Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылды жерінен айырған әлімжеттік қашан жөнге келеді?!. - АРҚА АЖАРЫ

Ауылды жерінен айырған әлімжеттік қашан жөнге келеді?!.

«Богви» кәсіпорнының басшылары қыруар қаржыны қалтаға басып, ойран салғанын бертін естідік. Қарапайым ауылдың тынышын алып, солардың есебінен мұрттары майланғаны қайбір жақсылық дейсіз.

Жапа шегушілер Амангелді Қазыбаев, Амангелді Ахметжанов, Қасен Әміржанов және Мәлік Әбішев  деген үлескерлерді облыстық соттан шығып келе жатқанда жолықтырдық. «Богвидің» арбауына түсіп,  алданып қалғандар болып шықты. Жалғыз бұларды ғана емес,  осы Зеренді ауданының Шағалалы, Жамантұз, Желтау ауылдарының 367 тұрғынын сан соқтырып кеткенге ұқсайды. Біз осы шулы жайдың анық-қанығын білмек болып, зерттеу жүргізіп көрген едік.
«Атың шықпаса жер өрте» демекші,  елді шулатқан «Богви Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде барлығы 603 жеке тұлға қатысушы болып табылады екен. Оның жаңағы 367-сі Зеренді ауданындағы елді мекендердің  тұрғындары. Соңғыларының шартты жер үлестері 6851,1 гектарды құрайды.
Бірақ, осынша жер телімін иеленген «Богви Агро» серіктестігі  өзінің жарғылық капиталында ауыл тұрғындарының жер үлестерін бар-жоғы 55 мың 650 теңгеге ғана бағалаған болып шықты. Сөйтіп, аталған кәсіпорынның жарғылық капиталындағы бұл үлес 9,2 пайызбен бағаланса, ал, серіктестік басшысы В.Богданецтің  үлесі 90,7 пайыз етіп көрсетіледі. Сонымен бірге, В.Богданец өзінің жер пайын серіктестік жарғысына мүлде енгізбеген. Осылайша аталған серіктестіктегі барлық жер телімі пай иелері мен жеке тұлғаларға тиесілі екенін аңғарамыз.
Ауыл тұрғындарын жабырқатқан жағдай бұл да емес.  Қанша жылдан бері өз пайларына жылына бір қап ұн алатын жер иелері  «Богви Агроның» басты құрылтайшысына өкпелі екендіктерін жасыра алмады. Бір жағынан ауылдың бар жерін жамбасына басып алса да, жұмысшыларға жарытып жалақы төлемей, елдің әлеуметтік жағдайына көз қиығын салмағаны өкінішті-ақ. Тіпті, қыстың қытымыр аязды, боранды күндерінде жолды тазалаудың өзін ұмытқан.
Міне, «Дайрабайдың көк сиырының дауы» да осы тұста қылаң берді. Жер үлесі иелері  бір күнде өздерін мұндай серіктестіктен ат-тондарын ала қашуды ойлады. Осылай аталған серіктестік құрамынан шығуға арыз берді.
Сөйтсе, аталған ауыл тұрғындарының жер үлестері толығымен олардың келісімінсіз банкке кепілдікке қойылған болып шықты. Еліміздің қолданыстағы заңына сәйкес мұндай жер кепілдігі туралы мәселе қатысушылардың жалпы жиналысында шешілуі тиіс екен. Ал, ауыл тұрғындары ондай жиналыстың өткенінен хабарсыз. Мұндай басқосудың болмағанын айтады.
Керісінше,  серіктестіктің  2008 жылғы 25 шілдедегі жиналысы хаттамасымен пайшылар атынан  С.И.Желавская дегенге сенімхат беріліп,  банкке жер телімдерін қою кезінде сол үлескерлердің мүдделерін ұсынғаны анықталды. Бір атап өтерлігі, кейін бұл мәселе сотта қаралғанда С.И.Желавскаяның сенімхатты қандай нотариустан алғаны дәйек таппады. Бұл соттың сұрауы бойынша Бурабай ауданының мемлекеттік мұрағаты берген жауапта да басы ашылып айтылады.
Серіктестіктің жалпы жиналысы  қатысушыларды он бес күн бұрын баспасөз арқылы хабардар еткеннен кейін ғана өткізілуі тиіс. Шынында, серіктестік ондай хабарландыруды «Акмолинская правда» газетінің 2008 жылғы 10 шілдедегі №86 санында жариялаған. Бірақ, арызданушы тарап  жалпы жиналыстың  өткізілу уақыты да өрескел бұзылғанын айтып отыр. Қарапайым адамдардың құқығын аяққа таптаған жалпы жиналыс хабарландыру шыққаннан кейін он төртінші күні өткізілгенін де назарға алуды сұрапты жер иелері.
Жалпы жиналыста жерді кепілдікке қою мәселесі қаралғанда қатысушылардың  бірауыздан шешімі шығарылуы керек. Жарайды, жиналыс пайшылардың қатысуынсыз өтсін-ақ делік, бірақ оның шешімімен жұртты хабардар етуге тиіс еді ғой. Бұл жайында олар арада бірнеше жыл өткесін ғана біліп отыр.
Ауылдың жер пайын иеленуші тұрғындары тапа тал түсте ай қарап қалғандарын білгесін, 2013 жылдың 24 шілдесінде бірден жергілікті қаржы полициясына жүгінеді. Өздерінің жер үлестерін «Богви Агро» серіктестігі банкке заңсыз кепілге қойғанын айтып, араша сұрайды. Құқық қорғау органы  арызды қарай келіп, азаматтық-құқықтық дау-дамай бар екендігін желеу етіп, «Богвидің» басшыларына қылмыстық іс қозғаудан бас тартады.
Ал, облыс прокурорының орынбасары Марат Мағжанов  қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы аталған материалды қарай келіп,  қаржы полициясының  қаулысын өзгертуге және қылмыстық іс қозғауға шешім шығарады. Бұл шешімде «Богви Агро» серіктестігінің лауазымды тұлғалары тарапынан алаяқтық факті орын алып отырғаны да жоққа шығарылмайды.
Ақыры, жапа шеккен үлескерлер сотқа арыз түсірді. Осылай көп жылдан бері  «баяғы жартас, бір жартас» болып келген ауыл тұрғындарының мұң-зары назарға алынды. Ал, енді осы арызды қараған Ақмола облыстық  мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2014 жылдың 30 қаңтарында шығарған шешіміне үңіліп көрейікші.
Сот процесінде жауапкер серіктестік өкілдері  бас көрсетпесе де, сот серіктестіктің 2008 жылғы 25 шілдедегі жалпы жиналысының заң талабымен өткендігі жөнінде қаулы шығарады.
Бір қызығы, арызданушылар осы жолы  серіктестіктің басты қожайыны В.Г.Богданецтің 2010 жылы  банкке кепілге қойылған жер телімдеріне несие желісі мерзімін ұзартып, зайымшының өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда қаржы мекемесі аталған жерді сот шешімінсіз сатуға рұқсат беретін келісім-шарт жасасу жөніндегі  жалпы жиналыс хаттамасының заңсыздығын да атап көрсеткен еді. Өкініштісі сол,  банктің «Богви» серіктестігінің ұсынысын қабыл алып, қосымша келісім-шарт жасағаны анықталды. Осы ретте, неге банк аталған серіктестікке бүйрегі бұрып, мүдделілік танытты екен? деген сауал көкейге келеді.
Оны айтасыз, В.Богданец  осы оқиғадан екі жыл өткенде, яғни, 2012 жылдың  2 қазанында  «Богви Агроның» банк алдындағы бар қарызын   «Ақжар-Нан» серіктестігіне беру жөнінде банкпен қосымша келісімге отырғаны да белгілі болды.
Міне, осы істі қараған облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот тек соңғы келісім-шарттарға негіз болған жалпы жиналыс шешімдерін ғана негізсіз деп тапты. Қалғанын, атап айтсақ, үлескерлер жерін кепілге қою жөніндегі жалпы жиналыс бойынша арызданушылар талабын қанағаттандыруды жөн көрмеді.
Арада төрт ай уақыт өткенде бұл іс  Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот алқасында қаралды. Бұл жолы алдыңғы соттың ұйғарымы егжей-тегжейлі зерделенді. Сөйтіп, үлескерлердің  атынан сенімхат негізінде әрекет еткен С.Желавскаяның қарекеті де айғақтармен расталмағаны  дәлел ретінде ұсынылды. Банк те С.Желавскаяның әлгіндей сенімхаты мен үлескерлердің жазбаша келісімінің бар-жоғын дәлелдей алмады.
Апелляциялық сот алқасы алғашқы сатыдағы сот шешімін өзгертіп, істің пайдасын үлескерлер жағына шешті. Бұл ауылдың қарапайым тұрғындары үшін әділдік салтанат құрған күн болды. Қанша жыл соттасып, ақыры жеңіске қол жеткізді. Нүкте осы арада қойылуы керек еді. Өйткені, өрмекшінің торындай әбден шиырланған бұл іс 2014 жылдың 4 желтоқсанында  облыстық соттың кассациялық сот алқасында қайта қаралып,  апелляциялық алқаның шешімін өзгеріссіз қалдыру жөнінде шешім шығарылды.
Енді сергелдеңге түскен үлескерлер жерлерін қайтарып алып, егінін егіп, шаруаның қам-қарекетіне кірісетін шығар деп ойлағамыз. Бұл жолы да қателесіппіз. Соттың шешімін «Богви» де, банк те орындағысы жоқ. Енді банк Жоғарғы Сотқа қуыну арызын жолдап, өздерінің құқықтары аяқ асты болғанын айтып, шағымданды.  
Сөйтіп, осы жылдың 15 шілдесінде Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі қадағалау сот алқасы даулы істің астарына үңіліп, тараптардың айғақты дәлелдерін тыңдады. Ақыры, Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексінің 387-бабының 3-бөліміне сәйкес қадағалау тәртібіне енген сот актілері материалдық, не процессуалдық құқық нормалары бұзылған жағдайда қайта қаралуға жатады деген тұжырымға келді.
Төменгі сот сатыларында кепілге қойылатын мүлік көлеміне қатысты  жағдай тексерілмеген делінеді. Сонымен бірге, серіктестіктің бухгалтерлік балансында  жерден басқа да  жылжитын мүлік түрлері бар екен. Үлескерлер атынан серіктестіктің жалпы жиналысына қатысқан С.Желавскаяның да сенімхат алуы туралы нотариус деректері зерттелмеген. Бұл іс жағдайын бір жақты бағалауға әкеледі. Сондықтан,  жаңадан қарауға шешім шығарылғаны айтылады.
Ауылдардың үлескер тұрғындары елді мекендерінің құты қашып тұрғанына «Богви Агро» серіктестігі мен «Қазақстан Халық Банкі» мекемесі кінәлі дегеннен танар емес. Шынында, бұл елді мекендерде соңғы жылдары түтін саны алпыс-жетпіс пайызға азайып кеткен. Ауыл тұрғындары богвиліктер сияқты сырттан келген бәзбіреулер елдің тынышын алып, жерін тонап, құқықтарынан айырғанына  наразы екендіктерін ашына айтады. Қарапайым адамдардың жер телімдерін алдымен ұзақ уақытқа жалға алып, сосын оны банкке кепілге қойып, қыруар несие алып жайына кететіндердің бұл әрекетіне кім тосқауыл қояр  екен?!
Жамантұз ауылының тұрғындары Амангелді Қазыбаев, Қасен Әміржанов, Мәлік Әбішев және Амангелді Ахметжанов  жуырда облыстық сотта бұл істің қайта қаралғанын айтты. Жоғарғы Сотқа дейінгі барлық сатыларда ауыл үлескерлерінің мүддесін қорғаған сот енді шешімін қайтадан өзгертті. Шағым иелері бұл жолы богвиліктер қайтыс болған үлескерлердің атынан сенімхат әкеліпті деп сотқа жүгініп, анық-қанығын анықтауды сұрайды. Мысалы, Шағалалы ауылының тұрғыны Аслан Махамбетов  соңғы сот процесінде өзінің марқұм әкесіне де сенімхат толтырылғанын естіп, төбе шашы тік тұрғанын айтады.  Ал, соттағылар мұндай сенімхатты берген нотариус шетелде жүр-міс деген жауаппен жылы жауып қоятын сияқты.
Бірақ, облыстық және аудандық әкімдіктер істің әділ шешімін тапқанын қалайды.  Өйткені, қазір елімізде мұндай игерусіз жатқан жерлерді қайта айналымға қосып, тиімді пайдалану жөнінде тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Соттың алғашқы сатылары шығарған шешімдерден кейін аудандық әкімдік аталған жер телімдерін иелеріне пайда әкелу үшін оларды жаңадан құрылған серіктестіктерге беруге ұйғарым жасапты. Бір жағынан «Богви» серіктестігі де банкротқа кетті деп естиміз. Енді жағдай әрі қарай не болады?  
Жерінен айырылып, заң орындарының табалдырығын тоздырумен жүрген үлескерлер енді кімге барып араша сұрар екен?! Осы жағы беймәлім болып тұр…

 

Бақыт СМАҒҰЛ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар