Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола бар пейілін жайып салды - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола бар пейілін жайып салды

Өткен сенбі күні Астанадағы «Хан Шатыр» сауда-ойын сауық орталығы жанындағы алаңда жылдағы дәстүр бо-йынша Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі болып өтті. Жәрмеңкеге облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров қатысып, осы бір игі  шаруаға бас-көз болды.

  Елорданың азық-түлік белдеуін құру бағдарламасы аясында көптеген жобалар жүзеге асырылып, Астана тұрғындары мен қала қонақтарының сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынулары үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылуда. Оның ішінде Елордада республикамыздың барлық өңірлерінің тауар өндірушілерінің қатысуымен өткізілетін жәрмеңкелердің де алар орны ерекше. Биыл өткізілетін осындай жәрмеңкелердің соңғысы болғандықтан ба, әлде ақмолалықтар әкелген тауарлардың сапасы өте жоғары болды ма, әйтеуір түске дейін-ақ, көп өнім сатылып кетті. Әсіресе, жылқы етінің әп-сәтте тұтынушылардың қолында кеткендігін байқадық.
Өткен жылдардағыдай әр ауданға киіз үй тіктіріп, үй жағалап қыдырып жүргендерді тамақтандырып дегендей, аудандарға қосымша жүк артпай, негізгі назарды саудаға аударудың да артықшылығы болды деуге болады. Сайып келгенде, жәрмеңке өткізудің негізгі мақсаты сауда, сауда болғанда да Астана тұрғындарына сапасы жоғары, бағасы өзге сауда орындарындағылардан біршама арзан бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін сату ғой. Бұл тұрғыдан алып келгенде ақмолалықтар діттеген межеден көріне білді деуге әбден болады.
Ал, енді жәрмеңкедегі саудаға келетін болсақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, әсіресе, ет өнімдерінің тез сатылып кетуі оның сапасының жоғары екендігін байқатса керек. Сонымен қатар, жылқы етінің 1100, сиыр етінің 850, қаз 1000, үйрек 800 және тауық еті 700 теңгеден сатылды. Бұл баға қала базарларындағыдан едәуір төмен. Өнім өндіруші мен тұтынушы арасында делдалдың болмауы бағаның тым шарықтамауына сеп болды.
Жалпы, ақмолалықтар бұл жолы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жетпістен астам түрін әкелген екен. Оның ішінде 344,9 тонна ет және ет өнімдері, 14 тонна балық және балық өнімдері, 201,6 мың дана жұмыртқа, 38,9 тонна сүт және сүт өнімдері,
71 тонна ұн, 35,0 мың литр күнбағыс майы бар. Бұл әрине, негізгі өнімдер. Егер бәрін қоса есептесек, бұл күні ақмолалықтар барлығы 404,3 миллион теңгеге 968,5 тонна өнім сатуды жоспарлаған.
Бір назар аударарлығы, жәрмеңке болардан бірер күн бұрын Астанада (еліміздің солтүстік өңірінің бәрінде) ауа райы күрт бұзылып, қар жауып, көктайғақ болды. Алайда, сенбі күні күн ашылып, табиғат жылы мінез танытты. Қараша тумай-ақ қазан айында да тосын мінез таныта алатын Арқаның май тоңғысыз бұл күнін жәрмеңкеге жиналғандар жақсылыққа жорып жатты.
Бұрынғы жылдары әдетте Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда өткізілетін жәрмеңкелер биыл қаланың бірнеше алаңында кезекпен өткізілетін болыпты. Бір қарағанда қаланың ескі орталығынан алыстау болып  көрінетін «Хан Шатыр» сау-
да орталығы жанындағы алаңға жиналғандар аз болған жоқ. Бұл жолы да әдеттегідей, негізгі сауда түске дейін қызды. Алғашқыда сауданың қызуымен алаңда басталып кеткен концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстарға назар аудара қоймаған жұртшылық, базар нарқын пайымдап, керек-жарақтарын қамдап алған соң саудадан басқа да қызықтар бар екендігін байқағандай.
Айтпақшы, «Бауырсақ, бәліш, қымыз, айран фестивальдары» сынды театрландырылған қойылымдар да жиналғандардың көңілінен шықты. Сондай-ақ, күн ашық болғанымен, шамалы болса да аязы бар күні ауыз жылытудың да маңызы зор екендігі белгілі ғой. Осыған орай, бірнеше жерде ыстық шай ішуге болатындай жағдай жасалуы да ұйымдастырушылардың өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарағандықтарын білдіреді.
Әрине, жәрмеңке  тек саудамен шектелмейтіндігі де белгілі. Бұл жолы да облыс қалалары мен аудандарынан 100-ден астам өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар ән мен күйден шашу шашты. Целиноград, Атбасар, Қорғалжын, Егіндікөл, Аршалы аудандары мен Көкшетау қаласынан келген өнерпаздардың өнерлері қалай мақтаса да тұрарлық екен. Әсіресе,  аттары облысқа танымал «Задоринка» «Дударай», «Сұңқар», «Шалқыма» ансамбльдері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова орындаған әндер ешкімді де бейжай қалдырған жоқ.
 – Біз Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін республикамыздың облыстары арасында соңғы болып өткізіп отырмыз, – дейді бізбен әңгімесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан. – Елорда тұрғындарының сұраныстарын ескере отырып біз барлығы 1000 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынып отырмыз. Оның ішінде әрине, үлкен сұранысқа ие жылқы мен сиыр, қой еттері, көкөніс, картоп, жұмыртқа, балық сынды күнделікті тұтынылатын өнімдер жеткілікті.  Әрине, біздің облыс шаруашылықтарының өнімдері Астана қаласының сауда орындарында тұрақты түрде сатылады. Бұдан Ақмола облысының жәрмеңкесі  қажет емес деген ой туындамаса керек. Сайып келгенде, жәрмеңкенің басты мақсаты Елорда тұрғындарына сапалы да арзан өнімдер ұсыну. Өзіңіз байқасаңыз, жәрмеңкедегі баға басқа сауда орындарындағыдан, тіпті базардағыдан да едәуір төмен. Осының өзі-ақ қала тұрғындары, оның ішінде әсіресе, аз қамтылған отбасыларға біршама көмек деуге болады. Ал, енді концерттік бағдарламалар мен түрлі спорттық жарыстарға келетін болсақ, баяғы Қоянды, Қарқара жәрмеңкелерінен жалғасып келе жатқан үрдіс десек те болар.
Жәрмеңке барысында Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кейбір депутаттары сауда нүктелерін жағалап бағалармен, тауарлардың сапаларымен танысты. Өз кезегінде Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров жәрмеңкені толық аралап, аудандар әкімдерімен, облыстық басқармалар басшыларымен ой бөлісті. Жалпы, жәрмеңке ойдағыдай өтті деуге болады.
– Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруда негізгі жүк Ақмола облысына артылатындығы белгілі. Яғни, қажет азық-түліктің негізгі бөлігін ақмолалықтар жеткізеді. Нақты деректерге сүйенер болсақ, Ақмола облысы Елорданы жұмыртқамен және ұнмен толық, ет және ет өнімдерімен 52 пайыз, сүт өнімдерімен 48 па-йыз қамтамасыз етеді, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров, – жыл басынан бері Елордаға облыс шаруашылықтарынан 50 мың тонна сүт өнімдері, 15 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері, 158,3 миллион дана жұмыртқа жеткізілді.
Астаналық тұтынушылар әсіресе, жылқы етін сұрастырып жүрді. Негізінде мұнда жеген шөбі шүйгін, ішкен суы мөлдір Көкшетау жағының жылқысына деген сұраныс басым.
– Жас жылқының етін іздеп едім, бар екен, бір-екі асым ет алдым, – дейді Астана қаласының тұрғыны Сәуле Әкімжанова апай. – Сондай-ақ, сұйықмай да арзан екен. «Хан Шатыр» үйіме ептеп алыстау, бірақ жәрмеңкедегі тауарлардың сапасы мен бағасы алыстығына қаратпады. Енді бір-екі ән тыңдаған соң үйге қайтамын.
Шынында да, азық-түлік тол-тырылған сөмкелерін машиналарына апарып концерт көру үшін қайтып келгендер де, тіпті сөмкелерін жандарына қойып концерт тамашалап тұрғандар да аз болған жоқ. Өздеріне деген мұндай ықылас күздің қара суығы едәуір қиындық тудырып тұрған өнерпаздарға аз да болса жылу бергендей болды деуге болады.
Айтпақшы, осы жолы бұрындары орын алғандай, әкелінген етті көтерме бағамен бірден алып, үстіне баға қосып  сатуға тырысқан базардың ет сатушыларын байқамадық. Әлде олар жұмыстарын құпия жүргізетін болды ма, не болмаса бақылау қатаң болды ма, әйтеуір бір жылқының немесе бір сиырдың етін толық артып алып жатқан ешкім көрінбеді.
Жалпы, Ақмола облысы өткізген биылғы жәрмеңке жылдағыдан сәл өзгеше болды деуге негіз бар. Біріншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, әр ауданға киіз үй тігу туралы нұсқау болмаған. Сайып келгенде, бұл қосымша шығын. Сондай-ақ, алаңда орнатылған 80 шатыр мен 160 сауда нүктесі қалтқысыз жұмыс істеді. Спорттық ойындар мен көркемөнерпаздар концерттері де жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Ал, енді әкелінген тауарлардың сапасына келетін болсақ, ол ешқандай күмән туғызбайды. Аудандар әкімдері де, облыстық деңгейдегі басшылар да өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарағандықтарын байқатты. Жәрмеңкені аралаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың көңіл-күйінің жоғары екендігі де осыған байланысты шығар деп ой түйдік. Рас, Ақмола облысы Елордада жәрмеңкелерді жылда жоғары деңгейде өткізеді. Ал, биыл оған қоса қаптатып киіз үй тігу сияқты артық шығындарды да шектеген екен. Бұл да нарықтық қатынастардың, ептеп болса да екі бүйірден қыса бастаған қаржылай дағдарыстың лебі болар.
Қалай болған күнде де Ақмола облысы өткізген биылғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі есте қаларлықтай болды. Ең бастысы, сапалы да, арзан азық-түлік алған астаналық тұтынушылар риза. Ал, әкелген тауарларының тез сатылып кеткендігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге де абырой. Қысқаша айтқанда сатушының да есебі түгел, сатып алушы да аз да болса қаржы үнемдеген болар. Сайып келгенде жәрмеңке өткізудегі басты мақсат осы  ғой.

 

Талғат ҚАСЕН

Астана қаласы.

Суреттерді түсірген
Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар