Достық үйінде «Қазақстан – 2050» демократиялық күштері Ақмола облыстық коалициясының кезекті отырысы болып өтті. Оған саяси партиялардың облыстық филиалдарының жетекшілері, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Бұл басқосуда қазіргі қоғамды қатты алаңдатып отырған терроризм мен экстремизм мәселесі кеңінен талқыға түсті. Өзінің кіріспе сөзінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық демократиялық күштер коалициясының төрағасы Ғалым Бекмағамбетов еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық даму үдерісін қамтамасыз етуде терроризм мен діни экстремизм сияқты қатерлі көріністерге қарсы амал жасаудың маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Бүгінде барша қоғамның назары осынау кеселдің бетін қайтаруға аударылуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Облыстық коалицияның да өзінің күн тәртібіне аталған мәселені қоюының астарында барлық саяси күштерді осыған жұмылдыруға деген мақсат жатқанын көреміз.
Одан әрі мәжілісті облыстық коалицияның тең төрайымы Гүлім Бегалина жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы, майор Болат Хайрушев хабарлама жасады. Онда терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайлы ақпараттар айтылды.
Ал, облыстық дін істері басқармасы жанындағы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлнәр Кәкенова, «Насихат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Алшынбаев, Көкшетау және Ақмола епархиясының епископы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі Сергей Колосницын және Ауған соғысының ардагері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери барлау қызметінің запастағы полковнигі Валерий Раков тың деректерге толы ойларымен бөлісті.
Терроризм мен экстремизмнің ислам дініне басыбайлы қатысы жоқтығы да баса айтылды. Дін атын жамылып, ойына келгенін істеп жүргендерді саяси ағымдар әрекеті демеске амалың жоқ. Ал, кейбір діни ағымдар адамдарды алдап, өз қармағына түсірудің бір жолы екенін де жоққа шығармасақ керек.
Сөз алғандар жастар арасында бұл теріс ағымдарға бой ұру көбейіп отырғанын айтты. Әсіресе, ғаламтор сананы улаудың арнасына айналып отырғанын да жасырмады. Тіпті, жастар арасында тәлім-тәрбиенің осал жатқанын да бетперде етіп, көпке топырақ шашу көріністері де тілге тиек етілді.
Бірақ, елімізде бұл бағытта еш жұмыс істелмей жатыр десек оңбай қателесеміз. Қазіргі қоғамның барлық жігінде бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, жаңағы конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау орталығы қазіргі жағдайды сараптап, зерттеу жүргізіп қана қоймай, алдын алу шараларына да көп көңіл бөледі.
Қанат Алшынбаев басқаратын «Насихат» қоғамдық бірлестігінің де атқарып отырған жұмысы ауыз толтырарлықтай. Тіпті адасып, теріс ағымның жетегінде жүріп сотталған адамдармен кездесіп, үгіт-насихат жүргізіп жүргені де осы жұмыстарға қосылған үлес екенін көресің.
Әрине, ағымдармен күресу үшін алдын алу шараларына көбірек назар аударылса деген де тілек айтылмай қалмады. Насихат жұмысын жандандыру үшін теолог мамандардың жетіспеушілігі де айтылды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселені талқылау кезінде қатысушылардың белсенділігі де бұған бейжай қарауға болмайтынын аңғартты. Замана кеселімен күресудің жолдарын нұсқағандар да табылды. Насихат шараларын уақыт талабына сай жүргізудің маңызды екеніне әркім өзінше пікір білдірді. Сондықтан, бұл мәселе алдағы басқосуларда да кеңірек қаралу қажет деген ұйғарым жасалды.
Соңынан Ақмола облыстық коалициясының құрамына өзгерістер енгізілді. Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.
Бақыт СМАҒҰЛ.