан сайланған басшыларды құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
ТМД Мемлекет басшыларының кеңесін қорытындылай келе қатысушылар бірлесе атқарылған жұмыстарды пысықтап, түйіндеді.
– Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына Қазақстанның төрағалығы аяқталады. Шындығын айтайын, біздерге экономикалық тұрғыда өте қиын кезең тура келді. Бірақ, біз өз миссиямызды орындауға тырыстық. Достастық аясында жоспарланған барлық шара өткізілді, – деп сөзін қорытты Елбасы.
Осылайша,  аталмыш кеңес мүшелері алдында ТМД Мемлекет басшылары кеңесіне төрағалық еткен Қазақстан өз міндетін абыроймен атқарып,  тізгінді көрші Қырғызстан Республикасына  табыс етті.
Осы күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өткізілді. Іс-шараға Армения Республикасының Президенті  Серж Саргсян,
Беларусь Республикасының Президенті  Александр Лукашенко, Қырғызстан Республикасының Президенті
Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті
Владимир Путин қатысты.
Отырысты ашқан Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздердің жемісті болғанын, сондай-ақ, қол қойылған құжаттардың маңыздылығын атап өтті.
Шара барысында тараптар ЕАЭО жұмысының қорытындысын шығарып, дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Одақ қызметінің мәселелері талқыланды, соның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы құрамының саны бекітіліп, оның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді. Сонымен бірге, ЕЭК-тің келесі жылғы басшысының кандидатурасы келісілді. Жаңа мүшелер қабылдау және ЕАЭО-дағы мүшелікті доғару тәртібі қабылданды.  
Отырысқа қатысушылар ЕАЭО мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жұмысын үйлестіру жөніндегі іс-қимылдарға арнайы тоқталды.
Мемлекеттер басшылары Одақтың үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібін талқылады. Мәселен, Израиль мемлекетімен еркін сауда аймағы туралы келісім жасауға қатысты келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды.
Еліміздің ДСҰ-ға кіруіне байланысты негізгі жайттар Қазақстан тарапының бастамасымен қарастырылды.
Сонымен қатар, қызмет көрсету секторларының тізбесі бекітілді, осыған орай, ЕАЭО аясында қызмет көрсетудің бірыңғай нарығын қалыптастыру ырықтандыру жоспарына сәйкес жүргізілетін болады.
Соңында шараға қатысушылар күн тәртібі мазмұнды, атқарылған жұмыс  тиімді болғанын атап өтті.
Кеңестің келесі жоспарлы отырысы ағымдағы жылдың  желтоқсан айында Мәскеуде өтеді.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесі отырысының соңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі қонақтарға ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай ұйымдастырылған этноауылды көрсетіп, халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарымен жақынырақ таныстырды.

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар