24 қазан, сенбі күні Астана қаласында Ақмола облысының азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
Жылдағы дәстүр бойынша бұл жолы да елорданың айналасында азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасына сүбелі үлес қосып келе жатқан ақмолалықтар астаналық тұрғындарға арзан бағамен 70-тен астам азық-түлік өнімдерін ұсынып, үлкен-кішіні бір қуантып тастамақшы. Осы орайда, 345 тонна ет және шұжық өнімдері, 39 тонна сүт және сүт өнімдері, 160 тонна картоп, 125 тонна түрлі көкөніс, 71 тонна ұн, 14 тонна балық өнімдері мен тағы басқа азық-түлік түрлері сатылатын думанды жәрмеңке көпшілік көңілінен шығатынына сенім мол. Өйткені, бұл күні жалпы алғанда 404,3 миллион теңгенің 969 тонна өнімі саудаға түсіріліп қана қоймай, жәрмеңке өтетін «Хан Шатыр» сауда-сауық орталығының алдындағы алаңда облыс өнер шеберлерінің әуелете салған әні мен мың бұралған биі, ұлттық салт-дәстүр көріністері де келушілер назарына ұсынылмақшы. Қазір облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Көкшетау, Степногорск қалалары мен барлық аудандардың өңдеу саласы және ауыл шаруашылығы қызметкерлері, «Есіл» әлеуметтік-өнеркәсіптік корпорациясы осы үлкен шараны ойдағыдай өткізуге, сөйтіп, астаналықтарды ақмолалықтардың биылғы ырыс-берекесімен қуантуға бір кісідей жұмыла түскен.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.