Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қоғамды ізгілік сауықтырады - АРҚА АЖАРЫ

Қоғамды ізгілік сауықтырады

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы мен облыстық мәслихаттың әлеуметтік сала бойынша тұрақты комиссиясының кезекті мәжілісі болып өтті.

Социологтардың мәліметіне қарағанда, еліміздегі әрбір бесінші бала отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Сондай-ақ, қазақстандағы 3 мыңнан астам бала зорлыққа душар болуда. Әсіресе, мұндай келеңсіз оқиғалар көшеде, мектеп қабырғасында, балалар үйінде және кейбір отбасыларында кездеседі. Жыл сайын 170 мың жұп отбасын құрса, дәл сол уақытта 40-45 мыңы ажырасып үлгереді. Сондықтан, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы ана мен баланы қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою бағытындағы жұмыстарды саралау, баланы тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, жасөспірімдердің арасында ерте жүкті болып қалу мен суицидтің алдын алу мақсатында облыстың бірқатар өңірлерінде болды.
Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова хабардар етті. Сондай-ақ, мәжілісте облыстық ішкі істер департаментінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Айнагүл Қуандықова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева және «Феминистік топ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Морозованың  баяндамалары тыңдалды. Ал, облыстық ішкі істер департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша аға инспекторы Марина Белик облыс бойынша әйелдерге қатысты қылмыстық қол сұғушылық пен заң бұзушылықтар жөнінде өткен жылы 3822 арыз тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 2079-ға дейін азайып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, облыс бойынша 11 әйелдің зорлық-зомбылықтан қаза тапқаны тіркелген. Оның ішінде жалпы қылмыс және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әсіресе, Степногорск қаласында өсіп отыр. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан әйелдердің 3-уі осы қалаға тиесілі.
Ағымдағы жылы әйелдерге қатысты 98 зорлау оқиғасы тіркелді. Былтыр бұл көрсеткіш 94 болған еді. Оның 71-і бойынша қылмыстық іс қозғалып, 12-сі сотқа жолданды. 59 жағдайда тараптар татуласты. Қазіргі кезде 23 қылмыстық іс қаралу үстінде. Осыдан-ақ, бұл бағыттағы жұмыстың көңіл көншітпейтінін байқауға болады.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша инспекторлармен 1042 шағым қаралған. Сонымен қатар,  тұрмыстық қоқан-лоқы көрсеткен 2134 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда біршама төмен. Қылмыстың көбі тұрғылықты жері мен жұмыс және қоғамдық орындарда мастықтан жасалынады. Биылғы жылдың басынан бері әйелдерге қатысты жасалған зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 193 материал жарық көрген.
Осы орайда, әсіресе, отбасындағы кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылық түйткілді мәселе болып қалуда.  Кез-келген зорлық-зомбылықтың баланың денсаулығына әсер етіп қоймай, оның өз-өзіне қол салуы немесе бүкіл қоғамды дүрліктіріп отырған суицидке әкеліп соқтыруы мүмкін. Жыл басынан облыста осындай 10 суицид пен өзіне-өзі қол салмақ болған 16 оқиға тіркелді. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 6 суицид оқиғасы анықталғанын ескерсек, бұл алаңдатарлық жайт. Мамандардың сөзіне қарағанда, қайғылы жағдай көбіне отбасындағы түсініспеушіліктен болады екен. Бұл бағытта облыстық білім басқармасы, облыстық прокуратура және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп жұмыс істеуде.
Мәселенің мән-жайымен жете танысқан облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы аудан, қала әкімдері мен бірқатар басқармалар, департаменттер және ведомстволар басшыларына ана мен баланы қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою, баланы тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, ерте жүкті болып қалудың және суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды ширату жөнінде  шешім қабылданды.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар