Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Егде адамдар мен мүгедектердің жағдайы ұдайы назарда болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Егде адамдар мен мүгедектердің жағдайы ұдайы назарда болуы керек

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті аппарат кеңесінде басшыларға осыны тапсырды. Кеңесте ана мен баланың өлімін азайту мәселесіне назар аударылып, егде адамдар мен мүгедектерді қолдау айлығының және облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының жыл басынан бергі атқарған жұмыстарының қорытындылары талқыланды.

Облыстық департаменттер мен басқарма-лар, ведомстволар мен мекемелердің басшылары қатысқан кеңесте күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнар Құлышева хабарлама жасады. Өңіріміздегі әйелдер саны барлық тұрғындардың 49,2 пайызын құрайды. Олардың төрт пайызы туберкулез, қатерлі ісік, 1,2 пайызы қан айналу жүйесі ауруларына шалдыққан. Екі мыңнан астам әйел әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатында. Облыс бойынша соңғы 3 жылда өткізілген бірқатар шараларға қарамастан, ана өлімінің көрсеткіші жоғары. Әйелдерге алғашқы медициналық-санитарлық көмек  тиісті деңгейде көрсетілмейді. Сонымен қатар, олардың өздері де өкінішке орай денсаулықтарына дұрыс қарамайды.
Кейбір медициналық қызметкерлердің біліктілігі төмен. Мамандар мен материалдық -техникалық ресурстар жетіспейді. Жыл басынан бері облыста 9 мыңнан аса нәресте дүниеге келді. Ерейментау, Сандықтау
аудандарында екі жүкті ана өлімі орын алды. Қайғылы оқиғаға жол берген аталмыш аудандардағы орталық ауруханалардың бас дәрігерлері қызметтерінен босатылды. Алдағы уақытта ана өлімін болдырмау мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда сәбилердің шетінеуі азаймай отыр.  Сәбилер Көкшетау қаласы мен Бурабай, Шортанды, Сандықтау, Жақсы, Ерейментау аудандарында көп шетінейді. Оның негізгі себептері аналар денсаулығының әлсіздігінен. Басқарма басшысы сәбилердің шетінеуін азайту мақсатында кешенді шаралар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Қазан айында егде адамдар мен мүгедектерді қолдау шаралары өткізілді. Осы орайда, облыстың барлық аудандарында нақты шаралар жоспары жасалды. Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың сөзіне қарағанда, облыс көлемінде 115 мыңға жуық егде адам және 25 мыңнан астам мүгедек тұрады. Өткен айда әлеуметтік көмек бөлімшелерінің қызметкерлері аталмыш жандардың үйлеріне барып, арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіпті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарды Жарқайың, Шортанды, Атбасар және Ақкөл аудандарындағы үкіметтік емес ұйымдар өз қамқорлығына алған.
Көкшетау қаласындағы мүгедек балалардың медициналық-әлеуметтік мекемесіне «Көкшетау минералды суы» акционерлік қоғамы мен «Көкшетау Жолдары» серіктестігі тәрізді 24 шаруашылық субъектісі көмек көрсетті. Облыстың емханаларында егде адамдар мен мүгедектер үшін ашық есік күні өткізілді. Спорт және дене тәрбиесі бөлімдері осы адамдар үшін сайыс-тар ұйымдастырды. Көкшетау қалалық білім бөлімі ардагерлерге Қостанай облысындағы демалыс үйіне жолдамалар берді. Облыс көлемінде салтанатты шаралар өткізіліп, Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Қайырымдылық ас пен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Аталмыш айлыққа Степногорск қаласы мен Есіл, Целиноград, Бурабай аудандарының шаруашылық субъектілері белсене атсалысты. Облыс бойынша 96 мыңнан астам адам әлеуметтік қолдаумен қамтылды.
    Айлық кезінде облыстың 16 өңірінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесі өткізіліп, өнімдер құны нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен сатылды. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қала мен аудандарда «Жақсы адамдардың өмірі» фото көрмесі өткізілді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында өңірдің дамуына үлес қосқан құрметті азаматтармен, ардагерлермен кездесу ұйымдастырылды. Есіл ауданындағы «Заречный» серіктестігінің директоры Уәлихан Әріпов Красногорск кенті мен Калачи селосының 8 зейнеткер отбасына еуропалық жөндеу жүргізілген жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Пәтерлерге жиһаздар қойылған. Оған қоса байланыс, интернет пен «Отау ТВ» спутниктік жүйелері жұмыс істейді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде аталмыш елді мекендердің 15 зейнеткер отбасы Державинск және Есіл қалаларындағы жайлы пәтерлерге қоныс аударды. Басқарма басшысы Дина Ахметжанова егде адамдар мен мүгедектерді қолдау айлығы шараларының жоспары толық орындалғанын атап өтті.
  Кез келген елді мекеннің даму негізі бас жоспар болып табылатыны белгілі. Осы орайда, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Владимир Фелбелт өңірдегі 629 елді мекеннің 72 пайызы бас жоспармен қамтамасыз етілгенін айтты. Бүгінгі таңда облыс және барлық аудан орталықтарының жаңа бас жоспары жасалды. Бас жоспармен және детальдық жоспарлаудың жобасымен қамтамасыз ету шеңберінде басқарма 2015-2020 жылдарға осы құжаттарды жасау кестесін бекітті. Оны орындау қала мен аудан әкімдеріне тапсырылды. Аталмыш кестеде басымдылық Астана мен Көкшетау қалалары және Щучинск-Бурабай курорттық аумағын, жедел дамып келе жатқан қала іргесіндегі елді мекендерді бас жоспармен және детальдық жоспарлау жобасымен бірінші кезекте қамтамасыз етуге берілген. Басқарма басшысы осы бағытта атқарылған жұмыстарды жіліктеп айтып берді.
Аппарат кеңесін қорытындылаған облыс басшысы ана мен бала өлімінің алдын алу жұмыстарын жетілдіруді қадап тапсырды. Өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын аналарды құқық қорғау органдары арқылы тәртіпке шақыруды міндеттеді. Егде адамдар мен мүгедектерді жыл бойы естен шығармауды, Есіл ауданындағы Уәлихан Әріпов сияқты қайырымды басшыларды марапаттауды тапсырды. Облыс әкімі өз сөзінде Красногорск кенті мен Калачи селосындағы балалар қауіпсіз жерге көшірілгенін, қоныс аударғысы келмейтіндерді ешкім күштемейтінін айтып өтті. Купчановкадағы медициналық-әлеуметтік мекеме ғимаратының төбесі жөнделген. Бірақ, бөлінген қаржының қалай жұмсалғанында ешкімнің жұмысы жоқ. Осы орайда, жауапкершілік танытпаған басшыларға шара қолданылатынын қатаң ескертті. Биылғы жылы ірі қара малды асылдандыру жоспары, «Сыбаға» бағдарламасының орындалуы, тауарлық табын құру, экспортқа ет шығару, асыл тұқымды ірі қара сатып алу, дәрі-дәрмек қарызын өтеу ешқандай есеп құжаттарында тіркелмепті. Облыс әкімі тиісті басшылардың есеп беру құжаттарын толтыруға салғырт қарамауын талап етті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар