Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазағына Қызметі Қалтқысыз - АРҚА АЖАРЫ

Қазағына Қызметі Қалтқысыз

Сапар, сапарлар! Қайсымыз болсын, жүріп-тұрусыз өмір жоқ мына тірлікте басымыздан талай сапарды өткергеніміз анық. Бірақ, біз үшін осы жолғы сапарымыздың жөні бөлек еді. Таяуда ғана дүниеден өткен біртуар жерлесіміз, көрнекті әдебиеттанушы ғалым  Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың қырқына қатысу үшін Алматыға жол жүруіміз керектігін  естігенімізде, біртүрлі толқып, мұны  өзімізге көрсетілген үлкен құрметке балағанымыз рас.

Топ құрамында үш адам. Жол көрсетер басшымыз Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов. Бұған дейін Бұланды, Жақсы аудандарын басқарған. Тұрсынбек ағаны туған жерінде қарсы алып, араласып-құраласып жүрген белді азамат. Руы Керей, демек, аталас, рухани інісі. Әрі Біржан салдың ұрпағы. Ағамызды соңғы сапарға шығарып салған қаралы жиында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектен кейін екінші болып сөз сөйлеуі-ақ бәрін айтып тұрғандай.  
Үшінші  серігіміз –
ағаның өз ауылы Алтындыдағы орта мектеп басшыларының бірі Марат Аманқұл. Әлі таныс-біліс емеспіз. Бірақ, көзі тірісінде-ақ есімі берілген туған мектебінен болған соң, көрмей жатып іш  тартқанбыз. Сол ойымыз алдамапты. Шынында да, Маратымыз сөзі мен ісінде  алшақтық жоқ жақсының өзі болып шықты.
Тұрсынбек Кәкішев! Биыл осынау тау тұлғалы аға өмірден өтеді, ол кісінің дұғасына барамыз деп ойлаппыз ба. Бәрі бір Алланың қолында. Жазмыштан аса алмайсың. Көр-некті ғалымның қазасы туралы
7 қыркүйекте ертемен ғаламтордан естіп, білдік. Таңертеңнен әңгімеміз осы жайында болды. Қапамен, қайғымен суық хабар ауыздан-ауызға таралып жатты. Әдебиетте жұлдызы жарқырап жанкешті еңбегімен өзін де, елін де танытып кеткен  өнегелі өмір иесі еді. Әйтпесе, көзі тірісінде-ақ туған ауылының бір көшесі мен өзі оқыған мектебіне аты беріліп, музейі ашылар ма еді?!. 2007 жылы облыс орталығы Көкшетау қаласындағы 80 жылдық мерейтойына  абыройын асқақтатып бірге келген меймандардың өзі бірінен бірі өтетін еді ғой. Сол кездегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы  Дербісәлі, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ақын Серік Тұрғынбекұлы… Одан әрі 2012 жылы Бұланды ауданында Аудан күнімен бір мезгілде Тұрсынбек Кәкішевтің 85 жылдығы да үлкен дүбірлі тойға ұласты. Оған мерейтой иесінің өзімен бірге жан жары Күләш жеңгеміз, ағайын-туыс, бауырлары қатысып,  ел бір жасап қалды. Бұл кезде аудан әкімі қазіргі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Мұрат Балпан еді.  Сол күндері ағаға деген ниеттес көңілін тағы бір білдірген «Арқа ажары» газеті де:
«Қымбатты Тұрсынбек Кәкішұлы! Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ поэзиясының дауылпазы, өмірі өрлікпен өрілген ұлы Сәкен Сейфуллин кешегі «Тіршілік», бүгінгі «Арқа ажарының» бастауында тұрғандықтан, ал, ақиқаттың айбыны Тұрсынбек Кәкішев ағамыз ғұмыр бойы көз майын тауысып, осы Сәкен өмірін, Сәкен мұрасын зерттеп, зерделеумен келе жатқандықтан, кешегі мен бүгіннің арасын алтын көпір етіп қосып тұрған қос тұлға да біз үшін өте ыстық, өте қымбат.
Сондықтан, Сәкен десе Тұрсынбек аға, Тұрсынбек аға десе Сәкен деп елеңдеп тұрарымыз қанға сіңген ғұрып. Алаш өмірінде осындай айшықты орныңыз бар қадірлі Тұрсынбек аға, 85 жылдық мерейтойыңыз құтты да жалғасты болсын!
Кіндік қаныңыз тамған туған Бұландыңызды дүбірге бөлеп жатқан осы бір асқаралы биігіңізге шын жүректен қуана отырып, деніңізге саулық, өміріңізге бақыт, шығармашылығыңызға жаңа өріс тілейміз. Қазағыңыздың бағы үшін әмәнда жасай беріңіз, жаза беріңіз!» деп мерейтой иесіне өз ыстық лебізін жолдаған. Сол құттықтауымыз кейін «Өнегелі өмір» сериясымен «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Тұрсынбек Кәкішев» атты қалың да келісті кітаптың алдыңғы беттерінің бірінен орын алды. Демек, ағамыз үшін бағасыз болмағаны ғой. Рахмет!
Осы рахметті, осы іспеттес ақ алғысты біз ғұлама ғалымға шынтуайында бір емес, мың мәрте айтуымыз керек. Неге дейсіз ғой, әдебиеттің сан салалы жұмысы бір басынан асып жатса да, туған өңірінің қазақ газетін де есінен шығармай, сонау 1997 жылы сол кездегі Ақмола облысының әкімі А.Г.Браунға «Тарихи шындық қалпына келтірілсе» деп шырылдап жазған хаты үшін. Онда қолындағы мұрағат құжаттарымен, басқа да дерек-дәйектерімен бүгінгі «Арқа ажарының» 1917 жылдың шілдесінде Сәкен Сейфуллин шығарған «Тіршілік» газетінің  заңды жалғасы, бірден-бір мұрагері екендігін қолмен қойғандай етіп, нақтылап көрсетіп бергені үшін. Сөйтіп, сол тұста осы хаттың ықпалымен «Арқа ажарының» 80 жылдық мерейтойы өткізіліп, расында өзі айтқандай, тарихи шындықтың қалпына келтірілгені, әрі оның бүгінде  осы басылымның 98 жылдық жылнама-шежіресіне ұласа түскендігі үшін.
Бұған қашан, қайда болсын, «Арқа ажары» да қарыздар қалмақ емес. Аға қазасынан құлағдар болғаннан кейін іле ол кісіні жақсы білетін, еңбегіне тәнті ағаларымыз бен  шәкірттерінің газетке бір-бір ауыз азалы сөзін жазып берулерін құп көргенбіз. Бұл сауапты іс сол сағаттарда-ақ сәтімен оңғарылып, қоңырау шалған адамдарымыздың бәрі, бірі қалмай, өтінішімізді мүлтіксіз орындап бергендегі рухани, адами бір қанағат сезімімізді айтсаңызшы. Жүрек зарын төгілтіп, шерлі көңілдерін егілтіп, ақтық сәтте айтулы жерлестеріне азаматтық парыздарын қапысыз өтей білген осы жандардың сол пейілдері тұтастай елдің де әзіз ағаға деген зор сүйіспеншілігі екендігі айдан анық еді. Алдын ала айта кетейік, облыс басшылары атынан берілген қазанамамен бірге, газетіміздің бұл саны осы жақтан барған  адамдар арқылы сол күндері-ақ Алматыға жетіп, отбасына табысталған екен. Бұл да болса, ауыр қайғы үстінде туған жерінен әжептәуір демесін ғой. Кейін бізбен жүздескенде жеңгеміз де осыған разылығын білдіріп жатыр.
Әрине, бара жатқанымыз той емес (тойда да кәдімгідей ойланасың), есімі ел аузындағы үлкен кісінің дұғасы. Пойыз бір тербетсе, ой екі тербетеді. Көпшілік алдында сөз тисе, асқар тұлға туралы не айтасың?
Газетке мақаласын бергіміз келіп, телефон арқылы бір рет сөйлескенім болмаса, бетпе-бет жүздесіп, «аға» деуіме жазбапты. Бірақ, екі мәрте  «Көкшетау» мәдениет сарайында сөзін тыңдадым. Сөз болғанда қандай? Бірі – елге келіп жатқан 80 жылдық мерейтойының тебіренісі. Екіншісі – ұлы Абылай ханның 300 жылдығында бүкіл жиналғандарды толқындай көтеріп әкеткен тарихи сөзі.   
ҚазМУ-дің журфагында оқып жүргенімізде, аяулы аға жетекшілік ететін филология факультеті үстіңгі қабатта болатын. Кей-кейде баспалдақпен түсіп, көтеріліп бара жатқанында танитынбыз, сәлем беретінбіз. Жас кезіміз, онда сұңғыла ғалымның өзіміздің жақтан, Ақмола өңірінен екендігіне де онша мән бере қоймаймыз. Облысымыз басқа болған соң ба, көңіліміз көбіне Көкшетау дейді.
Сөйтсек, сұлу Көкшені өзім деген жанның бірі осы Тұрсынбек ағамыз екен ғой. Бұған жағырапиялық тұрғыдан алғанда, туған топырағы Бұландының осы өңірмен иық түйістіріп, іргелес жатқандығы да әсер еткен болуы керек. Бурабай, Еңбекшілдер аудандарына  екі арасы қыл өтпейтіндей тиіп тұрған жоқ па.
Осы келе жатқанда, біздің де әжептәуір жастығымыздың қаласы Алматыға табан тіремес бұрын алғаш хабарласқан адамымыз қазақтың белгілі ақыны Қорғанбек Аманжолов еді. Жерлес аға Күләш тәтеміздің елден келген азаматтар міндетті түрде Тұрсынбек ағаның шаңырағына түсіп, кешкілік қонақасында болуы керек деген сәлемін қадай жеткізген. Мұны да жеңгейдің көпті көргендігі мен білгендігі ғой деп межелі уақытта көп таксидің бірімен Абай және Шагабутдинов көшелерінің қиылысына алып-ұшып асығып келеміз. Бұрын көрмеген адам, ол кісіге аға қазасына деген көңілімізді қалай жеткіземіз? Тауып айтқан қандай сөзіміз жан жарасын жеңілдетеді?..
Уәделі жерде қарсы алған «Ер Жәнібек»  халықаралық қоғамдық қоры төрағасының орынбасары  Мұхамедхан бауырымыз үйге бастады. Жеңгеміз бен балалардан басқа ер азаматтардың  бәрі елден біз келді деп есік алдында күтіп тұр екен. Қазақ осы ғой, біртүрлі ыңғайсызданып жатырмыз. Қонақ бөлмесіндегі үлкен портреттен Тұрсынбек ағаның өзі де әрқайсымызға бір көз қиығын тастап, өнегелі өмірі туралы мына сағынышты да мәңгілік әңгімеге бірге араласып қоятындай. Дастархан басында ағаның өзінен үш жас кіші туған інісі Жахия атамыз, немере інісі Жеңіс, құдасы Тілеген және біз. Ас алыңыздар деп, ағалап  бәйек болып қоятын  Мұхамедхан мен Қытайдан келген тағы бір бауырымыз, жоғарыдағы қор қызметкері Талсыбек ініміз де  осы үйге бөтен емес, баласындай болып кеткенге ұқсайды. Жас та болса, Тұрсынбек ағаны бұл азаматтармен тонның ішкі бауындай жарастырған әрине, біраз жыл «Ер Жәнібек» қорының құрметті төрағасы ретінде, қор қызметі мен оның қат-қабат шаруаларына белсене араласып тұруы.
1947 жылы елде жеті жылдық мектепті бітіріп, одан әрі Алматыда оқып, аға ықпалымен осы жақта біржола қалып қойған Жахаң мен серігіміз Мараттың әңгімесі де ә дегеннен жараса кеткен. Бірі сағынышпен туған ауылының жағдайын, көзі көргендерді сұрап, өткенді еске алса, екіншісі әр сауалға білгенінше жауап беріп, қарт сөзін қалт жібермейді. Сөз арасында оқтын-оқтын әңгіменің бір ұшы  аяулы ағамызға келіп тіреледі. Әлгі әлетте мұрсат сұрап, орнымыздан тұрып, аға аруағына сөзіміз жеткенше бір-бір ауыз лебізімізді арнағанымызда, Күләш тәтеміздің де екі көзі еріксіз мөлт-мөлт жасқа тола берген. Енді сол ауыр күйзелісін бір сәт сыртқа шығарып, ағаның біз де біле түссек деген өмірінің соңғы кезеңінен бір кідіріп, бір шешіліп,  сөзін сабақтайды.
– Сол Абылай хан тойында сөйлейтіндер тізімінде жоқ еді. Сахнадан Марат Тәжин көзі шалып қалып, «бір-екі ауыз айтарыңыз бар ма?» деп көмекшісін жіберіпті. Сондағы дайындықсыз, қағазсыз шыққан сөзі әлі күнге елдің аузында келеді. Бұл – екі бірдей инфаркт алып, жүрегі мазалаумен жүрген кезі болатын. Бір сөзінде «енді елге келемін бе, келмеймін бе?» деп қалғаны да бар. Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына Астанаға барғаны болмаса, содан кейін шынында, ол жаққа қайтып жолы түскен жоқ. Алайда, Ақмола, Көкше десе жаны бөлек еді. Әсіресе, Көкшетауда жылу берілмей, басқа да бір шаруалары ақсай қалса, «осы жігіттер қайда қарап отыр?» деп қарадай қиналып қалатын. Ол кезде Көкшенің жағдайы ауыр болғаны белгілі. 2000 жылы Сәбеңнің 100 жылдығына бара жатқанда да, жолда осыған қатты қапаланды. Ал, Абылайдың тойында Көкшетау түзеліп, көркейіпті деп жаны рахаттанып, көңілді жүрді. Кейінгі кезде  біраздан бері жолы түспей кеткенін өзі де сезіп, сөзінің ара-арасында келер жылы денсаулығым жараса, солай қарай бір ат ізін саламыз ба, қайтеміз дейтін. Жүрегі жарамағанымен, көп жағдайда оны елей бермейтіні де бар еді. Астанаға Қазақ хандығының 550 жылдығына шақырған. Оған бара алмаспын, бірақ, Таразға барамын деді. Бұл екі ортада  Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына байланысты Түркияда бір іс-шаралар өтетін болып, оған да шақыру келіп, бармақшы болды…  
Дастарханға бата беріліп, құран оқылған ендігі бір мезетте шайға дейінгі аз-маз үзілісті пайдаланып, жол сөмкемізден ағаның қырқына арнап шығарған газетімізді алып шықтық. Бұған тәтеміз де, өзге отырғандар да қатты қуанып қалды.
– Филология факультетіне іліп қою керек. Ұстаздар да,  студенттер де көрсін, – деп жатыр өзі де ғылым докторы, сонда сабақ беретін жеңгей  толқулы жүзбен.
Жазушының қаруы – қалам, қолдаушысы –
ұшқыр ой, өнімі – сөз болса керек, тегі. Бар саналы ғұмырында ел үшін тыным көрмей өткен Тұрсынбек Кәкішев ақтық демі таусылған өмірінің соңғы күні, соңғы сәттерін де жазу үстелінде өткізіпті.
–Түнгі сағат 10-ға дейін кабинетінде әдеттегідей жұмыс істеді. Баспадан Әзілхан Нұршайықовтың естеліктер кітабы шыққан. Ішінде Мұхтар Әуезов, тағы басқа алыптарымыз туралы да бар.   Тұрсекең библиографиялық көрсеткіштерін өзі жүргізіп отырушы еді.  Алла сездірді ме, сол түні өз атын қызыл сиямен сызып қойыпты. Жүрегіне күш түспесін деп  онның кезінде апарып жатқыздым да, өзім ас үйде шаруамен айналсоқтап қалдым. Менің көзім тайысымен, төсегінен қайта тұрып, он бір жарымға дейін тағы жұмыс істеген. Содан не керек, таңға жақын жүрегі қысып, қас пен көздің арасында көз алдымда кете барды. Жедел жәрдем жетуін жеткенімен, еш қайран жасай алмады. Әдебиетте бір өзі бірнеше адамның жұмысын атқарып кеткен үлкен жүрек осылай мәңгілік тоқтап тынды. Бұлай болады деп өзі де ойлаған жоқ. Тоқсанға келемін деуші еді. Бірақ, айтқанмен бола ма. Өзінің қоғамдағы, ғылымдағы орнын жақсы білетін. Тәубешілікке келген, өкінішпен өткен кездері де аз емес. Екі рет Қытайға барып келді. Барған жерінде тек қазақты іздейтін. Шүкір, осының бәрін елі де бағалай білді. Қазасында әріптестері мен шәкірттері,  таныс-бейтаныс кісілерден қабырғасы қайыспаған адам жоқ. Абай атындағы опера және балет театрынан,  Жазушылар одағынан шығарамыз десті. Алайда, өзі табан аудармай, елу жылға жуық уақыт еңбек еткен қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен шыққаны жөн ғой дедік. Енді ойласам, онымыз дұрыс болыпты.  Аруағы да бұған риза шығар.
…Мұндайда өзі жоқ болса да, нәзік бір сезіммен ағаның  талай ғылыми еңбектері, кітаптары дүниеге келген жұмыс кабинетіне де көз салғың келеді. Қазір бос тұрғанымен, ғалым ақыл-ойының, сана сәулеті мен жүрдек қаламының айшықты ізі бар онда. Асқақ рухымен де осында сырласқандайсың. Көп кітабын сол кездегі Премьер-Министр Иманғали Тасмағамбетовтың сұрауымен Астанадағы «Отырар» кітапханасына, өзінің атындағы  мектебіне, өзге де білім ошақтарына таратып берген. 85 жылдық мерейтойында да құрметтің ең үлкенін астына «темір тұлпар» мінгізген осы Иманғали інісінен көрген екен.
Көзі тірісінде өзін «ел бағы үшін туған азамат»  деп жоғары бағалаған Әзілхан Нұршайықов ағасымен қалай сыйлас, сырлас болса, Кеңсай зиратында да қабірлері бір-бірінен алыс емес, қатарлас жатыр. Махаббат шайыры Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев, кеше ғана дүниеден өткен  театр білгірі  Әшірбек Сығай, Қазақстанның халық әртісі Роза Жаманова, Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков, бәрінің де мәңгілік тұрағы Тұрсекеңмен бір жерде. Осыған қарап-ақ, бертіннің өзінде  халқымыз қаншама жақсы мен жайсаңынан айырылғанын шамалай беріңіз. Әдебиеттегі Тұрсекеңдей тектімізді  де тоқсанына жеткізбеген сұм ажал енді сабыр етсе екен дейсің осындайда.
Аға шаңырағындағы ойлы отырыстан үлкен әсермен шыққан бізге осы сәттен қымбат ештеңе жоқтай. Жанға жайлы Алматы түні бүгін де біз білетін сол бұрынғы кейпінен жаңылар емес. Тек тымық ауаны күндізгіден толастамағандай көрінетін  көп көліктің ерсілі-қарсылы ағыны тербейді. Баяғыдай емес, еуропалана түскен үлкен шаһарда кеше  күні бойы жаңбыр құйған деп естігенбіз. Сол ойыма оралып, бүгін бұлт бар ма, жоқ па деп аспанға қараймын. Жай қарамай, Тұрсынбек ағаның жұлдызын да іздегендеймін. Қазақ көгінде жарқырай түсетін оқшау жұлдыз ғой ол. Бәлкім, тұрпаты бөлек әнебіреуі шығар.
Бір күн ілгері аттап сөйлесек, қазақ ғылымы, әдебиеті мен мәдениетінің кілең ығай мен сығайлары жиналған аға дұғасында қамығып, қайғы жұтып жүрсе де, жаны қалмай, бізді туысындай қарсы алып жатқан Күләш тәтеміздің атына да жылы лебіз көп айтылған. Ел білген Кәкішев жетістіктерінде өмірде ғана емес, ғылымда да сенімді серігі бола білген, бірлесіп бірнеше кітап жазған осы  жан жарының да еңбегі бір төбе екені даусыз.
Сол күнгі ҚазМУ қалашығындағы еңселі тамақтандыру комбинатында Тұрсынбек ағамызға арналған әр лебіздің өзі шынайы жүректен, осы бір тау тұлғалы ғалымның әдебиеттегі ерен еңбегі мен өмірдегі азаматтық өршіл үнін әріден таныған ақ көңілдің төрінен шығып жатқаны ақиқат еді. Астың беташарын сарабдал толғанысымен ажарлап барып тоқтаған шәкірті, филология факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы ұстаз биігін біраз шола келе, университет басшысы Ғалымқайыр Мұтановқа сөз бергенде, көптің көкейінде ректор не айтар екен  деген ынтызарлықпен бірге, риясыз ризашылықтың да лып еткені заңдылық болатын. Ол ризашылық – өзі ғұмыр бойы адалдығынан айнымаған қара шаңырағының алғашқы сәттен бастап ғұлама ұстаз рухына қалтқысыз қызмет етіп, ауыр қазаның бар ауыртпалығын үй-іші, ағайын-туыстарымен бірге  көтере білуі.
Осы отырғанда бізде де аяулы ағаға деген өзгеше  бір құрмет сезімі арнасынан асып төгілердей. Іштей жерлесіміз деп марқаюдың өзі ғана неге тұрады?!. Сөйткенше, сөйлер сөзіміздің де тізімнің басында  келіп қаларын білмеппіз. Асыл аға рухына тағзым ете келген осынша талғампаз, зиялы қауымның алдында туған жерінен емтихан ұстаудың зіл батпан жауапкершілігін тереңінен тағы бір осы сәтте сездік. Әйтеуір, жолшыбай ойланып-толғана түскен ішкі дайындығымыздың да пайдасы тигені айдан анық. Мұндайда онсыз бола ма?!.  Жанымызда ел жақтан бірге отырған Сарбас Ақтаев, Қорғанбек Аманжолов ағаларымыздың орнымызға жайғасқанымызда, қолымызды бір-бір қысып қоюларына  қарағанда, Ерекең бастап, біз қостап, айтпақ ойымыз  жаман шықпаған сияқты.
Өзгелер де солай. Тұрсекеңдей ел ардағынан кім аянсын. Әрі ол кісімен етене араласқан, жақын жүріп, қамқорлығын көрген ағайынның сөзі тіпті төгілмей ме. Айналдырған екі-үш сағатта соған анық көзіміз жеткен. Айтты-айтпады ағаға деген көптің  құрметі ерекше  екен.
Жалпы, көрнекті ғалым туралы желіге тартылған ой-пікірлер, елеп-екшейтін болсақ,  негізінен төрт-бес бағытта өрбігенін айтар едік.
Біріншіден, ол әрине, ағаның кешегі бүкіл Одақ пен өз қазағымызға сұңғыла Сәкенді танытқан азаматтық ерлігі. «1956 жылы 23 қарашада Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы кішкентай залында Сәкенді еске түсіру кеші өтті. Аузы-мұрнына дейін толған залда Жұмағали Саинның бастауымен Сәкеннің «Көкшетау» әнін жылап тұрып айтқандарды көргенде Сәкен аруағына қандай жақсылық жасау қолымнан келеді деп ойландым, өмір бойы оны зерттеп өтуге ант бергендей болдым», деп жазған еді бұл жайында ғалымның өзі де. Осылай 1968 жылы әуелі «Қызыл сұңқар» кітабы өмірге келіп, кейін ол 1972 жылы Мәскеуде «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен орыс тілінде жарық көрген «Сәкен Сейфуллин» кітабына ұласты.
Сәкен өмірінің белгісіз қырларын зерттеймін деп баспаған жері, бармаған тауы жоқ. Бүкіл Одақта мұрағаттан мұрағат қоймай, Сәкен Сейфуллин жүрген ізбен Бетпақдалаға дейін шарлаған. Ал, сол сапарлардан туған кітаптары: «Сәкен Сейфуллин сенің сүйікті жазушың», «Сәкен және Гүлбаһрам», «Сәкеннің соты», «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (Күләш Ахметовамен бірге), «Сәкен сүйген сұлулар», «Қиын жолдың тағдыры», «Дәуір дауылпазы», «Толғам». Алғашқыларын жоғарыда айттық. Мұнымен бірге, Сәкен Сейфуллиннің көп томдығын да алғашқы нұсқалары бойынша баспадан шығарды.
Сәкенге деген мұндай сүйіспеншілік пен жанкештілікті кезінде әрқалай жорыған адамдар да болыпты. Өйтпесе, қазақ боламыз ба.
–Тұрсекеңнің Мәскеуден Сәкен Сейфуллин туралы кітабы жарық көрген тұста «бұл өзі Сәкеннің баласы екен» деген әңгімелер де шыға бастады, – деп еске алған еді осы ас үстінде қазақтың көрнекті ақыны Қалижан Бекхожин ағамыздың үйіндегі Зайда апамыз. – Мұны құлағы шалған Тұрсынбек «менің қарапайым қатқан анам Сәкен қарайтын әйелдің санатынан емес» деген соң барып қана ол сөз басылды.
Осылайша Сәкентануға бар саналы ғұмырын арнаған зерделі ғалымның бұдан басқа да қазақ ұлтына  сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Соның бірі біздіңше, әу бастан құлшына кірісіп, әдебиеттану ғылымына бұрын-соңды жүйеленбеген тұтастай бір «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» саласын енгізуі. Ал, 1915-1918 жылдары сонау Уфадағы «Ғалия» медресесінде Бейімбет бастаған қазақ шәкірттері қолжазба күйінде шығарып тұрған «Садақ» журналын туған халқымен қауыштырған осы аттас еңбегі, қазақ поэзиясының қос жұлдызының ара-қатынасын бұрын беймәлім тың, сүйінішті деректермен толықтырған «Мағжан мен Сәкен» ғылыми эссесі ше?!. Бір басында ұлтына ауадай қажет сан қасиеттер тоғысқан Тұрсынбек ағаның өшпес бейнесі айта берсек, осы жолы халқының қалаулы ұлы Әбсаттар қажы Дербісәлі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлының да шынайы жан толғаныстарымен жарқырай түскен еді.
Ұлт, ел мүддесінің, қазақ тілінің қабырғалы жоқтаушысы Тұрсынбек Кәкішевтің халқымыздың рухы мен руханияты жолындағы алғашқы қадамы әйгілі өнер шеберлері Қосымжан Бабақов пен Зағифа Тінәлинаның ықпалымен 1944 жылы Ақмола облыстық қазақ драма театрында актерліктен басталады. Содан бері ана тіліміздің өміршеңдігі үшін талай рет мылтықсыз майданға кіріп, бұрынғы билікке де жазықты болған, ал, «тіліміз тұғырына қонады» деген сексенінші-тоқсаныншы жылдардан бастап ащы дауысы тіпті қатты шығып, әр сөзі қазақтың жұбанышы һәм айбарына айналған тағы да осы Кәкішев болатын.
Белгілі тарихшыларымыз  Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков та осы аста Тұрсынбек Кәкішевті азаматтық ұстанымы биік ағамыз ретінде жоғары бағалауының сыры неде? Өйткені, өз ғұмырында ақты ақ, қараны қара деп өткен турашыл тұлға кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты ақтаңдақтардан да бойын аулақ салмай, осы тақырыпқа белсене атсалысуды өз парызым деп білген екен.
Жалғыз туған жері Ақмола емес, Қазақстанның төрт бұрышы дерлік арайлы Астана, Сыр бойы, Қарағанды, Қостанай, Кереку… Сөз кезегі тиіп, ортаға шыққан әдебиетші, оқымысты қауым әуелі өздерінің аға аруағын сыйлап, қай өңірден ат басын тірегендерін айтып алады да, көңілдеріндегі мөлдіреп тұрған қимас сезімдеріне қарай ойысады. Басы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтқожина апамыз болып, белгілі ақындар Әділғазы Қайырбеков, Нағашыбай Мұқатов өрнектеген өрелі жырлар да  бірінен-бірі өтіп,  мына өмірде орны ойсырап қалған асқар тұлғаны  іздете, сағындырта түседі.
Өзімізге тапсырылған шаруаны екі етпей, танымал тұлға алдындағы інілік бір парызымызды  ойдағыдай өтеп, елге қайтуға пойызға асыққанымызда, белгілі журналист Шарафиддин Әмір екеуі вокзал басына жеткізіп салған Қорғанбек ағамыз өзі қызмет істейтін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Күләш жеңгейдің Тұрсынбек аға туралы жақсы мақаласы шыққанын айтқан еді. Осы күндері ол кісі жөнінде басқа да  мерзімдік басылымдарда толассыз жарық көріп жатқан тартымды дүниелермен бірге, елге келе сала, бұл мақаланы да тұшына оқып шықтық. Айтса айтқандай, тәтеміз жан жүрегімен жазған терең дүние екен. Тақырыбының өзі қандай! «Алыстаған алып тау». Шынында да,  Тұрсынбек Кәкішевтей тау тұлғаның алты Алаш үшін қашанда көзден кетсе де, көңілден кетпейтін ерекше жаратылыс иесі екені даусыз ғой!     

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Көкшетау – Алматы – Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар