Жарқайың ауданының тумасы Максим Унрау қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы атанды.
Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде өткен додаға еліміздің әр өңірінен жиналған және Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина елдерінен келген 550-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады.
Тартысты өткен жарыста Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Одан кейін Ресей және Өзбекстан құрамалары жайғасты. Ұлттық құрама сапында болған ақмолалық Максим Унрау 71 келіге дейінгі салмақ бойынша сынға түсіп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Ақтық ұрыста өзбек спортшысы жарақатына байланысты жерлесімізбен айқасудан бас тартты.
Максим Унрау қазақ күресі бойынша Жарқайың ауданының бірнеше дүркін чемпионы болған. Кейін Қостанай қаласында әскери самбомен айналысқан. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында халықаралық жарыстарға қатысып, топ жарған спортшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.