Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көшіп-қону – әркімнің өз еркі - АРҚА АЖАРЫ

Көшіп-қону – әркімнің өз еркі

Облыс әкімі Сергей Кулагин азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өтініш айтушылардың тілектері қолданылып жүрген заңға сәйкес қарастырылады.

Қабылдауға келгендер арасында жеке кәсіпкер Владимир Плетнев те бар. Ол жерді жалға алудың мерзімін ұзартуды өтінді және тұрғын үйге байланысты өзін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Облыс әкімі барлық мәселе қолданылып жүрген заңға сәйкес шешілетіндігін мәлім етті. Келесі кезекте Есіл ауданына қарасты Калачи селосының үш тұрғыны көші-қон туралы мәселе көтерді. Сөз орайында облыс әкімі Сергей Кулагин үстіміздегі жылдың өзінде ғана аталмыш селода он шақты рет болғандығын, село тұрғындарымен бірнеше рет кездескендігін айтып өтті. Жергілікті жердегі денсаулық сақтау және білім саласы қызметкерлерін бірнеше мәрте жүздескендіктен жақсы таниды. Беймәлім ұйқы дертіне шалдыққан Калачи елді мекенінің тұрғындары туралы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары әлденеше рет жазған болатын. Ұйқы дертінің нақты себептерін медицина қызметкерлері де, ғалымдар да таба алған жоқ. Әйтсе де, аракідік осындай оқиғалар әлі де орын алуда. Беймәлім дертке шалдыққан елді мекеннің тұрғындарын ақмолалық ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары құшақ жая қарсы алып, қолайлы тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуде. Калачи селосының, болашағы жоқ Красногорск кентінің тұрғындарына арналып «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде Державинскіде 75 пәтерлік тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, қоныстандырылуда. Есілде осы екі елді мекеннің тұрғындары үшін 45 және 73 пәтерлік үйлер салынуда.  
Елді мекен тұрғындарының көшуге құлық танытпаулары түсініксіз. Олардың арасында күйеуі осы Калачи селосында тұратын Германия азаматшасы да бар. Олардың азық-түлік дүкені, шақпақ тас шығаратын цехы бар. Сондай-ақ, жергілікті мектепті мемлекеттік тапсырысқа орай, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Дәл осы жағдайда бұл отбасының күнделікті табыс беріп отырған бизнесінен айырылғылары келмейтіні әбден түсінікті. Ал, екінші  өтініш айтушы Елена Кухта деген азаматшаның төрт баласы бар. Екі баласы ұйқы ауруымен ауырды. Әйтсе де, көп балалы ана көшуден бас тартып отыр. Оның жайы мүлдем түсініксіз. Ал, үшінші өтініш айтушы Анастасия Семерная мектепте жұмыс істейді. Жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Отбасы үстіміздегі жылдың ақпан айында Қостанай облысының Қамысты ауданына көшуге өз еріктерімен тілек білдірген. Әйтсе де, көш сәтсіз аяқталып, қайтып оралды.
Өңір басшысы көшіп-қону әркімнің өз еріктерінде екенін айтты. Билік балалардың мүддесін ойлай отырып, қолдан келгендерінің бәрін жасауда. Ал, аталмыш елді мекендерде көшпей қалатын ата-аналар балаларының алдында жауапты екендіктерін ұмытпаған жөн. Екінші рет жаңа жерде тегін баспана берілмейді. Өтініш айтушылардың барлық сұрақтарына облыс әкімі Сергей Кулагин егжей-тегжейлі жауап берді. Калачи селосынан көшетін тұрғындардың көші-қонына қатысты барлық ережені қолмен қойғандай етіп түсіндірді. Мектепте қазір 46 оқушы білім алуда. Білім ошағы үстіміздегі жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Ата-аналарының Державинск немесе Есіл қалаларына қоныс тебуіне орай, балалардың білім алуға, бала бақшаға баруға толық мүмкіндіктері бар. Калачи мектебінің мұғалімдері осы жерлерде жұмысқа орналастырылады.  Сөз арасында Калачидан көш басталғанша 226 шаңырақта 565 адам тұрғандығын айта кетелік. Бүгінгі күні жүзге жуық отбасы көшті. Олардың барлығына қайтарымсыз көмек көрсетілді.
Әкімнің қабылдауына Астана қаласының тұрғыны Самал Тілеубаева да жазылған екен. Ол өз бизнесін кеңейту жөнінде көмек сұрады. Кәсіпкер Астана қаласында теріден тігілген аяқ киімдер шығарумен айналысады. Ендігі арада оның Целиноград ауданындағы Максимовка селосында өз филиалын ашпақ ойы бар. Еңбекшілдер ауданына қарасты Қоғам ауылының тұрғыны Жамал Ахметова облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқитын студенттердің атаулы шәкіртақы алуына және грантпен оқу мәселесіне орай сұрақ қойды.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға барлық мәселелерді жіті назарға алу жөнінде тапсырма берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар