Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Түнгі қала, тіршілігі сан түрлі... - АРҚА АЖАРЫ

Түнгі қала, тіршілігі сан түрлі…

Құқық қорғау қызметкерлері үшін түнгі уақыт жұмыстың қыза түсетін кезі. Себебі, қылмыстың басым көпшілігі тәуліктің осы мезгілінде орын алады. Аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірге түнгі қалаға рейд жасағанымызда, біз осындай ойға келдік.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асқар Тасыбаевтың айтуынша, Ақкөл тыныш қала. Əрине, бұл сөздің астарында тəртіп сақшыларының зор еңбегі жатқаны сөзсіз. Əр қылмыстық іс уақытында тіркеліп, сол бойынша полицейлер қылмысты ашуға кіріседі. Қылмыстарды тіркеу жүйесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес облысымыз бойынша әкімшілік, қылмыстық істердің көбейгендігі баршамызға мәлім жәйт. Былтырғы жылы аудан бойынша 233 заң бұзушылық тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында ғана бұл көрсеткіш 327-ге жетіп отыр. Өйткені, қазір әрбір қылмыстың есепке алынуы жіті назарда. Соның ішінде ең көп жасалатын қылмыстың түрі – ұрлық болса, одан кейін бұзақылық, алаяқтық, есірткі заттарын тасымалдау секілді оқиғалар жиі тіркелетінін білдік.
Қазіргі таңда аудандық ішкі істер бөлімінде тоқсанға жуық қызметкер жұмыс істейді. Солардың бірі – учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Қайрат Тілеулин. Бізбен бірге түнгі рейдке бекітілген де осы қызметкер болатын. Қасымызда Арман Наурызбаев есімді полиция қызметкері, фототілшіміз бар, осылайша төрт адам рейдті  бастап кеттік.
Алдымен, ішімдікке салынған Құсайыновтардың үйіне ат басын бұрдық. Кіріп келсек, есік көзінде араққа сылқия тойған бір әйел жатыр екен. Тәртіп сақшылары оны ақырын ғана айналып өтіп, үйдің басқа бөлмелерін тексеруге кірісті. Бір кезде учаскелік полиция инспекторлары түпкір бөлмеден масайған бір ер адамды алып шықты. Сөйтсек, бұл үйде тұрмайды екен. Әрине, мына түрімен ешкімге көне қоймасы да белгілі. Алайда, полицейлер оның кім екенін анықтап, қандай да бір қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеру үшін бөлімшеге апаруды ұйғарды.
Осы орайда, маскүнемдік, нашақорлықпен есепте тұрғандарды үнемі назарда ұстап, әр басқан қимылдарын қадағалап отырудың маңызы зор. Қазіргі таңда қоғамымызда орын алып жататын қылмыстардың көбі мастықтың кесірінен жасалатыны белгілі.   
Сөйтіп, Арман әлгі мас адамды  көлікпен бөлімшеге апарып келгенше, Қайрат басқа бөлмеден шыққан үй иесімен түсінік жұмыстарын жүргізе бастады. Арнайы есепте тұратын оған бұдан былай әркіммен бір топтасып, ішімдік ішудің қайталанбауын ескертті.
– Осы маңда бір қария тұратын. Жуырда ғана араққа уланып, қайтыс болды. Ал, жаңа ғана біз кірген үйдегі адамдардың бес жылдан бері арақтан ауыздары босамай келеді. Өздері жұмыс та істемейді, – деп, Қайрат көңіліндегі ойлармен бөлісіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын қаскүнемдер Малоалександровка ауылында бір кейуананы өлтіріп, мәйітін құдыққа тастап жіберген екен. Осы жан түршігерлік оқиға да көз алдынан кетпей қойғанын айтады жас маман. Біз осылай әңгімелесіп тұрғанымызда көлік те келіп қалды. Сөйтіп, рейдімізді одан  әрі жалғастырдық.
Бұл түні ішімдікке салынған, тұрмыстары нашар тағы біраз отбасылардың үйінде болдық. Қала бойынша олардың саны жиырмаға жуықтайды. Түрмеден мерзімінен бұрын босатылғандарды да тексеріп отыру басты міндет болғандықтан, көлігіміз бірер ай бұрын түрмеден босап шыққан Дмитрий Бабушкиннің үйінің маңына келіп тоқтады. Шамамен, кешкі сағат онның кезі. Есікті ешкім аша қоймады. Тек қаттырақ қаққаннан кейін ғана үй ішінен «қазір, қазір» деген бір ер адамның дауысы естілді. Сөйтсек, Дмитрий деген осы  азамат екен.
– Абыржымаңыз, тексеріс қой, – деп жанымыздағы полицейлер оған мән-жайды түсіндірді. Дмитрий де қазір жағдайы жақсы екенін, жұмысқа орналасқанын, үйде анасымен бірге тұратынын айтты. Оның сөзіне мақұл дескен біз көлікке мініп, қайта көшелерді аралауға кірістік.
Полиция инспекторы Арман Наурызбаев бізді қаладағы Мәметова көшесінің бойына алып барды. Жастардың  түнде жиналып, бұзақылық жасайтын бір орны осы маңай көрінеді. Ішкі істер органына келгелі жанымдағы серіктеріме талай төбелесті көруге  тура келіпті.
–Әсіресе, демалыс күндері түнде жастар көшеде көп жүреді. Клуб, мейрамханаларға барып, төбелес шығарады. Қандай да бір жамандық орын алмас үшін сауық-сайран біткенше түнгі клубтарды бақылаумен боламыз, – деген тәртіп сақшылары қазіргі таңда қаладағы барлық ірі сауда орындары мен дүкендер бейнебақылау қызметіне қосылғандығын айтты. Бұл өз кезегінде құқық қорғау қызметкерлеріне заң бұзушылық орын ала қалған жағдайда қылмыскерді тез құрықтауға зор көмегін тигізетіндігі белгілі.       
Қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылы ауданда 738 әкімшілік құқық бұзушылық оқиғалары тіркелген екен. Ал, жол-көлік оқиғалары көбінесе республикалық маңызы бар тас жолдарда орын алады. Қаланың қалтарыс жерлері мен жолдары мүмкіндігінше жіті бақыланып отырады. Рейд барысында жол-патрульдік полиция тобының жұмысына да куә болдық. Полицияның кіші сержанты Ғалымбек Әшкенов бізбен әңгімесінде түнгі кезекшіліктері басталмай жатып, көліктен қоқыс лақтырған, жарығын жақпаған екі жүргізушіге хаттама толтырылғанын айтты.
Жалпы, рейд барысында ешқандай қылмыстық оқиға тіркелген жоқ. Біз де әрине, осыған қуандық. Мұның бәрі қоғамдық тәртіпті сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген осынау қиын кәсіп иелерінің арқасында ғой. Бізді қонақ үйге жеткізіп салғаннан кейін Қайрат пен Арман кезекті шақыртумен кетті. Мен олармен «абай болыңдар, жұмыстарың жемісті болсын» деген тілекпен қоштастым.        

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар