Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Зинаштың жарқын әлемі - АРҚА АЖАРЫ

Зинаштың жарқын әлемі

 Қазақта «Он саусағынан өнер тамған» деген өнегелі сөз бар. Қима ауданында дүниеге келген әжесі Орындық кезінде есімі төңірекке белгілі, қолынан келмейтіні жоқ ісмер кісі болса керек. Сол елді мекеннің былдырлаған баласынан кәрі-құртаңына дейін апаның тіккен көйлек-көншегін киетін. Қарапайым матаны мың құбылтып, Зинашты да көздің жауын алардай етіп киіндіріп қоятын. Соған орай, әжесінің қызы атанған бұл бір елі жанынан қалмай өсті. Көбіне әжесіне жәрдемдескісі келетін. Уақыт өте келе мұнысы дағдыға айнала бастады. Өзіне қызыға қараған тұстастарының ықыласы әрі әжесінің ақыл-кеңесі ақыры, осы кәсіпті игеруіне әсер етті.  Сөйтіп, «Островский» кеңшарындағы сегіз жылдық мектепті бітірісімен, аудандық тұрмыстық қызмет комбинатына жұмысқа орналасты. Қанында бар қасиет қойсын ба, шеберлігі мұнда да бірден мойындалып сала берді.
Әйткенмен, өзіне бұл жеткен биігі аласа, білетіні аздау көрінетін. Сондықтан,  білімін әрі қарай жалғастыруды ойлап, ол мақсатына жетті де. Көп кешікпей Алматы қаласындағы оқу комбинатынан киім пішуші мамандығын игеріп шықты. Кейін көп жыл қатарынан Қима аудандық тұрмыстық қызмет комбинатында тігінші-шебер болып еңбек етті.  Ол кезде қазіргідей дүкенде түр-түрі қаптап тұратын киім-кешек жоқ. Қолда бары мата ғана. Көйлектер жеке тапсырыспен тігілетін. Әсіресе, кей талғампаз, кірпияз әйелдердің көңілінен шығу қиынның қиыны.  Бірақ, ширақ та елгезек Зинаш үшін бұл жағынан қиындық туындаған емес. Бұған 1984 жылдың 6 шілдесінде облыстық «Торғай таңы» газетінде «Қыз арманы қияда» атты мақала дәлел бола алады. Мақалада  жас маманның іскерлігі, ол жайлы басшыларының, әріптестері мен қарапайым тұтынушылардың жылы лебіздері орын алған. Бұл да болса, оның ә дегеннен өз ісіне асқан ыждаһаттылықпен қарағандығының айғағы болса керек.  
Мақтайтын да жөні бар. Жоғары білімінің жоқтығына қарамастан, осы саланың  биік шыңын бағындырып, кезінде инженер-технолог деңгейіне көтерілген жан қазір де бір орында тоқтап қалған жоқ. Бұрынғысынша, сәнді киімдер ойлап табуға, жаңашылдыққа әуес.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін 2002 жылы Зинаш аудандағы Оқушылар үйіне жұмысқа келді. Әлі күнге дейін осында ізбасарлар тәрбиелеп келеді. Қазір ол «Туған жер» ұлттық салт-дәстүрлер үйірмесін жүргізіп, шәкірттерге тамырын тереңге жіберген тағылымды дәстүрлеріміз жайлы дәріс береді. Оларға халқымыздың күнделікті тұрмыста қолданған дүниелерін жасап үйретеді.  Шебердің шағын сыныбында киіз үй мен басқа да ұлттық нақыштағы кәде-сыйлардың түр-түрі толып тұр.
Ал, қағаз-пластика үйірмесінде жас өрендер  ұсақталған қағаз қиындыларынан тұтас бір картина құрастырып шығады. Осындай суретті салу, одан қағазды ұсақтап қию, бояу, оны бір-бірлеп жабыстыру, түстердің сәйкестігін сақтай білу, оны балаларға айтып түсіндіру, ерінбей үйрету – бұл адам бойынан асқан төзімділікті талап етер үлкен жұмыс.  Осы дайын бұйымдардың көздің жауын алатыны сондай, оны көрген қыздар ғана емес, ауылдың келіншектері де үйренуге құлшыныс танытады екен.  Көлде жүзген аққулардың макетін айнытпай жасағанда, біз керек қылмай, лақтыра салар қалдықтардан адам қызығарлық тағы басқа да дүниелерді құрастырып шыққанда оның талантына таңдай қақпасқа шараң қалмайды.
Зинаш Нұрмағамбетова білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі, кәсіби шеберлігі үшін облыстық білім басқармасы, аудан әкімдігі тарапынан Алғыс хаттармен марапатталған. Бұған қоса, ол Абылай ханның 300 жылдығына арналып, «Рухыңмен асқақтай бер, Қазақ елі» ұранымен өткен «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауының дипломанты. Өзге де арнайы  сертификаттардың иегері. «Шебердің қолы ортақ» демекші, облыстық, аудандық деңгейде ұйымдастырылатын түрлі тақырыптық көрмелерге қатысып, шәкірттерінің жұмыстарын да көпшілікке паш етіп отырады. Осы орайда,  Зарина Шөжібаева мен апалы-сіңілілі  Гауһартас пен Меруерт Тұрсынбекова сынды ізбасарларын ерекше атап өтті.  Түрлі байқауларда биіктен көрініп, жүлделі орындарды еншілеп жүрген олар  болашағынан зор үміт күттіреді.
Оның қолынан шыққан дүниелер бір-біріне ұқсамайды. Осындай сирек дарынын бағалайтындар өз өнер ательесін ашу жөнінде де ұсыныс білдіріпті. Бірақ, ұстаздың үйреніп қалған Оқушылар үйін, өзінің сүйікті шәкірттерін тастап ешқайда да кеткісі жоқ. Шамасы келгенше соларға білгенін үйрете түспек ниетте. Біздіңше, өз ісіне шын берілген, оны шексіз сүйетін нағыз шебер ғана осындай болса керек.

 

Перизат БӨЛЕКОВА

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар