Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақсораңнан ұшқан қыран - АРҚА АЖАРЫ

Ақсораңнан ұшқан қыран

Ата жұрт – бұрынғы Көкшетау облысының Арықбалық ауданына қарасты Әлжан ауылы. Қойнауы құт, кең пішілген бауыры сан түрлі жидекке толы Ақсораң тауының етегінде мөлт-мөлт етіп толықсып, балығы тайдай тулаған Ақкөл жатыр.

Ауылдың тап іргесінен басталып, таудың сонау ұшар басына дейін ине шаншатын орын қалдырмай, иін тіресе біткен қайың-қарағайлы, тал-теректі, ит тұмсығы өтпес ну орман. Көнекөз қариялар ілкі заманда күпінің жүніндей тұтаса біткен қалың орманды кестірмек түгіл, қамшыға сап алдырмай, көздерінің қарашығындай күзетеді екен. Өйткені, осы орманды дала төңіректі жайлаған жалпақ жұрттың құты, сабасы сарқылмайтын берекесі. Құтты бір сайын Сарыарқаның көрікті де көркем пұшпағына қадалған бір шөкім жақұт маржан іспеттес жер жәннаты талай азаматтардың ақ бесігі болды. Барша ғұмыры кейінгі толқын үшін өшпес өнеге, жақсы мысал боларлық Асылбек аға Дәулетов осы бір көркем өңірде 1925 жылдың 10 қарашасы күні қарапайым колхозшының шаңырағында дүниеге келген.
Балалық шағы еңбекпен басталды. Ол кездегі ауылдағы шаруа қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген жас бала түгіл, аптал азаматтардың өзін қажытып жіберетіндей ауыр болатын. Әйтсе де, боркеміктей үгіліп, езілу де немесе шарболаттай шыңдалу да адамның жаратылысынан. Асылбек аға қиындықпен жағаласуды бала кезінен үйренген. Бағзы бір заманда Ақсораңның бұлтсыз, ашық күндері де бұлыңғыр тартып тұратын әне бір шоқысын қырандар мекендейді екен. Қыран балапанын темірқанаттанып, топшысы бекіген кезде жарлауыт шыңнан төменге итеріп жібереді. Әлі ұшып көрмеген, бірақ, ұшуға талпынған тастүлек балапан жартасқа соғылып, ажал құшпас үшін көк жүзінде ұшуды амалсыздан үйренбек. Сәл қатыгездеу көрінгенімен, қырандардың мектебі, тәлімі осындай. Сол кездегі адам өмірі де осыған ұқсас болатын. Бәлкім, Асекеңе қыранның қасиеті, мінезі туған жердің табиғатынан жұққан-ау.       
Орта мектепті толық аяқтай алмады. Ұлы Отан соғысы басталған. Әкесі де, үлкен ағалары да қолдарына қару ұстап, Отан қорғауға аттанды. Ал, бұл болса, он бес жасынан бастап ұжымшардың жұмысына жегілді. Өкінішке орай, майданға аттанған үлкендердің ешқайсысы қайтып оралған жоқ. Ұжымшарда екі жыл жұмыс істегеннен кейін жалындаған жас жігіт Отан қорғауға әскер қатарына алынды. Әскери өмірдің қыр-сырын Фрунзе қаласындағы жаяу әскерлер училищесінде үйренді. Училищені бітіргеннен кейін денсаулығы және әскери іске деген икемділігі, талабы мен тәртібі ескерілген болуы керек, жоғары бас қолбасшының резервінде Мәскеу әскери округінде жасақталып жатқан жаңа пішіндегі құрам – десантшылар құрылымына жіберілді. Бұл бір жаңа жосықты, өзгеше әрекет ететін құрылым болатын. Десантшылардың он үшінші бригадасы Карель майданында қиян-кескі шайқасқа түсті. Осы бір оқиға арада қаншама жыл өтсе де, Асылбек ағаның жадынан өшетін емес. Тек бір операциядағы ерлік істері үшін батальонның 12 десантшысына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Біздің кейіпкеріміздің де омырауына бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені қадалды. Әйтсе де, қиян-кескі соғыс азабы мұнымен аяқтала қойған жоқ. Бригада құрамындағы десантшылар жау тылына 350 шақырым ендей кіріп, басқыншылардың бекінісіне шабуыл жасады. Дәл осы арада алпыс десантшының тек бесеуі ғана тірі қалды. Жауған оқтан жалтарып көрмеген жас жігіт жоғары бас қолбасшының, Кеңес Одағының Маршалы И.Сталиннің алғысына ие болды. Соңғы қиян-кескі шайқастағы көзсіз батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Жас жауынгер Асылбек Дәулетов ұзын-ырғасы 18 мәрте жауынгерлік наградаларға ие болған екен. Бейбіт күндері де құрметті десантшы назардан тыс қалған жоқ.  Әскери әуе күштері құрамының құрметті десантшысына ресейлік генерал-полковник В.Шаманов әскери әуе күштерінің тарихын сипаттайтын естелік кітапты табыс етті. Ол жинаққа өзі қол қойған. Отанға сіңірген ерлік істері ескеріліп, Ресей Президенті В.Путин қатысқан Қызыл алаңдағы парадқа шақырту алды. Қазір Асылбек ағаның сан жылдар бойы жинақтаған құжаттарының арасында баяғы бір қатарда соғысқан десантшылардың жазған хаттары көздің қарашығындай сақталуда. Ең қымбат дүниелерінің бірі де осы жазбалар. Оқыған сайын жүрегі елжіреп, көңілі толқиды. Өткен күндер елес береді. Сұм соғыстың сұрапыл оқиғалары кәдімгі кинолентасы тәрізді бірінен соң бірі тізбектеліп жанарының алдында қылаңдайды. Ап-анық, айқын.    
Соғыстан соңғы жылдары да Асылбек Дәулетов туған еліне бір кісідей еңбек сіңірді. Жас коммунист Көкшетау аудандық партия комитетінің есебіне тұрды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы өмірбаяны мен мінездемесін оқып көргеннен кейін бірден аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырды. Ол уақытта бұл тәп-тәуір қызмет болатын. От-жалында шыңдалып келген жас жауынгер енді еңбек майданына бел буып араласты. Қызметі құрметті болғанымен, бейнеті шаш-етектен. Адамдармен жұмыс істей білуі керек. Жұртшылықты жасампаз істерге бастап, іргелі шаруалардың ұйытқысына айналуы керек. Оған қажет қасиеттің бәрі бойында бар еді. Өзіне де, өзгеге де талапшыл партия қызметкері ұжыммен де, еңбекші қауыммен де тіл табыса білді. Білімін де толықтырды. Алматы қаласындағы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жанындағы төрт жылдық партия мектебінде оқуға ұсыныс білдірілгенде, бірден келіскен болатын. 1961 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп шықты. Қызмет бабы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты болғаннан кейін Талғардағы ауыл шаруашылығы техникумында сырттай оқып, агроном мамандығын алды. Оқу орнын аяқтағаннан кейін Көкшетау облыстық партия комитеті бюросының шешімімен Асылбек Дәулетовты Арықбалық аудандық партия комитетінің екінші хатшысы етіп тағайындады. Екінші хатшы аудандағы өндірістік салаға,  құрылысқа, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына және транспортқа жауапты болатын. Дәл сол кезеңде ауыл шаруашылығының еңсесі адам сенгісіз қарқынмен өсіп келе жатқан тұс болатын. Ауыл шаруашылығында ғана емес, аудандағы елді мекен тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты бар шаруа жоғары қарқынмен дамыды. Әйтсе де, Асылбек Жазыұлы 1963 жылы ауданның аумақтық құрылымы өзгеріске ұшырағаннан кейін Володар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Осы ауданда табаны күректей алты жыл жұмыс істеді. Ауданның өндірістік саласына жауапты болды. Міне, осы кезеңде аудан шаруашылықтары еңбек өнімділігін жоспардан асыра орындап, облыста аты шығып тұрған болатын. Сондықтан да, оған назар жіті аударылды. Әр жыл сайын үш миллион рубльдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сол кезде бұл өте қомақты қаржы болатын. Мал шаруашылығының нысандары, сүт блоктары, механикаландырылған қырмандар мен астық сақтайтын қоймалар салынды. Аудан орталығында нан зауыты мен май зауыты салынды. Әлеуметтік саланың дамуына айрықша көңіл бөлінді. Ауданда 62 елді мекен бар болатын. Соның әрқайсысының заман талабына сай ажарын енгізу, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу оңай-оспақ шаруа емес еді. Әйтсе де, бар қажыр-қайратын аямай жұмсап, ел игілігі үшін еңбек ете білді. Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Жауынгерлік орден-медальдары тұңғыш рет «Құрмет Белгісі» орденімен толықты. Жас басшының іскерлігін бағалай білген облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті тағы да бір мәрте қиынға салып көрмек болды. Жүк ауырын нар пішіндес перзенттер ғана арқаламай ма? Сөйтіп, Халық депутаттары Ленинград аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне бекітіліп, осы ауданда осы лауазымда еңбекке толы 11 жыл ғұмыры өтті.
Ленинград ауданына келген тұста облысты Алаштың ақиық азаматы Еркін Әуелбеков басқаратын. Сөз жоқ, Еркін Нұржанұлы кадр таңдай білген ғой. Өз заманының ерен тұлғасы сенім артқаннан кейін өзгеше қуаттанып, еңбек еткені де рас. Ленинград ауданында 196,4 мың гектар тың жер жыртылды. «Ленинград», «Куйбышев», «Кузбасс», «Менжинский» тәрізді кеңшарлардың қазығы қағылып, жаңа шаруашылықтар ұйымдастырылды. Ендігі арада астық өнімі де молая түсті. Гектар берекесі кей жылдары 15 центнерге жетіп жүрді. Аудандағы елді мекендерде ауруханалар, мәдениет үйлері, клубтар, асханалар, тұрмыс үйі, монша, байланыс бөлімшесі, сауда орталығы, спорт кешендері көптеп салына бастады. Аудандық атқару комитетінің алдында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету және жол салу мәселелері тұр еді. Жаңадан бой көтерген елді мекендерді бір-бірімен жалғайтын қатты жамылғы жабылған асфальт жолдар салына бастады. Асылбек Жазыұлы ірі әрі шалғай ауданға басшылық жасай жүріп, облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің сеніміне ие болды. Ең бастысы, ел алғысына бөленді. Үлкен ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі танылды. Бүгінгі күні ардагердің кеудесінде екі «Еңбек Қызыл Ту», төрт «Құрмет Белгісі» ордендері мен бірнеше медальдары жарқырап тұрса, ол сол еңбегінің дәлелі іспетті. Оған қоса, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталары, басқа да марапаттаулары аз емес.
Асылбек аға еңбек демалысына шыққан соң да қарап отырған жоқ. Ұзақ жыл Көкшетау қаласындағы бау-бақша қоғамын басқарды. Қазір де қоғамдық жұмыстан, елдік мәселеден сырт қалған емес. Қашан болсын, өзінің нық сөзін, пайымды көзқарасын ұлттық мүддеге сай білдіруі де абзал абыздықтың белгісі. Тоқсанның төріндегі ел ағасына әркез туған халқы да тілектес. Ғұмыр бойы Асылбек Жазыұлы туған елінің тілегін тілесе, енді туған Көкшесіне көрік берген ақсақалдың тілегін елі тілейді.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар