Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Гүлнәрдің биігі - АРҚА АЖАРЫ

Гүлнәрдің биігі

Сахнаның сәнін келтіріп, әсем даусымен, өзіндік әншілік ырғақ-мәнерімен көрермен қауымның көңілінен шығып жүрген Гүлнәр Қабиденқызы Жүнісова  өнер сахнасына өзіндік құрметті орнын алған өңіріміздің тума талант иесі.

Соғыс ардагері Қабиден Жүнісұлы ақсақал мен Бәтиза Алтыбасарқызының ордалы отбасында дүниеге келген жас қыз мектеп қабырғасынан әнге әуестік танытты. Баланы тәңірдің сыйы ретінде қабылдаған қазақы дәстүрімізде перзент саны жария етілмесе де, бір шаңырақта жеті қыз, бір ұлдың өсіп-өнгенін, ел қатарына қосылғанын тілге тиек етуге тура келеді.
Жоғарыда айтылғандай, оқушы күнінен талантын тани білген, келешегіне негіз қалауға ән-күй пәнінің ұстазы, ақын-композитор Дарья Червоняктың да септескені анық. Онжылдықты тәмамдайтын 1983 жылы бір күні ауданға сол кездегі Целиноград филармониясының өнерпаздары шығармашылық сапармен келсе керек. Ереймендік әншілер қарындасымыздың даусын тыңдап көруді ұсыныпты. Әнші жас қыздың тырнақалды өнері «Армандастар» ансамблінің көркемдік жетекшісі Болат Қойшыбаевтың көңілінен шығады. Тәлімгер аға Гүлнәрға мектептен кейін Алматы өнер студиясына түсуді, ұжымына қызметке орналасуды ұсыныпты.
–Аудандық мәдениет үйінің сол кездегі директоры марқұм Өмірбай Нұржанов менің жаныма Майра есімді құрбымды қосып, екеуімізге Алматы қаласына жолдама жазып беріп еді, – деп еске алады Гүлжан Қабиденқызы. – Дегенмен, неге екені белгісіз, Лаки Кесоглу бастаған қабылдау комиссиясы біздің даусымызды опералық әнге лайық деп бағаласын. Оған біздің зауқымыз соқпады. Сонымен, Целиноград филармониясында бес жыл қызмет атқардым. Қарағандыда өткен «Комсомольцы беспокойные сердца» конкурсында лауреат атандым. Талантыма сүйсінгені болар, сол сәтте Ескендір Хасанғалиев аға  сахна  төрінде арнайы қолымды қысқаны, маған домбырасын тарту еткені есімде қалыпты.
Еңбек жолын «Шашу», «Таңшолпан» хабарында сәтімен жалғастыра жүріп, талай-талай өнер майталмандарымен үзеңгілес болған Гүлнәр 2001 жылы туған еліне оралып,  Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде киелі өнердің барлық ыстық-суығын әріптестерімен бірге бөлісіп келеді.
Мемлекеттік мерекелердің бәрінде, үлкенді-кішілі атаулы шараларда, аудандық жәрмеңкелерде ұдайы сахнадан табылатын әншінің бойындағы туа бітті дарыны көпшіліктің қошеметімен ұштасуда. Бүгінде өзі жетекшілік ететін  қыздардың «Жадыра» тобы, ер азаматтардың «Қоңыр» тобы бай репертуарымен баршаның сүйіктісіне айналды. Кезінде өнерпазын өзі баптап өсірген «АДК», «Алтынай» топтары тарап кетті. Оқырман қауым басқаша ойлап қалмасын, өнерпаз оқушылар бүгінде жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсті.
Негізінен халық әндеріне, белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларына, ереймендік қос ақын Сайлау  Байбосын мен Сайлау Жылқыбаевтың  төл шығармаларына ден қоятын өнерпаздың алда әлі халқына берері аз емес. Жылма-жыл өтетін «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауына да әншінің қосқан өзіндік үлесі баршылық. Сөзіміздің дәлелі: 2003 жылы облыстық «Өнерді қолдау – Отанды қолдау», 2004  жылы «Ата мұрам – асыл қазынам» байқауларында лауреат атанды. Өткен жылы еңбегі үшін облыс әкімінің грамотасына қол жеткізді. Аудан деңгейіндегі ілтипат-құрметі өз алдына, бұл пікірді мәдениет үйінің директоры, өнер жанашыры Сапар Барлыбаев та құптап, әріптесіне ризашылығын білдірді.   
Гүлнәр сахнада әнші, өз ортасында жанашыр құрбы, келер буынға тәлімгер болса, отбасында ұлағатты ана. Өмір жалғасы әрі өрісі – қос қызынан тараған жиендерін әлпештеген бақытты әже.
Жерлесімізге осы бағының баяндылығын, шаңырағының амандығын, денінің саулығын, өнер айдынында әлі де аққу құстай қалықтай беруін тіледік.                                
 
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Ерейментау қаласы.     

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар