Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елінің жүрегі «Ілиясым» деп елжіреді - АРҚА АЖАРЫ

Елінің жүрегі «Ілиясым» деп елжіреді

Биылғы жыл айтулы мерекелермен есте қалатын жыл. Соның ішінде ең шоқтықтысы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы екендігі белгілі.

Осы айтулы оқиғалар қатарынан заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиетінің тарихында ең көп роман жазған (17) зор талант иесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуы да айшықты орын алады. Ол – қазақ әдебиетінде алғашқы болып, тарихи зердемізге қан жүгіртіп, ұлт рухын тірілткен, сондықтан да, ел жүрегінде терең орын алған ерекше тұлға. Осындай тау тұлғаның құнарлы Атбасар топырағында дүниеге келіп, өсіп-өнуі, аяулы есімінің осы елмен тығыз байланысты болуы біздер, атбасарлықтар үшін баға жеткізгісіз мақтаныш. Содан да болар, туған топырағында әйгілі жазушының 100 жылдық мерейтойын өткізу туралы алғаш әңгіме туындағанда, бұған осы мерейлі іске қатысы бар үлкен-кішінің бәрі біркісідей құлшына атсалысты.  
Атбасар қаласы бұрын да өзінің аяулы перзентін  ардақтай білген шаһар еді. Мұнда Ілияс Есенберлин атындағы көше, аудандық кітапхана, орта мектеп, жазушының еліміздегі бірден-бір музейі бар.  Даңқты жерлесіміздің мерейтойына дайындық барысында облыс әкімі Сергей Кулагиннің тікелей жанашырлығымен және көмегімен осы музейді қайта жаңартуға  тиісті қаржы бөлініп, жазушы есімін мәңгі ел есінде сақтауға бағытталған басқа да қажетті іс-шаралар қызу қолға алынды. Ілияс Есенберлиннің көшесі көркейтіліп, қала Алматыдан келетін жазушының отбасы мен балаларын, туған-туыстарын, тойдың өзге де құрметті қонақтарын мүлдем жайнап, жасарған ерекше кейіпте қарсы алды. Атбасарлықтардың өз сүйікті перзентіне деген риясыз көңілдері болар, бүкіл ел болып жұмылған той да өте жақсы өтіп, келген қауым ризашылықпен  жоғары бағаларын беріп жатты. Әлі күнге оған қатысқан адамдар облыс, ауданның мерейтой жүгін бірлесе көтеріп, бар шаруаны жоғары деңгейде атқарып шыққанын ілтипатпен жеткізуде.  
Осы жылы лебіз атбасарлық-тармен бірге, әсіресе, жоғарыда аңғартқанымыздай, облыс әкімі Сергей Витальевич Кулагинге де тікелей тиесілі екенін ерекше атап өтпей болмайды. Себебі, мерейтойдан қалған басты бел-гі – Атбасар қаласының орталық алаңында жазушыға орнатылған асқақ ескерткіш десек, келер ұрпаққа жолданған хат салынған капсуланы оның іргетасына облыс басшысының өзі салған еді. Халықтың өз еркімен аударған қаржысы есебінен жазушы ескерткішін тұрғызу сияқты игі істің өзі осы бір айтулы оқиғадан бастау алды. Бұл ескерткіштің мерейтойдан кешіктірілмей, уақытында ашылуын да Сергей Витальевичтің өзі қадағалап, ұдайы назарында ұстап отырды. Сондықтан, ол кісіге Атбасарда дүниеге келген жерлесіміз ретінде де, облыс басшысы ретінде де аудан жұртшылығының айтар алғысы шексіз.
Осылай дегенде, мерейтойдың ойдағыдай  өтуіне, соның ішін-де ескерткіштің орнатылуына қаржылай көмек көрсетіп, қол ұшын берген барлық
аудан тұрғындарына, мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының қызметкерлеріне, оқу орындарының, кәсіпорын-ұйым, мекемелердің ұжымдарына, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен кәсіпкерлерге білдірер ризашылығымыз өз алдына бір төбе. Әсіресе, бұл орайда, жазушының отбасы, Қозыкөрпеш Есенберлин бастаған балалары мен  туған-туысқандары, сондай-ақ, аудандағы ірі өндіріс орындары «Аждар және К» серіктестігі, «Қамқор Локомотив» акционерлік қоғамы ең зор ілтипатқа лайық.
Бұл күндері әдебиетте туған халқымыздың тұтастай бір тарихи дәуірін жасап,  ел үшін баға жеткізгісіз үлкен іс тындырып кеткен  ұлт мақтанышы, жерлесіміз Ілияс Есенберлиннің еңселі ескерткіші  туған қаласы Атбасардың орталық алаңына ерекше көрік беріп тұр. Күнде оның жанынан өткен сайын қазақтың осындай біртуар перзентіне, жазушы мерейтойын атына затын сай етіп, лайықты деңгейде өткізе алған  ынтымағымыз бен ауызбіршілігімізге тағы бір  марқая түсемін. Лайым алдағы уақытта да  солай болып, құт қонып, бақ дарыған  қасиетті Қараөткел, көрікті Көкше, атақты Атбасар жерінде Ілияс аталарының жолын қуған жаңа дарындар дүниеге көптеп  келе берсін!
Бағдат БОРҰМБАЕВ,
Атбасар аудандық
мәслихатының хатшысы.        

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар