Жексенбі күні Нью-Йоркте 34-ші жеңісіне қол жеткізген қазақстандық кәсіпқой бокс-шы Геннадий Головкин үшінші чемпиондық титулына ие болды.
Нью-Йорктегі Madison Square Garden кешенінде өткен жекпе-жекте жерлесіміз канадалық Давид Лемьені 8-ші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Бұған дейін спорт сарапшыларының көпшілігі канадалық боксшының Головкин үшін қиын қарсылас болатынын және рингте тосын сый жасауы мүмкін екенін айтқан болатын. Дегенмен, болашағынан үлкен үміт күттірген Лемьеге Головкин рингте еш мүмкіндік қалдырған жоқ.
Осылайша, Геннадий Головкин кәсіпқой бокс шаршы алаңында қатарынан 21-ші кездесуін нокаутпен аяқтап отыр. Бұл кәсіпқой бокс тарихындағы рекордтық көрсеткіш.