Беймәлім ұйқы дертіне душар болған Калачи селосы мен Красногорск кентінің бір топ тұрғындары көптен күткен қуанышқа кенеліп, жаңа қонысқа көшірілді. 24 отбасына Есіл қаласындағы жаңадан салынған үйден пәтер берілді.
Сөз арасында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Калачи мен Красногорск елді мекендеріндегі тұрғындарды көшіру үшін қомақты қаражат бөлініп, бір жылдың ішінде төрт қабатты үй салынғандығын айта кету керек.
Есіл қаласындағы қоныс тойында аудан әкімі Аманбек Қалжанов пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті. Жайлы да жылы пәтерлерге ие болған көшіп келушілерге жергілікті жұрт көш көлікті болсын деп ізгі тілектерін білдірді.
– Калачи мен Красногорск кентінің 24 отбасы жаңа пәтерлерге ие болып отыр. Пәтерлерінің іші жылы, бөлмелері жарық та кең. Ауыз су, орталықтандырылған жылу жүйесі тартылған, – дейді аудан әкімі Аманбек Қалжанов.
Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі Наиля Рязапованың қуанышында шек жоқ. Оның отбасына екі бөлмелі пәтер беріліп отыр.
– Бұған дейін бізге бірқатар кәсіпкерлер тарапынан жер үй ұсынылған болатын. Бірақ, біз ол ұсыныстардан бас тарттық. Өйткені, зейнеткер анамның пеш жағып, су тасуға шамасы жетпейді. Өзім болсам күні бойы жұмыстамын, ал қызым студент. Біздің отбасымыз үшін қолайлысы жылумен, сумен қамтамасыз етілген екен. Көңілден шығатын баспана бөлген басшыларға ақ алғысымызды айтамыз, – дейді Наиля Рязапова. Зейнеткер Анна Андреева бір бөлмелі пәтерге ие болды.
– Пәтер жып-жылы. Бірінші қабатта болғаны тіпті, қолайлы. Қиын кезеңде Калачи селосы мен Красногорск кентінің тұрғындарын жаңа үйге көшіруді ұйымдастырғандарға мың алғыс, – дейді ол.
Жаңа үйдегі пәтерлер заманауи жоба бойынша салынған. Бөлмелері үлкен, жуынатын бөлме мен дәретханасы бөлек орналасқан. Үйдің ауласы асфальтталып, жарық тартылған. Сыртқы есіктері темірден жасалып, домофон орнатылған. Келешекте осы маңда стадион мен балалардың ойын алаңы салынып, жасыл желектер отырғызылмақшы. Дүкен де, мектеп пен екі бала бақша да алыс емес.
Сөз соңында қос елді мекендегі тұрғындарды көшіру жоспарының бірінші кезеңінде 84 отбасының, яки, 218 адамның облыстың басқа өңірлеріне көшірілгендігін айта кеткен жөн. Ерікті көш әлі де жалғаса бермек.
Қаракөз БЕКЖАНОВА.
Есіл ауданы.