Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жоқ іздеген жолаушы - АРҚА АЖАРЫ

Жоқ іздеген жолаушы

 Адам да бір жолаушы жоқ іздеген. Егер іздегені ел мұраты, жұртының жайы болса, өткенін екшеп, тарихын түгендесе, болашағын болжаса, бүгінгісін сараптаса, тіпті жақсы. Қазыналы Көкшенің сарқылмас бір байлығы – абыз пішінді ақсақалдары. Ел мұратын өзінің өмірлік ұстанымы етіп алған ағаларымыздың бірі Мейрамбек аға Қиықов.

  Мейрамбек аға 1940 жылдың 7 қарашасында Еңбекшілдер ауданына қарасты Казгородок селосында дүниеге келіпті. Ол уақытта жұрт Қазан төңкерісі күнін мейрам ретінде атап өтетін. Жарық дүние есігін ашқан ұлдарына ата-анасы азан шақыртып, Мейрамбек деп ат қойған. Мерекеге орайластырған болар, әлде бүкіл ғұмыры рәуішті, мерекелі болсын деген ізгі ниет пе екен. Әлдебір себептермен туу туралы куәлікке 12 қараша болып жазылған.
Кейіпкеріміздің балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол уақыттағы барлық балалар тәрізді оқ атылмаса да, бомба жарылмаса да, зұлмат соғыстың аязы тоңдырған шалғайдағы елде жарты құрсақ болып күн кешті. Балалық шақ дегеніңізді қой баққан, қозы қуалаған боз даладағы ақселеудің түбінде жоғалтып алған. Әрине, соғыстан кейінгі ауыр жылдары шүберек сөмкесін арқалап, мектепте оқыды. Соғыс аяқталғанымен, зардабы аз емес еді. Өгіз де айдады, жер де жыртты. Тың және тыңайған жерлерді игеру үшін колхоздың қара жұмысының зіл батпан салмағына әлі қата қоймаған балғын иығын тосты.
Осы жылдары ел ішінде агроном, инженер, зоотехник тәрізді мамандықтар қат болатын, әрі қадірлі де еді. Мамандық таңдау мәселесіне келгенде көптеген жастардың көкірегінде агроном болсам екен, инженер болсам екен дейтін арман алаулап тұратын. Ағасы Қайыржан Қатаркөл ауыл шаруашылығы техникумында оқығандықтан ба екен, Мейрамбек ағаның көңілі осы оқу орнына құлады. Аталмыш оқуды тәмамдағаннан кейін ұжымшарда төрт ай зоотехник болып жұмыс істеді. Одан соң әскер қатарына аттанды. Ол кезде әскери қызмет үш жыл еді. Отан алдындағы борышын өтей жүріп, жоғары оқу орнына түсуге дайындалды. Талабы тасқа соғылған жоқ. Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтқа оқуға түсті. Тумысынан өз-өзін қамшылап, өзіне-өзі қатаң талап қоя білетін, әрі қабілет-қарымы қаптал жетіп жатқан Мәкең үшінші курстан кейін оқуды жақсы оқып, қоғамдық жұмысқа білек сыбана араласқаны үшін лениндік стипендияның иегері атанды. Әрі факультеттің комсомол ұйымының хатшысы болды. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Мәскеудің түбіндегі Бүкілодақтық мал физиологиясы жөніндегі ғылыми-зерттеу институты мен Алматының зооветеринарлық институтының аспирантураларында оқуды ұсынды. Бірақ, қала алмады. Қала алмағаны өзінің алтын бесігі – Көкше топырағы, Көкшедегі ел-жұрты есінен шықпай қойды. Қол бұлғап шақыратындай, ұлына үміт артатындай. Әйтеуір, осы бір сезім жетектеп, туған елге оралды. Әуелгі еңбек жолы бұрынғы Көкшетау облысының Арықбалық аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында басталған. Осы басқарманың аға зоотехнигі болып тағайындалды.
1965 жылы Алматы қаласының Кеңес аудандық комсомол конференциясына делегат болып сайланған еді. Сол жолы өмірлік жары Зере Еспайқызымен танысып, кейін отбасын құрды. Дүниеге Асқар мен Әскер есімді ұлдары келді. Біраз жыл бұрынғы Володар ауданына қарасты «Лавров» кеңшарында, кейін Еңбекшілдер ауданында, Шағалалы тәжірибе станциясында бас зоотехник болып жұмыс істеді. Тәп-тәуір тәжірибе жинақтап, еңбекте ысылған, ұйымдастыру ісінің қыр-сырын меңгерген Мейрамбек Қиықов Зеренді ауданына қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы кеңшарды табаны күректей он жыл бойы басқарды. Басшының еңбегін көрсету үшін осы арада бір салыстырмалы деректі келтіре кетелік. Мәкең басшылыққа келген 1977 жылы аталмыш кеңшар егістік алқаптарының әр гектарынан 9 центнерден өнім жинайтын. 1986 жылы бұл көрсеткіш 21 центнерге жетті. Оның ең басты себебі, Шортанды ғылыми-зерттеу институтының озық технологиясын бүкіл мамандарға үйретудің, іс жүзінде қолданудың арқасы еді.
Кеңшарда құрылыс жұмыстары өте қарқынды жүргізілді. 400 орындық мәдениет үйі салынды. Мәдениет үйінің жанында Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин  атындағы мұражай мен спорт алаңы жұмыс істеді. Осы мәдениет үйінде атақты Шамғон Қажығалиев бастаған Құрманғазы атындағы оркестр де арнайы сапармен келіп, өнер көрсеткен болатын. Бүгінгі күні осының бәрі біреу сеніп, біреу сенбейтін ертегі іспеттес. Сол жылдары кеңшарда асфальт зауыты, кірпіш пен шлакоблок шығаратын цех жұмыс істеп тұрды. Тіпті, мал фермасында малшылар дем алатын қызыл бұрыш пен буфеттің жұмысында да бір үзіліс болмайтын.
Зеренді ауданында маңдайдан терін сыпырып еңбек еткен жалынды жылдары зая кеткен жоқ. Алаштың ардақты азаматы Баян Жанғалов тәрізді ел десе ет жүрегі елжіреп тұратын ірілердің өнегесін көрді, үлгісін ұқты. Сондай-ақ, Көкшетау ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында Социалистік Еңбек Ері Шайдолла Қасеновпен және Мемлекеттік сыйлықтың иегері Петр Раумен, «Лавров» кеңшарында Социалистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісовпен бірге еңбек еткендігін ешқашан ұмытпайды. Осы абзал ағалардың дүниетанымы, ел мен жұртына жанашырлығы сабақ болды. Жары Зере Еспайқызы Пухальск селосында мектеп директоры болып қызмет етіп жүрген кезінде жаңа мектептің салынуына атсалысты. Мәлік Ғабдуллин мұражайының жұмысын одақтық деңгейге дейін көтеріп, Бүкілодақтық халық  шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты.
Мейрамбек ағаның өнегелі өмір жолы, ғұмыр соқпағының жарқын іздері Қарағанды облысында да сайрап жатыр. Осы облыста 14 жыл бойы жұмыс істеді. Сол уақытта 9500 адам жұмыс істейтін «Қарағанды резинотехника» зауыты болатын. Бұл зауыттың шығарған өнімдері республикада бірінші, ал, одақта төртінші орын алатын. Осы зауытта директордың орынбасары болды. Зауыт жұмысшыларын азық-түлікпен қамтамасыз етумен айналысты. Арада әлденеше жыл өткен соң Сарань қаласы әкімінің арнайы шақыртуы бойынша төрт жыл округ әкімі болып қызмет атқарды. Кейін Көкшетауға қоныс аударып, «Тыныс» акционерлік қоғамында кадр бөлімін басқарды. Үш жыл «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі болып, облыс пен қала тұрғындарының қордаланып қалған мәселелерін шешуге атсалысты.
Ел жайы есінен шықпайтын Мейрамбек аға Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойына орай, сазгер-жауынгер Рамазан Елебаевтың туғанына 100 жыл, Құдықағаш ауылының құрылғанына 80 жыл толуына арналған «Рамазан Елебаевтың елі» деп аталатын кітабын шығарды. Аталмыш жинақта аудан мен ауылдың белгілі адамдары жайында сөз болады. Тіпті, көкірегіңді мақтаныш кернеп, кеңінен қамтып айтуға тұрарлықтай елді мекен. Осы ауылдан екі бірдей Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, екі ғылым докторы, бес ғылым кандидаты, бірнеше кеңшар директорлары шыққан екен. Олардың өмір жолы, істеген істері кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында ел ақсақалы Мәлтай Жүнісовпен бірлесе ескерткішті жаңартып, үлкен іс-шара өткізді. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдан ұшып шығып, әрқайсысы әр қиырда еңбек етіп жүрген осы ауылдың перзенттері түгелге жуық жиналды.  
Мейрамбек Қиықов Алаштың айтулы азаматы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевтың белсенді насихатшысы. Жалғыз насихатшысы ғана емес, зерделей зерттеген зерттеушісі. 2006 жылы ұлы ғалымды өнеге тұтқан, солай болмаққа ұмтылған 19 мектеп түлегі Семейдегі кен барлау колледжіне оқуға түсті. Бұл да Мейрамбек ағаның тынымсыз еңбегінің нәтижесі. 2011 жылдан бері «Алтын сақа» ұлттық ойынын жандандыруда Көкшетау қаласы бойынша бес рет, облыс бойынша үш рет сайыс өткізілді. Бұл арада ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрін тірілтсем деген мақсат жатыр. Асық ойынын ғана емес, сайын далада күн кешкен Алаштың сан ғасыр бойы арқау жібі үзілмей келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін тірілту мақсаты жатыр.
Көкше жұртшылығының көзі үйренген бір сурет бар. Ұлтқа қатысты, болашаққа байланысты кез-келген үлкенді-кішілі жиынның нақ ортасында ел мұратын көксеген, жұрт бірлігін армандаған тынымсыз бір жан жүреді. Ол – Мейрамбек Қиықов. Пенде ғұмыр – соқтықпалы соқпақ. Адам – жолаушы. Іздеген жоғы елінің есте жоқ кезеңдегі інжу-маржан іспетті салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Соны іздейді. Табатынына өзі де, елі де бек сенімді…      

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар