Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Моцарт пен Сальери - АРҚА АЖАРЫ

Моцарт пен Сальери

Шығармашылық, дұрысы туындыгерлік, сірә дә, Тәңір сыйы болар! Ұлы Абай қаламгерлігінің жұмбақ жаратылысы, әлі де ашылмаған терең сырлары, Мұқағали жырларының өлмес рухтары, керемет болмыстары осылай ойлауға жетелейді.

Лев Толстойдың бірде «Мен Анна Каренинаның поездың астына түсерін тіптен, білгенім жоқ. Бәрі күтпеген жағдайда болды» деуінде де, бір тылсым жатқан жоқ па. Айтпағымыз, шын шығармашыл жандарға жоғарыдан, Жаратушының пәрменінен қуат құйылып тұрар болар. Толстой да жазу үстінде келесі оқиғаның қалай өрбитінін білмеген. Ұлы Вольфганг Амадей Моцарт та музыкаларын жазғанда, әлде нендей ұлы күштің жетегінде кетіп отыратынын айтқан. Ал, оның замандасы Сальериге мұндай бақытты Жаратушы бермеген. Сондықтан да, Сальеридің «Елдің барлығы жер бетінде әділдік жоқ дейді. Ал, сол әділдік Жаратушыда да жоқ» – деп, күйінетіні содан. Қанша еңбектенсе де, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, бейнетке белшесінен батса да, Сальери Моцартқа жете алмайды.
Шығармашылығы шырмалған шырмауықтай, жеміс бермей, ашындырады, көкейіне қызғаныштың, тіпті, көре алмаушылықтың шаласын бықсытады Сальеридің. Тіпті, түк таба алмаған соң, Моцартты есінен адасқан, қыдырымпаз, жеңіл мінезді адам деп өсек таратады. Сальери ұлы туынды жазу үшін шығармашылық жұмыстың табиғатын түсініп, зерттеу ғана керек. Соната мен симфонияларды «жіліктеп, бөлшектеп», олардың құрылысының нендей дыбыстардан тұратынын зерделеу, есту керек деп, шатасады. Сальеридің мықтап қателескені де осы тұс болатын. Оған Жаратушы шығармашылық табиғат, дарын бермеген еді.
Иоганн Вольфганг Гете «тек қана, құр бейнетпен ғана шығарма жасаймын деу қателікке ұрындырады. Егер Құдай берген, табиғат туа сый еткен дарының, талантың болмаса, бәрі бекершілікке әкеледі», – дейді. Гетенің пікірінше, шығарма кейде аяқ астынан туады. Санаң сол сәтінде сәулеленіп, әлде бір аспан асты әлемінен қуаттар құйыла бастайды. Гетеге оның ұлы шығармаларының өркештісі «Вертер» осылай көктен құйылған. Шекс-пирге де «Гамлет» осылай «елес» берген… «Сквозь магический кристалл, Еще не ясно различал!» Бұл – Александр Сергеевич Пушкиннің «Онегинді» жазар түнгі көрген түсі жайындағы жыры. Ұлы ақынға ұйқыда жатқанында болашақ жазар туындысының сұлбасы, мазмұны, кейіпкерлері көрінген… Әлбетте, еңбекпен, бейнетпен шығармашылыққа машықтануға болар. Тек, машықтануға… Бірақ, Мұқағалиша жыр қашай алмайсың! Нұрғисаша музыка тудыра алмайсың! Туар болса, қара дүрсін, сезімді селт еткізбейтін, ойға қалдырмайтын, қуанта алмайтын, толғантпайтын дүниелер келеді, өмірге.
Атақты композитор Лист ұлы Паганинидің скрипкада ойнаған ғажайып шеберлігіне қызығып, бір жыл бойына үйіне қамалып, фортепиананы да Паганинише тарту өнеріне жетпейінше, бейнеттен босамаған. Ақыры, үйренген. Бірақ, Листің бойында Жаратушы берген ерекше дарын болды ғой. Кез-келгеніміздің тек қана бейнетпен, ондай биікке жете алмасымыз анық. Неге де болса, әуел бастағы табиғи талантың тұғыр. Сондықтан, Вольфганг Амедей Моцарт ұлы шығармалар тудырған да, Сальери, қанша бейнетке батса да, Моцарт секілді ұлы саздарды өмірге әкеле алмаған…
Ұлы ақын Гетенің сондықтан да, «шығармашылық қабілеттің артында «мефистофельдік», «перілік» күш тұрады немесе ол қуаттар Жаратушының сыйлығы!» деп, байлам жасауында үлкен сыр бар.
Иммануил Кант та адамдардың кейбірінің ғана шығармашылық, ғалымдық қабілет, дарынмен туатынын және кез-келгенге бұйыра бермесін айтады.
Әрине, сол туа біткен дарынды ұштау, қасиеттеп ұстау мен қадірлей білудің және дамытудың жолындағы еңбек пен бейнеттің жөні, болмысы басқа екенін ұғу жөн.
Ықылым замандардың ұлы айтқыш, шешені болған Демосфонның бала кезінде тілінің аздаған мүкісі болған. Ол сол кемшілігінен арылу үшін ұзақ жылдар жанын қинап, дұрыс сөйлеуге жаттыққан. Бірақ, солай болғанымен Демосфонның туа біткен ақылы, ойлай білудегі ғажайып логикасы бар еді. Сөз – қисынды ойлай білудің жемістерін жеткізер құрал ғана ғой… Ішкі түйсіксіз, тереңде жатқан өзгеше жаратылыссыз Демосфон ұлы философ, ұшқыр шешен бола алар ма еді… Людвиг Ван Бетховен де таза естімей қалғанына қарамастан, ұлы саздар тудыра берген. Оған ішкі күштері, ұлы талантының құдіретті табиғаты көмектесіп отырған немесе Жаратушы аспан әлемінен музыка құйып тұрған… Гете айтатындай, әлде бір мефистофельдік, перілік, болмаса, Тәңірлік ұлы күштер Бетховенді үнемі қолдап отырған…
Әрине, еш нәрсе де еңбексіз, қарекетсіз жеміс бермейді. Талант пен дарындылық – құнарлы топырақ. Оған талап пен еңбек дән ретінде сіңірілсе, зайыр. Бірақ, құнарлы сол топырақ болмаса, құр талаптан ештеңе өнбейді, өспейді.
Ұлы Микеланджело жұмысын тамақ ішу үшін тоқтата беретініне қатты қынжылған. Уақытым босқа кетеді деп, ренжіген. Микеланджелоның осы мінезінің де артында оның шыдатпай бара жатқан ұлы дарыны тұрған. Ол таланты бойына алаулаған от жағып, ас ішуіне де уақыт тапқызбаған. Еңбекке енжар қарау, жалқаулыққа салыну – адамды бақытсыздыққа апаратын бұралаң соқпақ. Еңбекшіл болсақ, көгереміз. Ал, дарының, талантың бола тұра, еңбекпен оны қайрап, шыңдап отырмасаң, жүрегіңдегі Жаратушының туғанда жағып берген сол отын өшіріп аласың! Бұл – шығармашыл жандарға қарата айтқанымыз.
…Тағы бір ескертеріміз, егерки, дарының болмаса, өнерге, ғылымға, шығармашылық атаулыға аттап баспа. Қанша жерден өзіңді «жұлдыз» атаса да, сенбе!.. Дауысы жоқ әнші, дарыны жоқ  күйші, айтары жоқ ақын, жазушы болудан сақтан! Бақытыңды басқа саладан, өзге тірліктен адал еңбегіңмен табуға әбден болады. Ақын болу – шарт емес, азамат болу – міндетің!
…Ұлы Флобер: «Мен жұмыс істеуге қинала, жек көре отырамын да, оны бітірген соң, қимай қоштасамын!..» деген. Бейнетті еңбектің ләззаты кейде, келе-келе рахатқа бөлейтіні және бар…
Қысқасы, Моцарттың да өмірін, Сальеридің де тірлігін жадыңнан шығарушы болма! Екеуі де – мектеп!

Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар