Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында көрнекті ақын Еркеш Ибраһимнің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы есімдер ұрпақ жадында» сериясымен жарық көрген «Сенде дейді бір халықтың намысы…» атты электрондық басылымның тұсаукесері болып өтті.
Бірнеше тарауларға бөлінген электрондық басылымда ақынның барша болмысы мен шығармашылығы кеңінен қамтылған.
Кеш барысында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Мұсатай Ғалым елінің сүйікті ақыны Еркеш Ибраһимді тебірене еске алды. Ал, қатысушылардың дені жастар болғандықтан, олар ақынның басынан өткен қызықты оқиғаларды ерекше ынта қойып тыңдады. Сондай-ақ, кеште облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов «Көкшем менің күздегі» әнін орындаса, бір топ студенттер ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды.
Бақытберді ҚУАНТҚАН,
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының көпшілік
іс-шаралар бөлімінің қызметкері.