Кеше Астрахан ауданынан келіп жеткен суыт хабар төбемізден жай түсіргендей болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиғаны растап отыр. Кеше таңертең Ескі Колутон елді мекеніндегі мектептен үйіне қайтып келе жатқан Зареченка ауылының үш баласы Колутон өзеніне батып кеткен.
2008 және 2009 жылы туған оқушылардың үшеуі де ер бала. Жап-жас ойын балалары мектепте сабағы аяқталған соң көрші ауылдағы үйлеріне туралатып, Колутон өзенін кесіп өтіп бармақшы болған көрінеді. Осы кезде әлі қатпаған өзеннің бетіндегі жұқа мұз опырылып кетіп, балалардың үшеуі де суға батып кете барған. Обал-ай!..
Қазіргі кезде оқиғаның анық-қанығы анықталу үстінде. Мына күз бен қыстың түйісер тұсында өзен-көлдегі мұздың беті де алдамшы болып тұрған өліара шақта осындай қауіп-қатерден абай болайықшы, әсіресе, балаларды байқайықшы!..
«Арқа ажарының» өз ақпараты.