Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақылы әскери даярлық – міндетті әскери қызметтің баламасы - АРҚА АЖАРЫ

Ақылы әскери даярлық – міндетті әскери қызметтің баламасы

 Қазір Отан алдындағы міндетті азаматтық борышын  өтеуге тиісті жастардың бір бөлігі бірер ай ақылы даярлықтан өтіп, әскер қатарына шақырылмай-ақ, әскери билеттерін алатын болды. Бұл туралы ел ішінде әртүрлі пікір бар. Біреулер құптайды, біреулер құптамайды. Осының мән-жайына жете қанығу үшін тілшіміз тақырыпты зерттеуге кіріскен еді.

  Ел қорғау – қастерлі ұғым десек те, оның астарын түсінбей, ада болып жүргендер де жоқ емес. Бүгінде әскерге барудан бой тасалайтындардың да қарасы көбейді. Өз туған ошағын қорғаудан ат-тонын ала қашқандардың санасында ұлттық рух, патриоттық сезімнің ұшқыны да болмағаны ма, сонда. Байтақ жерімізді аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғаған  бабалар ұлағатынан тағылым алмағаны ма?!
Қазір әртүрлі діни теріс ағымдар көбейді. Тіпті, христиан баптистер жастардың өз Отандарын қорғағанын қаламайды. Неге? Әлде олар үшін Отан деген қастерлі сөз жаһанамның ызғарындай естіле ме екен?!
Біз тәуелсіз ел атандық. Азат елдің туын түсірмей, қызғыштай қорғайтын  сәт енді туды. Бес қаруымызды сайлап алып, тыныш елдің шекарасын күзету де әрбір ер азаматтың борышы екенін қаперден шығармасақ керек. Әлгіндей секталар жетегінде жүргендер болмаса, саналы жастардың басым бөлігі елдіктің қадірін ұғынатыны қуантады. Сарбаздық өмір адамды ерте есейтеді.   Жігер мен қайрат та адамның жан дүниесіне осы әскердегі тәртіп арқылы даритынын да жоққа шығармасақ керек. Бойында бабалар қаны ойнаған жастар ел қорғау міндетінен жалтармай, барынша ынтызар болғаны шынымен олардың өз туған жерін шынайы сүюдің бір асқақ сезімінің көрінісі десек қателеспейміз.
Ақ матаға оранып, табытпен туған ошағына оралып жатқан  қайғылы оқиғалар да жан түршіктірері анық. Осындай келеңсіз оқиғаларды көріп, ұлдарын әскерге жібергісі жоқ ата-аналардың да қамкөңіл күйін түсінуге болады. Алайда, бұл әскерден қашуға сылтау болмауға тиіс. Әскери міндетін өтеу мерзімін кешіктіріп алатындар да жетіп жығылады. Мұндай санаттағы азаматтарға әскери міндетін өтеудің қандай балама жолдары қарастырылған. Бүгінгі әңгімені осы турасында өрбіткенді жөн көрдік. Осы жайларға жауап алу мақсатымен облыстық қорғаныс істері департаментіне хабарласып, ақпарат алған едік. Облыстың қорғаныс мекемесінің басшысы, полковник Жанат Ережепов қол астындағыларға бұйрық беріп,  тиісті мәліметтермен қамтамасыз етуге нұсқау жасады.
–Әскерге жарамды немесе денсаулығына байланысты әскерге жарамдылығы шектелген 22-і мен 27 жас аралығындағы азаматтар еліміздің Қорғаныс министрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес жергілікті әскери техникалық мектептерге тәлім алуға шақырылады. Бұл топқа көбіне денсаулығы жарамай, әскерге шақырылу мерзімі кейбір себептерге байланысты кейінге қалдырылғандар жатады. Биыл біз осындай 120 адамды аталған мектепте әскери мамандыққа оқытып шығаруымыз керек, – дейді департаменттің әскери дайындықтан тыс жұмыстар жөніндегі бөлімінің бастығы, аға лейтенант Азамат Қосман.
Ал, әскерге шақыру бөлімінің бастығы, капитан Ақжолтай Уәлиахметов өз сөзінде бүгінгі таңда әскерден әр нәрсені сылтау етіп, қашқақтайтындар саны көп азайғанын атап көрсетті.  Жылына
2,5 мың адам шақырылса, оның   бір жарым мыңы  міндетін өтеуге аттандырылады. Әрине, әртүрлі денсаулық ақаулары  кедергі болмаса, жастардың әскери міндетін өтеуге деген құлшынысы жоғары екенін де жоққа шығармайды.
Біз әскери міндетін өтеудің балама жолы енгізілген  Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Әскери техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Щучье  әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы филиалына да барып, мән-жаймен танысқан едік. Филиал директорының әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі көмекшісі капитан Ермек Еркімбаев бізді жылы қарсы алды. Сосын аталған мектеп тарихымен таныстырып, оқу үдерісіне қанықтырды.
Бұл орталық  1997 жылдың
8 тамызында  еліміздің Қаржы  және Қорғаныс министрліктерінің келісімдері негізінде алдымен Щучье әскери-патриоттық мектебі болып құрылған екен. Кейін  Қорғаныс министрінің 2000 жылғы 13 маусымдағы бұйрығына орай,  Щучье филиалына айналдырылады. Ал, қазір осы атаумен Көкшетау қаласына көшірілген.
–2013 жылдан бастап әскери оқыту резерві бағдарламасына сәйкес әскерге шақырылатындарды даярлықтан өткізе бастадық. Филиалда азаматтар  әскери білім алып, ату қаруларына машықтанады. Он екі пән бойынша  40 тәулік оқығаннан кейін  арнайы сертификат беріледі. Сөйтіп, олар өздерінің жергілікті әскери комиссариаттарына барып тіркеліп, аталған сертификаттар бойынша әскери билеттерін алады, –дейді капитан Ермек Еркінбаев.
Оқыту ақысы 263 мың 318 теңгені құрайды. Бір айтарлығы, орталық ашылғалы бір мыңға тарта адам әскери даярлықтан өткен екен. Әскери киімде сап түзеп, арнайы даярлықтан өтіп жатқан  әскерге шақырылушылар аз уақыттың ішінде тиісті білім алуға бағдарланатынын білдік. Жас айырмасы әртүрлі азаматтар осылай әскери борышын өтеген болады. Яғни, әскери өнерге үйренеді. Соңғы уақытта әскерден қашқақтайтындар, яғни, қалтасы қалың ата-аналар өз балаларын осында беріп, оңай жолды таңдайды дейтін қауесеттердің де көбейгенін білеміз. Бұл сауал бізді де бейжай қалдырмаған еді.  Соған орай, сабақта отырған екі әскерге шақырылушыны өз таңдауымызбен оңашалап, сұхбат құрдық. Өзін Алмаз Қабдөшев деп таныстырған алғашқы жігіт Бурабай ауданынан екенін айтты.
–Шыны керек, университет бітірген соң, әскери билетсіз жұмысқа тұру қиын екенін біліп, уақыт оздырмай, осында даярлықтан өтуді қаладым. Бір жағынан оқуымды әрі қарай жалғастырып, отбасыма да көмектескім келеді, –деп ағынан жарылды ол.
Ал, Нұрбек Қуанышбаев деген екінші жігіт магистратураны тәмамдаған екен. Әскерге бармаған. Балама ретінде осында келіпті. Екеуі де мұндағы тәртіптің әскердегіден еш айырмасы жоқ екенін айтады. Ерте тұрғаннан кеш батқанға дейін әскери өнерге үйреніп, бір тыным таппайды екен. Бірақ, бәріне көндігіп, бар ынта-ықыластарымен әскери тәртіпке ден қойғандықтарын да тілге тиек етті.
–Біз осы жігіттерге ата-аналарыңыз кімдер? –деген сауалды да еріксіз қойған едік. Ондағы ойымыз мұнда қалтасы қалыңдардың балалары оқымай ма деген сауалымызға жауап табу еді. Сөйтсек,  Алмаз Қабдөшевтің ата-анасы қарапайым адамдар екен. Әкесі – теміржол шебері болса, анасы медбике көрінеді. Нұрбек Қуанышбаев та жылы жымиып, әкесінің ауылда механизатор екенін жеткізді. Бірақ, олар мұндағы төлемақының  аз еместігін де айтты. Ең бастысы, әскери өнерге қандай жолмен болсын үйрену керек деген мақсатты ұстанатындықтарын алға тарта сөйледі екеуі де.
«Ел басына күн туса, тасада қалатын біздер емес. Тәуелсіз еліміздің дамып, өркендеуіне бейбіт күнде де лайықты үлесімізді қосатын боламыз» деген патриоттық сезімдеріне әскери орталықтан марқайып шықтық. Дегенмен, көңілімізде әскерде бәрі  жақсы болса, әрбір азаматтың Отан алдындағы міндетті әскери борышын өтегені дұрыс қой деген екі ұдай пікірдің де қалғанын несін жасырайық…
Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар