Облыс орталығының іргесіндегі №2 Краснояр орта мектебінде дәстүрлі айлыққа орай, қарт адамдарға мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Концертте оқушылар тамылжыта ән салып, мың бұрала би биледі. Ал, «Жас қыран» көшбасшылары қарияларға естелік сыйлықтар тарту етіп, жақсы көңіл-күй сыйлады.
Бүгінгі таңда жастарды патриоттық рухта тәрбиелеп, бойларында отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттерді қалыптастыруда аға буын өкілдерінің өнегелі өмір жолының берері көп. Ел экономикасы нығайған сайын, зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар да кең өріс алуда.
Еліміздің өсіп-өркендеуі, халқымыздың бейбіт заманда өмір сүруі осы аяулы қарттарымыздың арқасы. Сол себепті, Қарттар айлығында бірде-бір қария назардан тыс қалмауы тиіс.
Бұл – өскелең ұрпақтың бұлжымас қағидасына айналуы қажет.
Мектебіміздегі әр ұстаз, әр жеткіншек мұны жете түсінеді. Осы сөзімізге құрамында 8-11 сынып оқушылары бар «Қамқор» тобы жақсы дәлел бола алады. Олар ата-әжелерімізге әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетуге әрқашанда дайын.
Сәуле ЕСКЕНДІРОВА,
№2 Краснояр орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.
Гүлнәр САЛПЫҚОВА,
педагог-ұйымдастырушы