Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов: «Қоғамдағы орның, азаматтық ажарың Мен еліңе тигізер пайдаң, бәрі адамның өз қолында» - АРҚА АЖАРЫ

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов: «Қоғамдағы орның, азаматтық ажарың Мен еліңе тигізер пайдаң, бәрі адамның өз қолында»

 Өмірдерек: Ғалым Мәдешұлы Бекмағамбетов 1955 жылы туған. Білімі жоғары. 1977 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын Целиноград педагогика институтының оқытушысы болып бастаған. Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң Көкшетау облыстық комсомол комитетіне қызметке шақырылып, 1982 жылы Көкшетау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Әр жылдары Көкшетау қалалық партия комитеті, Ақмола облыстық атқару комитеті мен Көкшетау қалалық әкімдігінде түрлі қызметтер атқарып, Ақмола облыстық әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік-мәдени даму бөліміне жетекшілік етті. 1997 жылдан 2009 жылға дейін Көкшетау қаласы әкімінің, одан әрі Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеді. 2014 жылдың тамыз айынан бастап «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. «Құрмет» орденімен және мерекелік медальдармен марапатталған.

 – Құрметті Ғалым Мәдешұлы, елге демеу, тіршілігіне сүйеу болып отырған «Нұр Отан» партиясының атқарып жатқан шаруасының өте ауқымды екендігін барша жұрт біледі. Осы сұхбатымызда соның ең басты назар аударылып отырған тұстарын таратып айтып берсеңіз?
– Бірінші мақсат – жалпақ жұрттың қамын жеу, бірлігі мен тірлігін ойлау. Сырттай бақылаушы болу емес, орын алып отырған кемшіліктерді жою, жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Яғни, бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы.  Өмір болған соң олқы тұстар, аракідік әттеген-айлар да болып жатады. Күрмеуі қиын, келелі мәселелер де аз емес. Шалғайдағы аудандардағы ауыз су, тұрғын үй, жұмыссыздық жайы. Әсіресе, халықтың көкейінде жүрген ойларын білуіміз керек. Орын алып отырған олқылықтардың нақты себептерін тап басып айқындауымыз керек. Сонда ғана тығырықтан шығар жолды айна-қатесіз белгілеп, істі ұйымдастыруға болады. Жергілікті жердегі бастауыш партия ұйымдарының қазіргі күні айналысып жатқан сан салалы шаруасының басында дәл осындай міндет тұр. Жергілікті бастауыш партия ұйымдары сол өңірге қатысты ең басты мәселелерді көтеріп, бізге жолдайды. «Нұр Отан» партиясы жетекші партия болғандықтан да көтерген мәселелердің жерде қалмайтындығына бек сенімдіміз. Парламентте де, атқарушы органдарда да «Нұр Отан» партиясының мүшелері қызмет атқаруда. Халықтың әл-ауқатын арттыруға сөз жоқ, Үкімет те ынталы. 2011 жылы сайлауалды стратегиялық жұмыс жоспарымыз қабылданғанда біз осындай бағытты өзімізге темірқазық, нысана етіп алған болатынбыз. Қордаланып қалған күрделі мәселелерді көтеру бар да, жеріне жеткізе шешімін табу бар. Айталық, ел тіршілігіне қажетті мәселе шешімін табу үшін қаржы бөлінді екен дейік. Сол бөлінген қаржының әр теңгесі тиімді жұмсалу парызы тұр. Сондай-ақ, жұмыс ауқымының көбеюіне байланыс-ты қызметкерлеріміздің де саны артып отыр. Қазір облыстық құрылымға 27 орын берілді. Жұмысы бастан асып жатқан алты ауданға қосымша тағы бір-бір орыннан бөлінді.
Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде ауқымды 14 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – Краснояр селосындағы жаңадан салынған қазандық. Ұзақ жылдар бойы аталмыш село тұрғындарының  тарапынан жылу мәселесіне орай, орынды өкпе-назы айтылып келген болатын. Жаңа қазандықтың қуаты ескі қазандықтан екі есе артық. Демек, алдағы уақытта село тұрғындары жылумен толық қамтамасыз етіледі деп айтуға болады. Осы мақсатқа бөлінген 360 миллион қаржы толық игерілді. Облыс орталығындағы «Васильковка» шағын ауданында салынып жатқан балалар бақшасына 150 миллион теңге қаражат қарастырылды. Бөлінген қаражат жүз пайыз толық игерілді. Сондай-ақ, тоғыз қабатты үш тұрғын үй құрылысына 43 миллион теңге қомақты қаржы бөлінді. «Жансая» шағын ауданында 30 пәтерлік үш тұрғын үй жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Бір айта кетерлігі бағдарлама шеңберінде бөлінген қаржының жетпей жатқан тұстарын толық аяқтауды Көкшетау қалалық әкімдігі қолға алуда. Алда да күрделі міндеттер тұр. Оның ішінде Есіл қаласының жылу қазандығын жаңарту межеленуде. Міне, осындай қыруар іс тындырылып жатыр. Айналып келгенде осының барлығы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, тіршілік кешуіне қолайлы жағдай туғызу емес пе.
– Партиялық он екі жобаның қабылданғанын білеміз. Осы жобалардың тиімділігі, ел үшін қажеттілігі туралы не айтар едіңіз?
– Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Алдымен, үлкен өмір жолынан өткен, туған еліне өлшеусіз еңбек сіңірген ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлық туралы таратып айта кеткен жөн болатын шығар. Күнделікті қам-қарекет, жанашыр істерден бөлек, біз алдымызға соғыс ардагерлерінің барлығын мүмкіндігіне орай жаңа да жылы, қолайлы пәтерлермен қамтамасыз етеміз деген мақсат қойған болатынбыз. Сол ойдың үдесінен шығып, қазан айының соңына дейін он соғыс ардагеріне пәтер табыс етілмекші. Демек, ешбір соғыс ардагері пәтерсіз қалмайды деген сөз. Бұл арада жалғыз материалдық игілік қана емес, рухани байлықтың да, әдемі жақсы дәстүрлердің сабақтастығы да ойластырылуда. Біз аға буынды құрметтеп, қошеметтеу арқылы жастарға жақсы мысал көрсетсек дейміз. Адам бойындағы ізгілікпен бүр жаратын адами қасиеттердің жарқын мысалын желкілдеп өсіп келе жатқан, еліміздің ертеңгі болашағы жастар өз көздерімен көріп, көңілдеріне көркем ой түюлері қажет.  Жан жарасы мен тән жарасы, зардабы әлі күнге дейін ауық-ауық мазалап қоятын қасіретті соғыс кезінде Отанымызды басқыншы жаудан қорғап қалған, одан кейінгі бейбіт өмірде халық шаруашылығын қалпына келтіруге табаны тастан таймаған тарланбоздай күнді түнге, түнді күнге ұластырып қажырлы еңбек еткен аяулы да ардақты ардагерлердің мәңгі өлмес адал еңбектерін, белшеден кешкен бейнетін әр жүрекке жеткізе, әр көңілге қондыра отырып, жастарға тәрбие берудің маңызы өте зор. Біздің ардагерлеріміз қандай құрметке болмасын әбден лайықты. Осы жоба аясында Ұлы Отан соғысының батырлары өмірі өнеге, тіршілігі тағылым болатын тұлғалардың ғұмырбаяндары топтастырылған жинақ та жарық көрді. Онда 52 адамның қиын да қызғылықты тағдырлары жазылған. Сондай-ақ, «Кедергісіз келешек» деп аталатын жобада біздің арамызда жүрген, әншейінде кейбіреуіміз көзге іле бермейтін, өзіндік мәселелеріне назар аудара бермейтін мүгедектерге қамқорлық көрсету қарастырылып отыр. Облысымызда осындай шынайы жанашырлыққа зәру 28 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың бір мыңға жуығы мүгедектер арбасына таңылған. Үш мыңнан астам зағип және көру мүмкіндігі нашарлаған адамдар бар. Ал, ол адамдар да он екі мүшесі сау замандастары тәрізді өмір сүруге хақылы. Сондықтан да, осы бір өте күрделі жайды жан-жақты зерделеп, зерттеп, олар қажет ететін дүниелерді екшеп, бар мүмкіндікті егжей-тегжейлі қарастыра келе, жұмыс жоспарын жасадық. Мүгедек жандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, жұмыспен қамтамасыз ету ең басты қатарда. Қазіргі күні емханалар мен ауруханалардың, қоғамдық орындардың, әрқилы мекемелердің кіреберісінде 180 пандус орнату жоспары бар. Ойға алған бұл меже 70 пайыздан астам орындалды. Сондай-ақ, «Өз жұлдызыңды жақ» деп аталатын жобада тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қиындық көрген, адам айтқысыз азап шеккен мүгедектердің өмірге деген құштарлығын арттыру, үміт сәулесін лаулату біз үшін ең басты міндеттің бірі. Кейде осындай адамдардың қатардан қалмай тырбанып тіршілік етуі, өзін нық, бекем сезінуі, шарасынан асып-төгіліп жатқан қажыр-қайраты таң қалдырады. Облыс орталығында Василий Шиманский дейтін азамат бар. Өзі де қатал тағдырдың қатыгез тезіне ұшыраған адам. Ол «Шиманский» серіктестігін құрып, еңбек етуде. Қамқорлықты қажет ететін мүгедектерді жан жылуына бөлеп, қолынан келгенінше көмек-жәрдемін беріп жатыр. Соңғы кезде бірнеше мүгедек адамдарды қолдарынан келетін жұмысқа орналастырдық. Бірақ, оның барлығын атын атап, түсін түстеп айту міндет емес шығар. Негізінде жасаған жақсылықты жар салып айту әбестік. Біз тек асқаралы міндеттер үдесінен шығу жолындағы адамгершілікке, кісілікке негізделген шаруаның шырайын сипаттау үшін тілге тиек етіп жатырмыз. Ендігі бір мәселе, елдің ертеңгі болашағы жас өскін жайында. Қоғамдағы алаңдататын бір жай, жетім балалардың көптігі. Өмір болған соң әрқилы себебі болады. Әйтсе де, жарық дүние есігін ашқаннан кейін ол балалардың да өзге балалар тәрізді бақытты ғұмыр кешкісі, сүйікті Отанының сүйкімді ұл-қызы болғысы келетіндігі анық қой. Қазір облыста 390 жетім бала бар. Осы балаларға арналып «Депозит» салым қоры ұйымдастырылып отыр. Күні ертең кәмелеттік жасқа толып, еркін өмір айдынына қанат қаққанда оқып, білім алуына, алғашқы қадамдарын жасауына нақты көмек болар еді.
– Бүгінгі қоғамның бір кеселі, жақсы істердің аяғына тұсау болып жатқан жемқорлық жайы. Жемқорлықпен «Нұр Отан» партиясы да күресіп жатқанын білеміз. Сіздің ойыңызша дауасыз дертке айналып бара жатқан жемқорлықты қалай жеңуге болады?
– Адамгершілікпен. Адам бойындағы асыл қасиеттермен. Ол үшін ең алдымен, бала жастан адалдыққа тәрбиелеу керек. Адалдық бойына ана сүтімен сіңген, бес жасына дейін отбасының тамаша тәрбиесімен қалыптасқан балалар одан кейін де дәл осындай қалыпты ұстанатын болса, қоғам сөз жоқ, дүниеқоңыздықтан, материалдық игілікке шексіз құмарлықтан, сол игілікке жету жолындағы жемқорлық тәрізді кесапаттан арылар еді. Кеңес өкіметі келмеске кетіп, тәуелсіздік алған жылдары бұл мәселеге көңіл бөлінбей, тізгінін босатып алдық. Алдымен, экономикалық қиындықтар, халықтың тұрмысы, бүгінгі күннің қам-қарекеті тұрды да, болашақтың бағдарына қарайлауға мұрша болмай қалды. Жаман әдеттер де бой көрсетті. Тұрмысы сәл тарылған халық бақуатты күн кешіп, байлыққа белшесінен батқандардың тіршілігін көріп, теріс мысалға бой алдырды. Қазір кәмелеттік жасқа толып жатқан балалар еліміздің тұрмысы жақсарған кезінде ақыл-ойын тоқтатып жатыр ғой. Олар оның алдындағы тоқыраудың ащы дәмін татқан жоқ. Енді бүгінгі күні олар жақсы тәрбие, терең білім алса, жайнаған, жарқыраған Қазақстанның ертеңгі күнін нұрландырып, гүлдендіруге құлшынады. Сондықтан, қоғамдағы кез-келген кесірлі көріністің алдын алу үшін біз кейінгі ұрпақты таза, адал тәрбиелеуге барынша күш салуға тиістіміз.  
– Ол неге байланысты? Қайтсек жас ұрпақты жаман әдеттен аман қалып қаламыз?  
–Адам өз бақытына, тағдырының жолына, оның қалай қалыптасып, қалай өрбитініне өзі ие. Бәрі өзінің қолында. Тіршілік болған соң өне бойы даңғыл жол, түп-түзу сүрлеу, соқпақ болмайды ғой. Ылдиы мен еңісі, өрі мен қиясы алма-кезек кездесіп жатуы мүмкін. Бекемдігіңді сынайтын, беріктігіңді безбендейтін тұстары да аз емес. Міне, сондай сәтте тіршілік теңізінің ақбас толқындарынан алып шығатын дүние өз бойыңдағы білім мен мынау жарық күнге, жалқын сәулеге деген махаббатың мен құштарлығың. Кей кезде жастар туралы жағымсыз пікір айтылып жатады. Ол дұрыс емес, біздің жастар негізінен алғанда, жақсы, өте жақсы. Тек сол жастарға дұрыс бағыт беріп, бағдар сілтеп, оң жолға қою аға буынның міндеті.
– Өзіңіздің жастық шағыңыз туралы айтыңызшы. Ол кездегі жастарға қандай қызығушылық болды. Үлгісі қандай? Өнегесі ше?
– Әке мен анамның жарық дүние сыйлаған перзенті жетеу еді. Екеуі ертерек, кішкентай кездерінде шетінеп кетті де, бесеуіміз ер жеттік. Анам отбасының тіршілігімен айналысты, әкем банк қызметкері болды. Ол кезде банк қызметкерлері жиі-жиі орын ауыстырып тұратын. Сондай бір тәртіп болды, бір қаладан бір қалаға жиі көшіп-қондық. Орта мектепті аяқтаған соң тіршіліктің салмағына иығын жалғыз тосқан әкем маған сырын айтты. Сыры да, шыны да сол болатын.  «Ұлым деді ол. Оқып, білім алғаның әбден дұрыс. Бірақ, көріп отырсың, өзге балаларды да жетілдіру керек. Сондықтан, көп көмектесе алмауым да ықтимал». Әрине, түсінетін едім. Сондықтан, мен ата-анамның мойнына артық салмақ салмауға тырыс-тым. Сол кезден бастап өз бетімше өмір сүруді үйрендім. Студент кезімде бар қабілетімді сарқа жұмсап, білім алуға тырыстым. Жан-жақты білім алу, әр нәрседен хабардар болу мен үшін барынша қызғылықты еді. Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде жоғары стипендия алдым. Бірнеше студент бірігіп вагоннан жүк түсіріп, қосымша табыс табушы едік. Қара жұмыстың ешқайсысынан қашқан жоқпын. Қарағандыда оқып жүргенімде облыстық телеарнаның «Родники» деп аталатын хабарын тікелей эфирден жүргіздім. Гүлнәр есімді бір қыз екеуіміз. Ол кезде қазіргідей ақпарат көздері көп емес, халық жергілікті теледидарды көп көретін. Қоғамдық көлікте, кітапханада жұрт танып жататын. Жақсы баға беретін. Бірақ, жұлдыз ауруына шалдыққан жоқпын. Кейінгі өмірім, азды-көпті қызметім елдің көз алдында.
Жастар көркем әдебиетті көп оқуы керек. Қазір жас ұрпақ, шынын айтқанда, әдебиеттен қол үзіп қалды. Облыстық филармонияның, театрлардың қойылымдарына жиі барса, жан дүниелері рухани байлықпен нұрланып, ізетті ізгіліктің бастаулары қалыптасар еді. Өз басым жас кезімде Олжас Сүлейменовпен «ауырдым». Басқа да классиктердің дүниелерін оқуға, түйсінуге тырыс-тым. Жоғарыдағы бір сөзімде әркім өз тағдырына өзі ие деген пікірді бекер айтып отырған жоқпын. Қоғамдағы орның, азаматтық ажарың, кісілік келбетің, еліңе тигізер пайдаң, бәрі де өз қолыңда.  
– Әңгімеңізге рахмет!   

Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛОВ, арнаулы тілшіміз.

 

P.S. Қадірлі Ғалым Мәдешұлы! Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы Сізді 60 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық және ел игілігі жолындағы жауапты қызметіңізге табыс тілейді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар