Ынтымағы жарасып, бірлігі бекем болған елде бейбіт даму бар. Біздің еліміз өз тәуелсіздігін алған күннен бастап осы құндылықтарға барынша көңіл бөліп келеді.
1992 жылы Алматыда өткен Рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресінде осы басқосуға қатысушылар өзара келісім, руханият пен ынтымақ, қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтау салу, қайырымдылық көмек көрсету жөнінде манифест қабылдағаны есте. Бұл бастама жүздеген ұлт пен дін өкілдері арасында рухани келісімнің орнауына жасалған қадам болды.
Бүгінгі таңда тәуелсіз елімізде өркен жайған ұлтаралық келісім айшықтары бәрімізді де қуанта түседі. Ұлтына, дініне қарамастан, әркім татулық қағидаттарын басты мұратқа айналдырып, өзгелермен бір тілек, бір мақсатта өмір сүрсе, ол осы болмысымен өз елінің патриоты, жанашыры да бола түсері анық. Жуырда Астана қаласында болып өткен Патриоттар форумында қаншама тамаша жандар осы тұрғыда өз ой-пікірлерін ортаға салып, игі істерімен бөлісіп, әрқайсымызға көп ой салды. Солардың көбі әр салада белсенділіктерімен көзге түсіп жүрген жас-тар екенін ерекше атап өткен жөн.
Қазіргі таңда мемлекетімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты институт та құрылып, ұлттар арасында рухани келісім нығая түскенін атап көрсетуге болады. Бұл тұрғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да елдегі ынтымақ пен бірлікке өзінің өлшеусіз үлесін қосып келеді. Бүгінде қаншама мешіттер салынып жатыр. Кеше ғана Көкшетауда еңселі мешіт үйі ашылып, барша мұсылман қауымын қуанышқа бөледі.
Қазір азат елміз. Мешіттердің енді адамдарды рухани құндылықтарға жетелеп, имани істерге тартатыны сөзсіз. Бұған барша мұсылман дінін ұстаған адамдар да өздерінің үлестерін қосатыны анық.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Біз сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін ұлттарға, халықтарға бөлдік» делінеді. Жанжалдасып соғысу үшін емес, бір-бірлерін танып, білулері үшін ұлт-ұлыстарға бөлді. Ендеше, біз өмірдегі ізгілік пен мейірімділікке негізделген асыл дінімізді таратып, қоғамымыздағы рухани құндылықтарды басты мұратымыз етпекпіз.
Сөзімнің соңында жоғарыдағыдай Патриоттар форумының мақсат-мүддесі Елбасының бастамасымен Астанада өтіп жүрген әлем дінбасылары съезінің мақсатымен үндес екендігін айта кеткім келеді. Бұл маңызды шаралар ұлттар мен елдер достығына, конфессияаралық келісімге, мемлекетіміздің нығаюына қызмет ететіндігі айқын. Мақсаты бір, тілегі ортақ елдің болашағы да жарқын болатындығына осындай игі қадамдарымыз айқын көз жеткізе түседі.
Қанат ҚЫДЫРМИН,
ҚМДБ-ның Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы.